Қазақстан • 13 Тамыз, 2018

Қоян баққан қария

475 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Т.Рысқұлов ауданының Құмарық ауылында тұра­тын Шәкен қарияның бүгін­гі тірлігі жастарға үлгі. Жа­сы жетпістен асып кетсе де нәсібін кәсіптен айы­рып жүрген Шәкен Жапа­ра­лы­ұлы кезінде «Карл Маркс» ұжымшары аспандап тұрған шақта да шаруашылықтың әр саласында жұмыс істеп, табан ақы, маңдай терімен мал тапты. 

Қоян баққан қария

Кейінгі жылдары қой да бақты. Ал Шәкен қа­рияның сол уақытта ауыл шетіндегі бір гектар алқапқа 400 түп алма аға­шын отырғызғанын, содан ол ағаштарға есекке арба жегіп бөшкелеп су тасы­ға­нын жұрт әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Соңынан бірнеше шақы­рымнан өзі арық қазып, су жеткізген. Бүгінде сол кө­шеттер жайқала өскен ал­ма бағына айналған.

Тіпті ағымдағы жылы қария алма бағынан 10 тонна өнім алып, ол өнімдерді Тараз және Қызылорда қалаларында сау­далап қайтыпты. Ал қалған 2 тонна өнімді Өс­кемен қа­ласында өткен ауыл шаруашылығы жәрмең­кесінде өткізген. Ал Шәкен қарияның сол қалада оқып жүрген жамбылдық жас­тарға 45 килограмм алманы тегін үлестіріп жібергені де жомарттықтың белгісі. 

«Еңбек ер атандырады» деген сөз бар. Ауылда тұратын нағыз еңбек адамы бүгінде мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, қоян асыраумен айналысып отыр. Жылқы емес, қой емес, қоян баққан қарияның бұл әрекеті шынында да таңдандырады. Әйткенмен арманы асқақ, мақсаты айқын Шәкен Жапаралыұлы ұлы Дарханның есімін негіз етіп бүгінде «Дархан» ша­руа қожалығын құр­ған. «Шағын бизнес ұр­пақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуы тиіс» деген Елбасы сөзі – менің өмірлік ұстанымым. Көзін тапқан адам қандай кәсіпті болса да дөңгелетіп алып кетеді» дейді қа­рия­ның өзі. Кезінде өзі отыр­ғызған алма бағының жанынан өз есебінен ені 10, ұзындығы 30 метрлік үлкен қоражай салады. Сөйтіп көктем келісімен қоянның «фландр» және «великан» тұқымдарын сатып алып, асырай бастайды. 

Бүгінде қарт кәсіпкердің қорасында 200-ден астам қоян бар. Ал қыс мезгіліне қарай қоян басын 1000-ға жеткізуді көздеген қария болашақта оларды тіпті 4000-5000-ға дейін жеткізіп, сатпақ ниетте екен. Тіпті ол қоян етін саудалау үшін Астана және Алматы қалаларындағы бірнеше мейрамхана иелерімен де келісіп қойыпты. Енді қоянның етін ғана емес, терісін де кәдеге жарату мақсатында алдағы күз мезгілінде Қытай еліне бар­ғалы отырғанын айтты. Шәкен ақсақал Аспан­асты еліндегі тері өңдеу тех­­нологиясымен танысып, ке­ректі құрылғыларын алып қайтпақ ниетте. 

Тірлігіне тиянақты кә­сіпкер өз шаруа қожа­лы­ғының жанынан үй салып, жары Бүбіхан апа екеуі сонда көшіп барыпты. Қазақ­қа таңсық кәсіпті қолға ал­­ған Шәкен қария осынау тірлігімен-ақ ерінбей еңбек еткеннің екі бүйірі шығатынын көрсетіп отыр.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы