Аймақтар • 14 Тамыз, 2018

Жыл аяғына дейін Алматыда қоғамдық көліктердің 80 пайызы жаңартылады

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көлік реформалары аясында Алматының қоғамдық көліктерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Бауыржан Байбек шалғайдағы аудандар мен қала аралығында қатынайтын №17 және №62 бағыттағы жаңа автобустар паркін аралып, негізгі жұмыстарымен танысты.

Жыл аяғына дейін Алматыда қоғамдық көліктердің 80 пайызы жаңартылады

Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, бүгінде автобус паркінде 1560 автобус есепке алынған. Жыл аяғына дейін жаңа қоғамдық көліктердің үлесін 80% дейін жеткізу жоспарланып отыр. 

Өткен жылы қатарға қосылған 479 автобустың 80% жергілікті бюджеттен сатып алынса, биылғы жылы іске қосылатын 569 автобустың 65% жеке компаниялардан.

Жеке тасымалдаушылар «Думан Транс» ЖШС №17 бағыты бойынша ISUZU маркасындағы 15 автобусты, «Олжас ЛТД» ЖШС №62 бағытта қызмет көрсету  ұқсас маркалы автобустарды, ал «Талап Т» ЖШС №57 бағытты күшейту үшін Yutong маркалы 5 жаңа автобус сатып алған. 

Соңғы кездері тасымалдаушы «Green Bus» компаниясының атына көп сын айтылуда. Төлемдерді қолма-қол жасаумен қатар, қызмет көрсету деңгейі төмен деген пікірлерді жиі естуге болады.  Қала басшысы егер тасымалдаушылар тиісті деңгейде қызмет көрсетпейтін болса, онда қала тарапынан қолдау болмайтындығын атап өтті. Әрі қызмет көрсету сапасы бірінші кезекте тұруы қажет, деді. Қазіргі кезде тасымалдаушы компаниялардың толық электронды билеттендіруге көшуіне орай табыстарының ашықтығын қамтамасыз етіп отыр. Әрі табысын жасырмаған компанияларға банктер де сеніммен қарайды. Ал банк несиелері бизнестің дамуына үлкен қолдау.  

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