Аймақтар • 15 Тамыз, 2018

Бурабайдың баурайынан сансыз бұлақ бұрынғыдай ақпай тұр

1716 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шашақты найза секілді мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген тау етегінде ойдым-ойдым қайың шоқтары да көп. Алайда сол топ қайыңның алқы­мын­дағы жасыл шалғынның біртүрлі өңі қашқандай. Тасты-құмды өңірдің ыл­ғалы да кем. Қара қар­ғаның миы қай­найтын та­мызда кенезесі кепкен сы­ңайлы. Дәл бұрынғыдай Бурабай­дың баурайынан сансыз бұлақ сабылып ағып жатпағандықтан шығар-ау...

Бурабайдың баурайынан сансыз бұлақ бұрынғыдай ақпай тұр

Етектегі Айнакөл де томаға-тұ­йық. Су беті қарауытып тұр­ған­дай. Жағалаудан қашып барып құрықтастам жерде жылтыраған ай­дынның жыл сайын кеміп келе жатқаны неліктен?.. Мұның жал­ғыз-ақ себебі бар, бағзы заман­да­ғы бұрқырап аққан бұлақ түгелге жуық тартылған, көзі бітелген.

Айнакөлге зер салып қарасаң, аппақ айдыны тілім-тілім. Әсірелеп айтқанда, көл ортасына дейін кішкентай баланың құшағы жетер-жетпес темір діңгектер орнатылған. Темір діңгектердің ортасы темір тормен бекітілген. Яғни жекеменшік. Балдырға балтырыңды қанатып қорыста жүрсең, қорыстан жеріп асты құм қайрақты айдынға байқамай шығып кетсең, меншік иесі ал­дың­нан шығады.

Су екеш суға дейін қылдай бөліп меншіктеп алған. Олар да өз телімінің тұнықтығын ойлайды. Бірақ тұтас көлдің тағдыры еш­қайсысын елеңдетіп отырған жоқ.

«Су атасы – бұлақ» деген сөзді халық текке айтпағаны анық. Үлкен өзен мен көлдің бәрі де осы жер қойнауынан шымырлап шығып, жылғалармен жол салып ағып, өзен-көлге құйылып жататын бұлақтардан бастау алады. Жаздың қайнаған ыстығында суықтығы тіс жарардай бұлақтың суын сіміргенде, шөлің қанып, жан сарайың да жадырап сала беретіні бар. Сондайда, табиғаттың осы таңғажайып құбылысына таңдайыңды қаға тамсанасың.

Бурабай өңірі бұлаққа бай және ғалымдар тарапынан жете зерттеле қоймаған аймақ. Щучье-Бурабай демалыс аймағына жыл өткен сайын келіп демалатын адамдардың саны және соған орай салынып жатқан құрылыстар қатары да рабайсыз көбейіп барады. Осыған орай су қорларын пайдалану қарқыны молайып, мұның өзі бұл төңіректегі көлдердің суының тартылуына қатты әсерін тигізіп отыр. Бурабай аймағындағы көлдердің суы таудан аққан қар суымен бірге, жер астынан шығатын бұлақтардың суымен де толығады. Бұлақ біткен бұғауланды, көзі жабылды. Бұған негізінен адамдардың қоршаған ортаға жанашырлықпен қарамауы әсерін тигізуде деп санайды Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат Мұқанов. Бар өмірін осы өлкеде өткізіп келе жатқан ғалымның айтқанына құлақ салсаң, адам деп аталатын екі аяқты пенденің өзі Табиғат-анаға жасап жатқан қиянаты мен қысастығына қаныға түскендей боласың.

Бұлақты ағу қарқыны мен бағдарына қарай маусымдық және ырғақты деп бөледі екен ғалымдар. Бұлақтың осындай ағу тәртібі Бурабай өңірінде анық байқалады. Ғалымдар Бурабай өңірінің орман-тоғай мен өсімдікке бай, табиғаты көркем болуының себебі – осы аумақтағы суы таза қайнардың көп болуынан деген тұжырым жасапты. Мұндай бұлақтың суының дәмі тіл үйіретін тәтті және суық болады. Судың салқын болуы оның аса тереңнен шығатынын аңғартатындай.

