12 Тамыз, 2018

Мажарстанда «Тұран» халықтар құрылтайы өтіп жатыр

439 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мажарстанның Бугац қаласында 10-шы халықаралық «Тұран» халықтар құрылтайы басталды.

Мажарстанда «Тұран» халықтар құрылтайы өтіп жатыр

Құрылтайға 30-дан астам халықтардың делегациясы қатысып жатыр. Шараның ашылу салтанатында ежелгі «Тұран» әскери шеруі өтті. Мажарстан парламентінің спикері Ласло Кевер құрылтай қатысушыларын ауқымды шараның ашылуымен құттықтады.  Құрылтайда жебе тарту жарысы, ұлттық музыка концерті, шаман әндерінің кеші, ғылыми конференциялар өтіп жатыр.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара үшін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мінберге шығып, ұйымдастырушылар алқасына алғыс білдірді.  Ол құрылтайға Қазақстан мен Мажарстан арасындағы жыл өткен сайын нығайып келе жатқан тарихи, мәдени және экономикалық байланыстарды ескере отырып, Қазақстан Президентінің тапсырмасымен келгенін айтты.

Бердібек Сапарбаев Қазақстанда Түркістан облысының құрылғаны - тарихи туризм базасын құруға кең мүмкіндіктер есігін ашатынын айтты. Сондай-ақ, әкім Қазақстанда ғұндардың тарихын, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының ашылуы туралы айтып, келесі құрылтайды Қазақстанда өткізуді ұсынды. Сондай-ақ Ақтөбе облысы «Мадияр Тұран» қорына қазақы киіз үйді сыйға тартты.

Құрылтай аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелге Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Айболат Көшкімбаев қатысты. Дөңгелек үстелде Түркі академиясының презентациясы өтіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылып жатқан «Қасиетті Қазақстан» орталығы таныстырылды.

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мажар сарапшылары мен ғалымдарына Шивээт Ұлаан алғашқы түркі ғұрыптық кешені орнында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесін ұсынды. Берік Әбдіғалиұлы «Қасиетті Қазақстан» кітабын таныстырып, Астана маңындағы көне Бозок қаласы, оның ғұндармен байланысы туралы айтты.

«Тұран» халықтар құрылтайының негізін қалаушы әрі идеялық дем беруші Андраш Биро Халықаралық түркі академиясының алтын медалімен наградталды. Халықаралық түркі академиясы мен «Мадияр Тұран» қорының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Отыздан астам ел делегациясының басын қосқан құрылтай екі күнге жалғасады. Онда ұлан-ғайыр жерді алып жатқан тарихи Тұран өлкесін мекендеген халықтардың аса бай мәдени-тарихи мұралары көрсетіледі.