Қазақстан • 13 Тамыз, 2018

Euronews NBC телеарнасы Қазақстан туризмі туралы сюжеттер түсіруді бастады

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізге бұл күндері «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының ша­қы­руымен 250 миллионнан астам көрермені бар Euronews NBC те­леар­на­сының репортерлері келді. Халықаралық телеарнаның Қа­зақ­станнан жасалған алғашқы сюжеттері биыл қыркүйекте ең рей­тин­гі жоғары «Adventure» бағдарламасы арқылы көрсетіле бастайды. 

Euronews NBC телеарнасы Қазақстан туризмі туралы сюжеттер түсіруді бастады

Қызықты саяхаттар, шым-шы­ты­рық оқиғалар, адреналин мен тамаша көңіл күйдің жалауы бо­лып табылатын «Adventure» Қазақ­стан туралы 4 эпизодты қалың көрер­меніне ұсынуды жоспарлап отыр.

Құрамында Marta Brambilla Pisoni, Thierry Winn мен Dmitry Lee сынды тәжірибелі журналистер бар команда қазірдің өзінде Бурабай курорттық аймағында қазақтың әлмисақтан келе жатқан аңшылық кәсібі туралы кадр­ларды түсіріп үлгерді. Жергілікті бүркітшілер саятшылық өнерімізді күллі әлемге насихаттағалы отырған шетелдік әріптестерімізге аңға құс салудың түрлі әдістерін көрсетіп, табиғатынан тәкаппар құсты қолға үйретудің қыр-сырымен бөлісті.

Қазіргі күндері бұл команда Ала­таудың бөктерінде білек сыбанып, түсіру жұмыс­тарын жалғастыруда. Мұнда халық­аралық телеарна өкілдері белсенді туризмнің мүмкіндіктері, яғни хайкинг, маунтайн байк пен даунхилл туралы барынша қамтылған эпизодтарды жинайды.

Euronews NBC телеарнасы жур­налистерінің айтуынша, түсірілім барысында тамаша табиғи ландшафттар, аспанмен таласқан Іле Алатауының бөктері, Алматы облысының ғажайып жерлері олардың тамаша сюжеттерді оңай табуына, табысты жұмыс істеуіне септесіп отыр.

«Қазақстан мені өте үлкен әсерге бөледі. Әдемі табиғат, мейірімді де қамқор адамдар бізді қоршап тұр. Демалыстың түр-түрін жақсы көретін туристер үшін таптырмай­тын жер. Қыс­қасы, бұл елде немен айналысамын десең де бәрі табылады. Біз Алма­тыдағы түсіру жұмыстарын аяқта­ғаннан кейін Ақтау қаласына аттанамыз. Ол жақта джип-турлар­ды түсіреміз. Тезірек жетсек екен деп, тағатсызданып жүр­міз», дейді Euronews NBC телеар­насының тілшісі Marta Pisoni. 

Қысқасы, алдағы күндері «Ad­venture» бағдарламасының жур­на­листері Маңғыстау облысына аттана­ды. Аталмыш бағдарламаның қоры­тынды сюжеті тау шаңғысы туризмі туралы болмақ. Бұл үшін халықаралық арнаның түсіру тобы Алматыға желтоқсан айында қайта оралады. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