Бұл өңірде дәмі ерекше бұ­лақ­тар да баршылық. Оларды емдік қасиеті бар минералдық көз санатына жатқызуға болады. Біраз бұлақ құрамында темірдің аса көптігімен ерекшеленеді. Ақылбай жолының 12-ші шақы­рымындағы бұлақ дәл сондай.­ Оның суының 1 литрінде 16 миллиграмм темір бар екен. Профес­сор П.Петров Бурабай өңіріндегі біраз бұлақтың суы родонды екен­дігін анықтаған. Громотуха өзені мен Бармашинадағы бұлақ осындай родонды сулы қайнарға жатады. Суы тастай салқын және тіл үйірердей дәмді болғандықтан, айналада тұратын жұртшылық ауызсуға сол бұлақтардың суын пайдаланған. 1928 жылы Бурабай демалыс аймағының директоры В.Якубович Бармашин қай­нарының минералды суын газдандыруды тәжірибе жүзінде сынап көреді. Сөйтіп, одан мөл­дір су алынады. Бүгінде бұл бұлақ­тың бір де бірі жоқ. Бәрі адам­ның салдыр-салақтығынан, жаны ашымастық әрекетінен көзі жабы­лып, әлдеқашан тартылып қалған.

Бұлақтың тірлігі көбіне адам­ға тәуелді. Өкінішке қарай оны адам­дар онша ұғына қоймайды. Осы өңірде тұратындардың айтуынша, ертеректе туберкулезге қарсы диспансер орналас­қан маңайда екі бұлақ болған. Щу­че қаласының тұрғындары осы бұлақтардан су алып, үнемі пай­даланып жүрген. Міне, сол бұлақтарды қала басшыларының нұсқауымен бульдозермен аршып, тазартпақ болады. Терең­нен жол тауып шығып жатқан қай­нар көзі шынжыр табанды трактормен тапталған соң-ақ бітеліп, мүлдем тоқтап қа­лады. Осылайша, біз сол тамаша бұлақ­тарды өз қолымызбен құр­тып тын­дық.

Щучье-Бурабай жолының бойында да дәмі тіл үйірер бір бұлақ болған екен. Жолмен өткен жолаушылар да, демалушылар да осы бұлақ суынан дәм татпай кетпейтін. Оның жанына адамдар отыруы үшін ағаштан әсемдеп жасаған сая орнатып, сәкілер де қойылған. Бірақ бірнеше жыл бұрын әлдекімнің басына бір тамаша ой келіп, осы бұлақтың үстіне бетоннан ұстын орнатпақ болыпты. Осы темір-бетон қа­быр­­ға орнатылған соң-ақ, ауыр салмақ басқандықтан болар, бұ­лақ суы тоқтайды да қалады. Щучье қаласының маңындағы тас кеніш­теріндегі жарылыстар да көп­­теген бұлақтардың құрып кетуіне әсерін тигізгені анық.

Бұлақ – бұл жай ғана су көзі емес, біздің табиғатымыздың ажы­рамас құрамдас бөлшегі. Өзен-көлдің қайнар көзі, өсім­­дік пен жануар әлемінің сақ­­таушысы. Бурабай өңіріндегі бұлақтар қазір қамқорлыққа аса мұқтаж. Жоғалып кеткен бұ­лақ­тың аумағын тазартып, қамқорлыққа алса, оның көзі қайта ашылар еді. Қазақ «бұлақ көрсең, көзін аш» деп тектен-текке айтпаған ғой. Бұлақ көзі ашылса, жылдан-жылға тартылып бара жатқан Бурабай аймағындағы өзен-көлдің суы да толығып, оның қоршаған ортаға тигізер игі әсерінің болары сөзсіз.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар