Қазақстан • 13 Тамыз, 2018

Тиімділік пен үнемділікке цифрландыру арқылы қол жеткізуге болады

941 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қалай айтсақ та, экономикалық және әлеуметтік даму ешқашан тоқтап қалған емес. Әлем елдері се­кілді еліміз де барлық салада кейде қарқынды, кейде баяу дамып келеді. Ал цифрлы дамудың серпіні де, сипаты да басқаша болып отырғанын дамыған елдер тәжірибесінен көреміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «цифр­лы технологияны қолдану арқылы жаңа индустрияны өркендетуге тиіс екенімізді» міндеттеді. Өткен жылы қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы индустрия­ны өркендетуді ғана емес, экономиканы кешенді және қарқынды дамытуды көздейді.  

Тиімділік пен үнемділікке цифрландыру арқылы қол жеткізуге болады

Осы мәселелерді облыста шешу үшін алдымен жедел жұмыс тобын құрып, күн са­йын ұйымдастырылған «ақыл шаб­уылына»  барлық қы­зығушылар мен мүдделілер тартылды. Сондай шұғыл жұмыстың арқасында өңірдегі цифрландырудың жол картасы жасалды. Оған мемлекеттік бағдарламаның барлық  бағыты бойынша 77 жоба белгіленген еді, соңырақ тағы 17 жоба енгізілді.

Оның арасында облысымызда ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау салаларында қа­натқақты саналатын маңызды жобалар бар. Цифрландыру ісі еліміз, әсіресе өңір үшін дамудың жаңа сатысы болғандықтан, дамыған елдердің озық тәжірибелерімен таныстық, шетелдік сарапшыларды шақырттық. Бұл бағдарлама ІТ мамандарының, ғалымдардың қатысуымен ғана жү­зеге аспайды. Сондықтан жалпы жұрт­шылық үшін ақпараттық-түсіндіру және компьютерлік сауаттылықты көтеру жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде цифрландырудың жол картасына ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік, көлік, шағын және орта бизнес, әлеуметтік және «Смарт Сити» бойынша кірген 94 жобаның 40-ы өмірге жолдама алды. Әрине, басым көпшілігі ауыл шаруашылығының еншісіне тиеді. Ал қалған 54 жоба жыл аяғына дейін жүзеге асырылады.

Цифр­ландыру бо­йынша негізгі күш егін шаруашылығына озық технологиялар енгізуге, мал шаруашылығында «ақылды» фермалар ұйымдастыруға бағытталған. Енгізілген цифрлы технологиялардан күтер нәтиже көп. Бастысы 3,5 мил­лиард теңгеге түскен осы жұмыстарды қанатқақты шаруашылықтар өз қар­жысына ат­қарып келеді. Қостанай облысы­ егіс алқабының көлемділігімен де ерекшеленеді. Саладағы цифр­лан­дыру ісі ауыл шаруашылығы жер­­­ле­рін түгендеуден басталды.

Нақты егін шаруашылығы технологияла­рын енгізу С.Сейфуллин атын­да­ғы Қазақ агротехникалық уни­вер­си­теті ғалымдарымен тығыз байла­ныс жа­сай отырып, облыстағы қанат­қақ­ты «Трояна» және «Сад­чиков» жауап­­кершілігі шектеулі серік­тес­тік­терінде басталды. Бүгінде бұл шаруашылықтарда агрохимиялық жұмыстар бойынша алқаптарды зерттеу жұмыстары аяқталды, минералдық тыңайтқыштарды салуды саралау картограммасы жасалды, көптеген жұмыстарды қатар жүргізу үшін техника паркін жаңғырту да қолға алынған.

Мал шаруашылығында «Ақылды ет фермасы», «Ақылды сүт фермасы», құс шаруашылығында «Ақыл­ды құс фабрикасы» жобасы сәті­мен басталды. «Ақылды ет фермасы» жобасы облыстағы ірі әрі бұ­рын­нан технологиялық дайындығы бар «Қа­зақстан ет одағының» мү­шесі жә­не «Қостанай облысы ет клас­тері» жобасының операторы «Терра» жауап­кершілігі шектеулі серік­­­тестігінде жүргізіледі. Мұнда 8800 бас ірі қара бар. Цифрландыру жоба­ларының арқасында шаруа­шылықта ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылады.

Мамандар осы құ­ралмен фотосурет түсіру арқылы мал азығына егілген шөптердің пісуін бақылауға, жетілу картасын жасауға және уақтылы агротехникалық шаралар жүргізуге  мүмкіндік алды. Цифр­ландыру элементтерін енгіз­генде мал жемінің құрамын бақылау, жем салу, дер уақытында таразыға тартып, салмақ қоспайтын тиімсіз малды қатардан шығарып тастау жұ­мыстары қадағаланады. Ал «Ақыл­ды сүт фермасы» жобасы бойынша «Садчиков» серіктестігінің тә­жірибесі жеткілікті.

Мұнда 770 сауын сиыр бағылады. Биылғы сәуір айын­да автоматтандырылған SmaXtec жү­йесі енгізілді. Бұл арқылы мамандар сиырдың физиологиялық жағдайы мен аналықтардың өнімділігін бақылайды. Осы озық технология шаруашылықта әр сауын сиырдан сауылатын сүттің мөлшерін 6 тоннадан 7 тоннаға дейін көбейтуге, әр 100 сиырдан алынатын бұзау санын 70-тен 90-ға дейін өсіруге мүмкіндік береді.

Рудный қаласындағы «Жас қанат-2006» құс фабрикасындағы жұмыстың 90 проценті цифрландырылды. Сатылап жүргізілген озық технологияның енгізілуі кәсіпорынды өнім өндірудің жаңа сатысына көтерді. Кәсіпорында 2006 жылы 7 миллион жұмыртқа өндірілсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 250 миллионға дейін жетті.  Жыл соңында облыстағы смарт технологиялар енгізілген 6 қанатқақты агрофирманың экономикалық тиім­ділігі 1,5 миллиард теңге болады.

Осы шаруашылықтардың базасында басқа фермерлер үшін үздік технологияны үйрететін оқу орталығы ашылмақ. Облыстағы 3,5 мың агро­құрылым арасынан «ақылды технологияларды» енгізуге ынта біл­дір­ген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің барлығы осы орта­лықтардан білмегенін үйренеді. Ке­йінірек бұл тәжірибенің ауқымын кеңейте береміз.

Жаңа істі тосырқамай тезірек жүзеге асыруда ғалымдар мен ауыл шаруашылығы мамандарының, кәсіпкерлер, шаруашылық жетек­шілерінің ынтымағы көп мәселені шешеді. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде құрылған «Парасат» цифрлы хабы жаңа технологияларды тартудың, саланы дамытуға көлденең тұратын кедергілерді ысырып тастайтын ин­новациялық шешімдерге ізденіс жасаудың орталығына айналмақ.

Жалпы облыстағы агроөнеркәсіп кешенін цифрландырудың эконо­микалық тиімділігі жыл бойына 20 млрд теңгеден асып жығылады немесе ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 5 процентке артатынына мамандар сенімді.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылатын жұмыстар ауыл шаруашылығында ғана емес,  білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және қаланы басқару салаларында да тиімділігін көрсетіп үлгерді. Облыстағы мектеп­тер түгелдей компьютермен жә­не мультимедиялық құралдар-жаб­дық­тармен қамтамасыз етілді.

Мектептердің барлығы кең жолақты интернетке қосылған. Дегенмен мектептердің Wi-Fi желісіне қосылуы ерекше назарда болады.  Білім ошақтарында электронды журнал мен «Күнделік», «BilimLand» платформасының енгізілуі бойынша облысымыз республикада екінші орында тұр. Бұл ата-ананың да, мұғалімнің де алтын уақытын үнемдейді. Электронды журнал мен «Күнделікте» баланың үлгерімі, тәртібі алақандағыдай көз алдында жазылып тұрады.

