Қазақстан • 13 Тамыз, 2018

Саяси тұрақтылық пен орнықты дамуға серпін береді - сарапшылар пікірі

928 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Халықаралық қоғамдастықтың назарын өзіне аударған, жоғары деңгейде ұйымдастырылған Каспий маңы елдерінің V саммитінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылысымен, сарапшылар қатысушы елдердің құқықтары мен міндеттемелері тұрғысындағы пікірлері мен көзқарастарын білдіруде.

Саяси тұрақтылық пен орнықты дамуға серпін береді - сарапшылар пікірі

Каспий маңы мемлекеттерінің бір-біріне деген шынайы сенімі, құрметі анық көрінген Ақтау саммиті, онда қабылданған Конвенция жөніндегі ақпараттар мазмұны, сарапшылардың пікірлері аталған жиынның өңірдегі саяси тұрақтылық пен орнықты дамуға жаңаша серпін беретінін растай түсуде. Осы орайда отандық сарапшылар да V саммиттің сәтті өткенін, қол қойылған Конвенцияда қамтылған мәселелердің өзекті екенін айтуда. Сондықтан бүгін біз елімізге танымал бірқатар мамандардың көзқарастарын, пікірлерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Әріптестік өрісі кеңейеді

Ақтау саммитінде Қазақ­стан, Әзербайжан, Иран, Түрік­менстан және Ресейге ортақ тарихи құжаттың қабылдану сәтіне куә болдық. Құ­жат­тың қабылдануына 20 жыл­дан астам уақыт жұмсалып, бү­гін ол қоғам арасында бейресми «Каспий теңізінің конституциясы» деп аталып та үлгерді. Конвенцияда Каспий теңізін­дегі экологияның, көлік пен таби­ғат­­ты пайдаланудың, шектеу қою мен қауіпсіздік си­пат­тарының барлық аспек­тілері қамтылды.

Қазақстанның жан-жақ­ты ынтымақтастықты дамыту үшін оның сенімді құқықтық негізін жасақтау қажеттілігін уақытында түсінуі үлкен нәти­же берді. Бүгінгі таңда Қазақ­стан Каспий теңізіне қатыс­­ты 18 келісімшарттың қатысу­шысы екенін айта кеткен абзал. Оның 9-ы бесжақты тарап негізінде қол қойылған құжаттар болып табылады.

«Каспий бестігінің» туындаған мәселелерді шешу жолдарын ұдайы іздестіріп, ортақ бітімге келуге ұмтылуын бұған дейінгі өткен келіссөздер барысында орын алған объективті қиындықтарды еңсеруі мен дипломаттардың қажырлы еңбегінен байқауға болады. Нәтижесінде негізгі мәселелер бойынша бес ел консенсусқа қол жеткізді. Әсіресе жағалау елдері тәуелсіз жаға шегі мен жеке-дара құқықтарға бай­ланысты, теңізде жүзу режім­­дері, әлемдік мұхит­қа Кас­пий теңізінен барлық көлік құрал­дарымен еркін еніп-шығу, суасты құбырларын салу бойын­ша келісімге келе алды.

Қа­был­данған Конвенция және қосымша құжаттар энергия ресурстарын өндіру мен тасымалдаудан бастап, ауқымы кең жаңа біріккен жобаларды жүзеге асыруға, экология мен қауіпсіздік мәселелері бойынша келісімге келуге мүмкіндік берді. Бұл аймақтық деңгейде Каспий маңы елдерінің ғана емес, Орталық Азия елдері­нің ынтымақтастықты арттыра түсуіне жол ашып отыр. Мәсе­лен, «Нұрлы жол» бағдар­ламасы мен Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» жобасын ұштас­тыру Қазақстанның аймақтық және ғаламдық деңгейде өзін көрсетуіне мүмкіндік береді.

Теңіздің құқықтық мәрте­бесінің айқындалуы «Каспий бестігіне» әріптестіктің жаңа белесіне көшуіне негіз болып отыр. Құжат Қазақстанның тұйық континентальды елден теңіз державасына айналуына мүмкіндігі бар екенін көрсетуде. Осылайша Қазақстан жерінде Ресей, Иран, Әзербайжан және Түрікменстан сауда, туризм, өнеркәсіп, экономиканың бас­қа да салалары бойынша халық­аралық-құқықтық күші бар жаңа құжатқа ие болды.

Каспий маңы елдері теңіз­дің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны қабылдау арқы­лы кең құқықтық базаға ие бол­ғаны сөзсіз. Бұл шекаралас ел­дердің түрлі салаларда ор­тақ әрекет етулеріне жол аша­ды. Мемлекеттер басшылары дең­гейінде қол қойылған Конвенция мен маңызды саяси шешімдер Каспийге байланысты көптеген сұрақтардың шешілуіне үлкен ықпал ететіні даусыз.

