Аймақтар • 13 Тамыз, 2018

Петропавлда көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

413 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Береке»  шағынауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 116 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді.

Петропавлда көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

Салтанатты шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып,  көп жылдан бері кезекте тұрғандарға пәтер кілттерін табыс етті. Өңірде жыл өткен сайын тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Былтыр бір мың пәтер берілсе, биыл 20 пайызға артық. Сатып алу құқығымен жалға берілген пәтер кілттеріне көпбалалы аналар, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мемлекеттік қызметшілер, әскери сала өкілдері ие болды. Жиырма жыл мерзімге берілген пәтер кейін жалға алушының меншігіне өтеді. Оның құнын мерзімінен бұрын өтеуге де болады.

«Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Арман Мұқатов ұйым Нұрлы жер» бағдарламасының операторы болып табылатынын, жыл соңына дейін 96 пәтерлік тағы бір үйдің қоныс тойы тойланатынын жеткізді. Ақ жаулықты ана Алтыншаш Рамазанованың қызы он екі жыл бойы пәтер жалдап келсе, енді екі баспананың кілтіне қол жеткізіп отыр.

Тұрғын үйдің жалпы аумағы 9300 шаршы метрді құрайды. Астаналық «Албат құрылыс» ЖШС-і тоғыз айдың ішінде құрылысты аяқтап, 850 миллион теңге бағыттапты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы