Үкімет • 14 Тамыз, 2018

Құқықтық талапты сақтаса шетел телеарналарына шектеу жоқ - Дәурен Абаев

396 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысы аяқталған соң Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев журналистердің сұрауы бойынша соңғы кезде қоғамда қызу талқыға түскен тақырып – 88 телеарнаның жабылуы мәселесіне қатысты пікірін білдірді. 

Құқықтық талапты сақтаса шетел телеарналарына шектеу жоқ - Дәурен Абаев

«88 телеарнаны жауып жатқанымыз туралы жариялаған кезде, біз екпінді басқа мәселеге қойған едік. Осы орайда Қазақстанда 219 шетелдік арнаның өкілдіктері ашылғандығын айттық. Осыған дейінгі Тәуелсіздік жылдарында мұндай болмаған еді. Қазіргі кезде барлық шетелдік телеарналарды құқықтық кеңістікке шығардық. Яғни, барлық шетел телеарналарының Қазақстанда өкілдіктері бар. Сәйкесінше, олар талапқа сай өкілдіктерде жұмыс істеп жатыр»,  деді министр.

Демек, мақсат 88 арнаны жабуда емес, шетел арналарының құқықтық негізде жұмыс істеуіне талаптың күшейгендігінде. Себебі, жабылған телеарналар болашақта ел аумағында жұмысын қайта жандандыру да мүмкін.

«Олардың жұмысына шектеу енгізу – телеарналардың алдағы уақытта Қазақстан аумағында ешқашан жұмыс істемейді дегенді білдірмейді. Егер де олар өздерінің өкілдіктерін ашқысы келсе, заңнамамен бекітілген барлық рәсімдерді орындауы тиіс. Осыдан кейін Қазақстан аумағына қайта оралу мүмкіндігіне ие болады», деді Д.Абаев.