Қазақстан • 13 Тамыз, 2018

Интернет ішіндегі иірім

786 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Менің бір танысым бар. Ол біз секілді қызмет істемейді. Сондықтан ешбір жерден жалақы алмайды. Осыған қарап оны бос отыр деп айтуға тағы болмайды. Бәлкім күніне сегіз сағат қызмет істейтін бізден де көп еңбек ететін болар. Өйткені табатын табысы менің айлық жалақымның көлемінен әлдеқайда көп секілді. Сонымен ол не істейді дейсіз ғой.

Интернет ішіндегі иірім

Ол көбінесе интернетте отырады. Құ­рылыс компанияларының сайттарындағы жаңалықтарды аңдиды. Қай құрылыс ком­паниясы қандай үй салып жатыр? Бұл үйлер қаланың қай жерінде орна­ласқан? Қашан салынып бітеді және са­лынып жатқан пәтерлердің үлес­кер­лер үшін бағасы қанша тұрады? Оны қы­зықтыратын көбінесе осындай сұрақтар.

Танысымды бұл мәселеде құрылыс немесе жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы дерсіз. Ол қай пәтердің бағасы салынып біткен соң қаншаға көте­рі­летін­дігін дәл болжайды. Сонан кейін іске кіріседі. Таңдау жасаған пәтерлері­нің біріне, құрылыс компаниясымен келісімшартқа отырып, қолындағы қаржысын құяды. Көбінесе, бір немесе екі бөлмелік пәтерді таңдайды. Себебі  шағын пәтерлерді сатып алушылар көп. Сөйтеді де әлгі пәтердің салынып бітуін күтеді. Пәтер салынып бітісімен оны сатады да, ақшасын жаңа құрылысқа қайта салады.

«Мен сендер секілді жалақы алмаймын. Жалақым 13-ші жалақыдан ғана тұрады. Себебі өзімді өзім жұмыспен қамтыған интернет қызметкерімін ғой» дейді ол бізге әзілдеп. Әзіл болса да, бұл сөзінің астарында шындық бар. Интернет оның тұрмыс-тіршілігіне нәр беріп тұрған оттегі секілді дүние. Ол осының арқасында, егер жаңа салынған пәтерді одан әрі жөндеп, қатарға қосу қажет болса, қандай құрылыс заттарын қай жерден тиімді бағамен алуға болатындығын да жақсы біледі.

«Мына есіктің бағасы біздің дүкендерде 250 мың теңге тұрады екен, ал оны Ресейдің Новосібіріндегі комбинатқа барып, 80 мың теңгеге сатып алуға болады» деген кеңестер бере алады. Әрине, бір есік үшін соншама жерге ешкім бара қоймас. Ал 10 есік қажет болса, ойлануыңызға тура келеді. Өйткені 2,5 миллион теңге мен 800 мың теңгенің арасында айырмашылық бар ғой.

Қазір Астанада қаптап ашылып жат­қан есік сататын дүкендерге қараймын да, танысымның әңгімесі арқылы олардың қаптап кету сырын түсінгендей боламын. Өйткені жаңағыдай бірнеше еселенген мол пайда болмаса, дүкендер ашылар ма еді.

Интернет көмегінің арқасында үйде отырып-ақ табыс табудың жолын тапқан танысымның ғаламтор арқылы жасайтын басқа да пайдалы тірліктері болуы әбден мүмкін. Өйткені экономикалық тұрғыдан сауатты, жан-жақты адам. Интернеттің арқасында өзіне пайдалы білімді ала білетіндігі айтқан әңгімелерінен сезіліп қалып жатады. Осыған қарап оның өмірін бір сөзбен және шартты түрде алғанда «интернет ішіндегі өмір» деп айтуға болатындай.

Ал тағы бір танысымның баласы төрт-бес жыл бұрын еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарының бірін бітірген еді. Бірақ ел секілді жақсы қызмет із­деп әлек болып жатпады. Басында қыз­мет таба алмай жүр-ау деп ойлаушы едік. Бірақ олай емес екен. Жігіттің үйде отырып-ақ жасайтын өз кәсібі бар екен. Әкесі де баласының тіршілігін мақтаныш қылатын секілді. Уақыт өткен сайын жағдайларының жақсара түскені де сезіле бастады. Сөйтсек, ол интернеттегі жарнамалық роликтерге қажетті ойындар жасап шығарады екен.

Интернетті пайдаланушылар жарнамадан бұрын ең алдымен қызығушылық танытып сол ойындарға кіретін көрінеді. Сондықтан жұрт қызығарлықтай ойын жасап шығарушылардың еңбегі жарнама берушілер тарапынан жақсы бағаланатын секілді. Қысқасы, ойын интернетте ашылған сайын жас жігіттің шотына ақша түсе береді екен.

Бұл ойынға Қазақстанда отырған адам кірді ме, жоқ Францияда отырған адам кірді ме, бәрібір. Демек ол көбіміз секілді бір жерде байланып отырмай-ақ өз табысын халықаралық деңгейде тауып жүр деуге болады. Сондықтан оның табысына еліміздегі ақша құнсыздануының да әсері бола бермейді.