Гүлзат КӨБЕНОВА, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ММ директорының орынбасары

Табысты жобаларға жол ашылды

Тек Қазақстан емес, Каспий маңы елдері Ақтау саммитінің қоры­тындысын үлкен үмітпен күт­кені шындық. Себебі Кас­пий теңізінің құқықтық мәрте­бесін нақтылаған саяси-экономи­калық осы құжаттың келешек­те атқарылар көптеген іс-шара­лардың алғышарты болатыны сөзсіз еді.

Құжат бойынша, Қазақстан 15 миль тәуелсіз су айдынына, әрі қарай 10 миль балық аулау аймағына иелік етеді, одан әрі ашық теңіз аумағына кіреді. Ал теңіз түбін секторлық түрде бөлу тұрғысынан келу өте маңызды болды. Бұған дейін Қазақстан Ресей, Әзербайжан елдерімен теңіз түбін делимитациялағаны туралы екіжақты келісімшарт бар. Конвенциядан кейін Түрікменстан, Иран елдерімен теңіз түбіндегі шекараны анық­таса, Қазақстан үшін Кас­пий теңізінің қазақстандық үлесі құқықтық тұрғыдан толық айқындалады.

Бұл Қазақстан үшін өз аумағындағы теңізді игеру енді басталады дегенді білд­і­реді. Әсіресе мұнай-газ ресурс­­тарына байланысты жоба­лардың жаңа тынысы ашылып, транзиттік жобаларды Әзербайжан елімен тікелей шешуге мүмкіндік алды. Талай табысты жобалар бұрын конвенция қабылданбағаны себепті жүзеге асырылмай, көптеген қиын­дықтар туындатқан болатын.

Енді конвенция қабыл­дануы­нан кейінгі орын алатын жағдайлар турасында ойлары­мызды жүйелесек. Бұл орайда алдымен қазақстандық жобаларға қаржы көздерін, инвестициялар тартуға байланысты жобалар ойға оралады. Каспий теңі­зінің айқындалған құқықтық мәртебесі, теңіз игіліктерінің үлестік айқындалуы, бес елдің пар­ламенттері ратификациялаған кон­венция инвесторларға бола­шақта осы игіліктерді игеруге құқықтық тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ екендігіне дәлел бола алады.

Болжам бойынша, таяу келешекте Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан елдері теңіз байлы­ғын игеру жұмыстарын белсенді жүргізетін болады. Екіншіден, көмірсутегін транскаспий арқылы тасымалдау мәселесі. Каспийдің қазақстандық бөлігіндегі түбімен құбыр тарту арқылы еліміздің, Түрікменстан көмірсутегін Әзер­байжанға тасымалдау екіжақ­ты келіссөздер арқылы шешілетін болады. Бұрын теңізге қатысты кез келген шешімді қалған төрт елмен келісу міндетті болатын. Келешекте әр ел өз бетінше шешім қабылдап, әрекет ете алады.

Рахим ОШАҚБАЕВ, «Талап» қолданбалы зерттеу орталығы» қоғамдық қорының директоры, экономист

Тиімді келісім

V Каспий маңы мемлекет­терінің саммиті табысты өтті деуге толық негіз бар. Өйткені Сам­мит аясында әзірленуіне 20 жыл­дан астам уақыт кеткен тарихи Конвенцияға, одан бөлек ма­ңызды 6 құжатқа қол қойылды. Ендігі жерде Каспий маңы мемлекеттері теңіз айды­нындағы, түбіндегі талас­ты аумақтарда орналасқан мұнай және газ кен орындарын өң­деуге, энергия ресурстарын тасымалдауға, теңіз түбіне мұнай-газ құбырын жүргізуге байланысты мәселелерді шеше алатын болды. 

Кен өндіру өнеркәсібі саласында өндірістің жедел дамуы Каспий теңізінің табиғатына салмақ түсіруде. Соның салдарынан теңіздің биологиялық алуандығын сақтау мақсатында нақты шаралар қабылдау қажет­тігі туындауда. Бұл орайда қабылданған Конвенция ең алдымен экологиялық сипаттағы мәселелерді шешуге, көпжақты тиімділікке негізделді. 

Каспий маңы мемлекеттері теңіздің құқықтық мәртебесін нақтылау бойынша өткен келіссөздер үдерісі бес елдің дип­ло­мат­тарынан үлкен еңбек­ті, табандылықты талап еткені анық. Олар көптеген мәселе­лерге маңыз аударды. Соның бірі қауіпсіздік­ке, лаңкестіктің алдын алуға бағытталды. Бұған  қоса эконо­мика­ның баламалы саласы саналатын балық аулаудан бөлек, браконьерлік мәселесі де шешімін тапты.

Әлемдік бекіре көлемінің 80 процентін иемденетін теңізде ретсіз балық аулаудан бөлек, айдынның мұнай қалдықтарымен ластануы себепті қортпа мен бекіре популяциясы азайып кетті. Қазақстан тарабы көтерген бекіре тұқымдас балықтар генофондын сақтау мәселесі қолдау тапты. Осылайша мемлекеттер арасындағы ұзақ мерзімге созыл­ған келіссөздер нәтижесі көптеген мәселелерді кезең-кезеңімен реттейтін болды. Конвенциямен бірге дайындалған экономикалық сипаттағы құжаттар Каспий маңы елдерінің транзиттік әлеуетін кеңейтіп, көліктік бағыттарды әртараптандыру мүмкіндігін арттырады деп үміттенеміз. 

Әділхан ҒАДЕЛШИЕВ, ҚСЗИ Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік бөлімінің аға ғылыми қызметкері 

Өзара сенім жемісі

Ақтау саммитін өткізу күнінің 12 тамызға белгіленуінің өзіндік мәні бар. Жыл сайын Каспий маңы елдері бұл күнді «Каспий теңізін қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның» күшіне енген күн ретінде атап өтеді.

Каспий – көмірсутегі, ірі акватория, түрлі сыртқы жүйелі геосаяси ойыншы­лар­дың алуан бағыттағы мүдделері тоғыс­қан жер. Бес ел теңізді үлестік бөлу бо­йынша қайшылықты пікірде болғанымен, бұған дейін өткен мемлекетаралық және көпжақты форматтағы келіссөздер мен жиындар салиқалы, бейбіт түрде жүзеге асқанын айтқан жөн. Сондықтан конвенцияның қабылдануын Каспий маңы елдерінің өз мүдделерін қорғауының жаңа кезеңі деп қарастыру керек.

Каспий – 70 млрд баррель және 15 триллион текшеметр мұнай мен газ көзі. Кеңес­тік кезеңде мұндағы көмірсутегі өнер­кә­сібі маргиналдық көзқарас тұрғысынан өндірілгені белгілі. Кейін теңіз жағалай қонған үш тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы таза экономика тұрғысынан табиғи бәсекелестікті күшейтті. Егер Араб түбегі елдеріне, араб монархиялары мен Иран үшін Парсы шығанағы, ал Мексика түбегі АҚШ үшін қаншалықты маңызды болса, Каспий де теңіз маңында орналасқан бес ел үшін соншалықты маңызды болып отыр.

Территориялық немесе теңіздік даужанжалдары бар өзге аймақтарға қараған­да Кас­пийдің ерек­шелігі бар, ол – бес ел ара­сын­­дағы ын­ты­­мақтастықтың негізгі фак­торы сана­ла­тын сенім. Каспийден әлем­­нің бас­қа аймақтарына, атап айтқанда Орта­­лық Азияға, Кавказ елдеріне және Таяу Шы­ғыс­қа шығу жолы өте оңтайлы. Ай­мақ көп­­те­ген әлемдік және аймақтық дер­жа­ва­лар­­дың мүддесі тоғысып жатқан құдды бір «гео­саяси үшбұрыш» сияқты көрінеді.

Жалпы, Каспий бассейнін минералды және биоресурстар тұрғысынан қарайтын болсақ, ол әлемдегі мұнай өндіретін ең көне айлақтардың бірі. Осыған қарамастан теңіз қойнауы әлі түпкілікті зерттеліп болған жоқ, ал мұнай қорына байланысты мәліметтер болжам­дарға ғана негізделген.

Осы процеске қатысушылардың ізгі саяси ерік-жігері Каспий теңізі бассейнін кикілжіңнің емес, экономикалық ықпал­дасу­дың тетігі деп қарауға септігін тигізіп, Каспий маңы мемлекеттерінің ұлттық мүдделерінің бұлжымас қағидасына айналуы тиіс. Сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде пікір қайшылықтарынан ажырап, әлемдегі ынтымақтастық өркендеген өлкеге айналуы қажет.

Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі одан өрістейтін Каспий шельфін игеру, әлемдік шикізат нарығына шығу, оның ішінде құбыр тарту бағыттары және экспорттық хабқа айналдыру ісін қам­тиды. Қазір ондағы кеніштерге байланыс­ты әр мемлекеттің жүзеге асырылған, жүзе­­ге асырылып жатқан және жоспарлы ин­­вес­­­ти­циялық жобалары бар және олар­ды жүзеге асыру мен қаражат тарту да оңай іс емес.

Келтірілген дәйектер Конвенцияның бірегей теңіз жағалауындағы мемлекет­тердің саяси-құқықтық, әскери, экономи­калық тұрғыда Каспийді қалыпты, тұрақты дамыту мәселелерін шешетін маңызы жоғары құжат екендігін көрсетеді.

Мұхит-Ардагер СЫДЫҚНАЗАРОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заманауи зерттеулер институтының директоры