Қазақстан • 12 Тамыз, 2018

Каспий тұрақтылық пен қауіпсіздіктің теңізі - Әзербайжан президенті

377 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Каспий саммитінде қол қойылған Конвенцияның мүмкіндігіне баға берді.

Каспий тұрақтылық пен қауіпсіздіктің теңізі - Әзербайжан президенті

«Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою - тарихи маңыздылыққа ие. Бұл құжатты дайындаудың барлық кезеңінде Әзербайжан тарапы конструктивті түрде жұмыс істеп, өзге де Каспий маңы елдері секілді өзіміздің үлесімізді қостық. Сондықтан бүгін аталған маңызды құжатқа қол қою үшін қолайлы жағдай жасалғанына әріптестеріме алғысымды айтамын. Негізі, осы конвенцияға дейін де Каспий тұрақтылық пен қауіпсіздіктің теңізі болды. Атап айтқанда, Каспийдегі қауіпсіздікке біздің қарым-қатынастарымыз кепілдік берді, яғни екіжақты әрі көпжақты байланыстарды баршамыз достық  негізде жүргіздік»,  деді Әзірбайжан Президенті.

Оның айтуынша, Каспий маңы елдері арасында ынтымақтастықтың, өзара сенімнің жоғары деңгейі қалыптасқан. Сондықтан бұл қатынастар ары қарай да қауіпсіздік пен тұрақтылықтың басты кепілдігі болады.

«Енді Каспийдегі қауіпсіздік біз қол қойған Конвенциямен айқындалады. Әрине, бұл өз кезегінде өзара тығыз іс-қимылдарға тиімді перспективаларды ашады. Сонымен қатар, экономикалық әрі көліктік мәселелерді шешуге тың серпін беріледі», деді И. Әлиев.

Оның атап өтуінше, Әзербайжан Үкіметі Каспий теңізінің ластануына тосқауыл қою шараларын іске асыруда.

«Әсіресе, мұнай-газ операцияларын іске асыру кезінде экология талаптарына мән беріп келеміз. Тәуелсіздік кезеңінде біздің ел тарапынан жүргізілген жер қойнауын пайдалану шаралары халықаралық стандарттарға сәйкес атқарылып келеді»,  деді Әзербайжан басшысы.