Жыл ая­ғы­на дейін балабақшаларға ата-аналардың кезекке тұруы, өтініш беруі авто­мат­­­тандырылмақ. Ата-ана үйде отырып, сәбиін орналастыруға өтініш бе­ріп, кезегін бақылайтын болады. Бұл мәселеде тазалық, ашықтық, әділеттілік салтанат құратынына кәмілміз.

Облыстың денсаулық сақтау саласында 37 цифрландыру жобасы жүзеге асырылды. Мемлекеттік бағ­дарламаның арқасында өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің барлығы компьютермен жабдықталды. Интернетке қалалар мен аудан ор­талықтарындағы мекемелер де 100 процент қосылған. Ал ауылдық жерлерде бұл жөнінен әлі кемшіліктер бар, интернетке қосылғандар бар-жоғы 22,8 процентті құрайды. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 93 процентке жеткіземіз.

Ал қалған 7 процент тым шалғайдағы және 20-30 адам ғана тұрып жатқан елді мекендерге тән. Оларды да алдағы уақытта интернетке қосу ісі жалғасын табады. Облыста медицина құжаттарын қағазсыз жүргізу ісі біртіндеп енгізіліп келеді. Медициналық құжаттаманың 121 оқу-есеп формасының 21 түрі цифр­ландырылды. Жыл аяғында оның саны 84-ке жетеді. Адамдарды мобильдік қосымшалармен қамту ісі бірден артты. Цифрландырудың арқасында осы салада 2 млрд теңге немесе бюджет қаржысы 15,3 процент үнемделген.

Қостанайлықтар тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығында, кө­лікте, қаланың санитарлық қызметінде енгізілген «ақылды» қыз­меттердің басын құрайтын Smart City жобасының лебін сезініп қалды. Осы жұмыстар жүргізілгелі қаланың тазалығын қам­тамасыз етуде көлік пайдалануға ке­­тетін қаржы 25 процентке дейін үнем­­делген.

Көшені жарықтандыруда, бағдаршаммен қамтамасыз етуде цифр­лы технологиялар барынша пайдаланылуда. Қостанай қалалық әкімдігінде құрылған «109» нөмірлі бірыңғай диспетчерлік қызметі жолаушы тасымалдайтын көліктерді, санитарлық қызметті, бағдаршам, барлық коммуналдық қызмет жұ­мыстарын қадағалайды. Өйткені осы орталық қала тұрғындарының өті­ніштері мен арыздарын қабыл­дайды, маңызды мәселелер де сол бойынша шешімін табатын болады.

Smart Kostanay мобильдік қосымшасында жоспарланған 45 сервистің 23-і қазірдің өзінде жұмыс істейді. Бұл қала әкімдігі мен тұрғындар арасындағы көпір деуге болады. Қалалықтар үйден шықпай отырып  тек қызмет ақысын  төлеп қана қоймай, атқарушы билік жоспарлаған мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын айтып отырады. Жаңадан салынып жатқан «Юбилейный» шағын ауданында 22 үйге  коммуналдық қызмет көр­сеткіштерін беріп отыратын жалпы және жеке приборларды, «ақылды» шамдар, бағдаршамдар, аулаларға бақы­лау камераларын қамтыған қон­­­дырғылар орнатылады.

Мұндай «ақылды» тұрғын аудандар құру жы­лына бюджеттің 110 млн теңге қар­жысын  үнемдеуге мүмкіндік бе­ре­ді екен. Цифрландыру адамдардың әлеу­­меттік тұрмысын көтеріп қана қой­­­майды, ең бастысы қай салада болсын қаржыны үнемдейді, бюджетке түсе­тін түсімнің артуына ықпал етеді. Әри­не, үнемделген қаржы халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсалары сөзсіз.

Мейіржан МЫРЗАЛИЕВ,

Қостанай облысы әкімінің орынбасары

ҚОСТАНАЙ