Әрине, бұл интернет арқылы табыс табуға қатысты өзімнің естіп, білген жағдайларым. Ал мұның біз әлі анық-қанығына жетіп үлгірмеген мыңдаған жолы бар екені анық. Бір айқын мәселе, интернет өмірімізге дендеп енгендігі сондай, енді тұрмыс-тіршілігімізге де елеулі әсер ете бастады. Интернет бұрынғыдай ақпарат тарату құралы ғана емес, нақты табыс табу құралына да айналды.

Қазіргі ашылып жатқан интернет дүкендер, зат шығаратын кәсіпорындар мен қызмет көрсетуші мекемелердің сайттары соның бір куәсі емес пе?! Майкрософт компаниясының иесі Билл Гейтстің жиырма жылдай бұрын айтылған «Болашақта интернеттің сыртында қалған адамдар өмірдің де сыртында қалады» деген сөзі дәл келді.

Бүгінгі жастардың, тіпті ересектердің өмірін де интернетсіз елестету қиындап барады. Сондықтан өзіміз де бірте-бірте интернет ішіндегі адамға айналып келе жатқандаймыз.

Қазір WhatsApp әлеуметтік желісінде кешегі сыныптастардың, курстастардың немесе бірге қызмет істейтін әріптестердің өз топтарын құрып алып, бір-бірімен жүйелі хабарласып отыруы әдеттегі жағдайға айналды. Мұның бәрін «чат» деп атайтын болдық. Әсіресе «курстас­тар чаты» дегеніміз қызық болады екен.

Өткен өмір қайта оралмаса да, қайтып жасармайтын болсаң да кешегі жастық шағыңа «визуалды» түрде қайта оралғандай боласың. Курстастар чатының іші күн сайын гу-гу әңгіме, әзіл-қалжың. Сөйтіп кешегі студенттік жылдардың аудиториясына қайта кіргендей қызықты әсер аласың. Мұның өзі де интернет ішіндегі өмірдің иірімі емес пе?!

Ақпараттық технологиялық құралдар мен интернеттің дамуы бүкіл адамзатты міне, осындай жағдайға әкеп тіреді. Давостағы бүкіләлемдік экономикалық форумның негізін қалаушы Клаус Швабтың айтуынша, бұл технологиялар дамыған сайын олардың дербестік сипаты да басым түсіп келе жатқан сыңайы бар.

Өйткені алғаш шығарылған үлкен компьютерлер бастапқыда үлкен орын-жайларда орнатылатын. Кейін бірте-бірте үстелдер үстіне көшірілді. Кішірейе келе әр адамның тізесінен орын алатындай жағдайға жетті. Ал интернет арқылы жұмыс істейтін алақандай смартфондар болса, қазір кез келген оқушының қалтасында жүр.

Бірақ бұл үрдіс мұнымен де тоқ­тамайтын секілді. Енді чип секілді үлкендігі түймедей ғана компьютерлік шағын құрылғылар жапсырылған киімдер де саудаға шығарылған. Әзірге әлем халықтарының 10 процентке жуығы осындай киімдерге қол жеткізсе, 2025 жылдан кейін ондай адамдардың үлесі халықтың 90 процентін құрайтын көрінеді. 2015 жылы шығарылған Apple Watch сағаты қазіргі смартфондардың көптеген қызметін атқара алады. Оны интернетке де қоса аласыз. Енді міне, чиптер орнату нәтижесінде интернетке қосып қоюға болатын киімдер мен басқа да құрал жабдықтар шығарылып жатыр.

Демек, ендігі кезекте жеке адамдардың ғана емес, бүкіл адамзаттың өмірі де интернетке кіріп кетті десек, артық емес.

Көптеген мамандар мен сарап­шы­лардың пайымдауынша, ақпараттық технологиялар мен цифрлы құралдардың қарқынды дамуы адамдар денсаулығының нығаюына, өмірінің ұзаруына әкеледі. Себебі әр адам өз денсаулығын жүйелі түрде бақылауда ұстауға, яғни зерттеп көруге, осыған қатысты дербес шешімдер қабылдауға қосымша мүмкіндіктер алады. Бұл құралдардың басқа да пайдалы жақтары аз болмайды. Соған сәйкес көп мән бере бермейтін уақыттың бағасы мен құны да арта бермек.

Әрине, еш нәрсе тек пайдалы  дү­ниелерден тұрмайды ғой. Өйткені даму диалектикасының өзі қарама-қайшы­лықтардың бірлігі мен күресін білдірмей ме?! Сол секілді ақпараттық және цифр­лы технологиялардың дамуының кері әсерлері де болуы мүмкін екендігін ешкім жоққа шығармайды. Мамандардың, соның ішінде футурологтардың пікірінше, болашақта адамның жеке өмірі мен құпияларына көп орын қала бермейтін болады. Жалпы үрдіс қоғамда ашықтыққа қарай бастап алып келе жатыр. Бұл жаман ба, жақсы ма? Мұның өзі әр адамның шешіміне қатысты даулы мәселе.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»