15 Тамыз, 2018

БҚО-да биыл меценаттардың көмегімен 46 жоба жүзеге асты

765 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші жарты жылдықта «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында меценаттардың көмегімен 46 жоба жүзеге асып, оған 71 330 000 теңге қаражат жұм­сал­ған екен.

БҚО-да биыл меценаттардың көмегімен 46 жоба жүзеге асты

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» дейтін мақалы бар халықпыз ғой. Алла тағала берген мол несібені құзғындай астына баспай, сұңқардай айналасына шашып жейтін атымтай азаматтар қазақ қоғамында бұрын да болған. Же­ті­суда жаңа үлгідегі мектеп ашып, мұға­лімдікке жалпақ қазақ даласынан үздік­терді тартқан Маман ұрпақтары, «Қазақ­стан», «Қазақ» газеттеріне қолдау көр­сеткен Шәңгерей Бөкеев, Мұста­фа Оразаев соның бір мысалы емес пе?

ХХ ғасырдың басындағы марғасқа меценаттар бүгін де бар. Әсіресе, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін жер-жерде жомарттық жарысы басталып кеткендей болды. Жерлестердің туған жеріне тартқан сыйлығының ең кішкенесі – елді мекеннің аты жазылып, қып-қызыл жүрек орнатылған диодты шам әр ауылда жарқырап тұр. Ал кіндік қаны тамған ауылына миллиондаған қаржы салып, әлеуметтің еңсесін көтеретін ерлік жасағандар да аз емес. 

– 2017 жылы Батыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Атамекен» кіші бағдарламасының «Әлеуметтік бас­тамалар картасы» базалық бағыты бо­йынша 71 жоба аяқталды. Кәсіпкерлер өңірде 60 жобаны жүзеге асырып, 2,5 млрд теңгені ел игілігіне жұмсады. Меценаттар көмегімен іске асырылған жобалардың ішінде Қазталов ауданы, Сарықұдық ауы­лында Нұрлыбай Жолдыбаев 5,2 млн теңгеге салып берген фельдшерлік пунктті, Ақпәтер ауылында Кәрім Өтеғұловтың демеушілігімен жасақталған, құны 9 млн теңгелік музейді, Ақсай қаласында «Қарашығанақ» өндірістік бірлестігі демеушілігімен салынған спорт кешені мен 320 орындық балабақшаны атап өтуге болады. Сонымен қатар Тасқала ауданының меценаты Амангелді Ахмекиев былтыр Бақалы көлінің экологиялық ахуалын жақсартып, балық жіберуге 2 млн теңге жұмсаса, биыл тағы 5 млн теңге қаражат салғалы отыр, – дейді «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Салтанат Тұманбаева.

Биыл жыл басынан бері өңірде атқарылған кейбір қомақты істерге тоқтала кетейік. 

Тасқала ауданы, Мерей ауылдық округінің Мерей ауылында өткен «Мерейлі мекен – Мерейім» атты жерлестер форумында ауыл мектебін 1998 жылы бітірген түлектер ауыл көшелеріне 20 орындық орнатып, 40 қарағай көшетін отырғызса, 40 жыл бұрынғы түлектер мектебіне 10 домбыра сыйға тартты. Осы ауданға қарасты Оян ауылында мектеп түлектері білім ордасының мұражайы мен акт залын күрделі жөндеуден өткізіп беріпті. 

Жалпы, туған жеріне тарту жасауда Қазталов ауданының алдына шығатын өңір жоқ сияқты. Биыл да Жалпақтал ауылының 1981 жылы туған түлектері құны 4 млн теңге тұратын «STREET WORKOUT»спорт алаңын сыйлапты. Алаңға спортпен айналысуға қолайлы заман талабына сай 8 тренажер қойылды. Сондай-ақ Жалпақтал ауылының орталық саябағында «Батырлар аллеясы» пайда болды. Мұнда Кеңес Одағының Батыры және Социалистік Еңбек Ері атағын алған жалпақталдық 15 адамның бюсті қойылған. Бұл іске ауыл мектебін бұдан 35 жыл бұрын бітірген түлектер 10 млн теңге қаражат жұмсапты. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Көктерек ауылдық округінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрін дәріптеуге арналған шаралар жиі өтеді. Соның бірін ауылдың 1971 жылы туған түлектері ұйымдастырды. Сөйтіп Көктерек мәдениет үйінің алаңында күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жыл толуына орай «Асыл домбыра» атты композиция орнатылды. Ауылдық мәдениет үйі алдында бой көтерген ескерткіштің биіктігі 3 метр, ені 1 метр. Айта кету керек, көктеректіктер болашақ күйшінің осы ауылда тұрғанын мақтаныш етеді.

Аталған бастама аясында Ақжайық ауданында да талай-талай игі істер атқарылып жатыр. Шабдаржап ауылында тұрғындар жаз кезінде пайдалануы үшін техникалық су жүйесі іске қосылды. Жоба жетекшісі Т.Мұхамедияров пен оның әріптестері – ауыл тұрғындары осынау ортақ іске 4,8 млн теңге шығындаған екен. «Қарны ашқанға балық берме, қармақ бер» дегендей, әр аулаға келіп тұратын мұндай су ауылдықтардың жеке бау-бақша өсіруіне, сөйтіп, азық-түлік қорын жасауына үлкен көмек болды.

«Жақсылық жасау жарысында» Теректі ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға да ерекше тоқталған жөн болады. Елге белгілі кәсіпкер Сағидолла Еркебаев былтыр өзі білім алған Долин ауылдық округінің Чапаев орта мектебіне 275 000 теңге көлемінде демеушілік жасаған еді. Ол қаржыға 14 шаңғы, 10 спорттық киім алынып, қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылған екен. Сағидолла Батайұлы биыл да жомарттық танытып, жыл қорытындысы бойынша үздік ұстаздар мен оқушыларға 1 млн теңге грант тағайындады. Сөйтіп ұстаздар арасында қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Алма Сартөлеева, математика мұғалімі Лунара Сәрсенова және бастауыш сынып мұғалімі Болған Атапкелова меценат сыйлығына ие болса, оқушылар арасында Ділнәз Құлниязова, Айнагүл Жанғалиева және Виолетта Шубнякова грант иесі атанды. 

Ақжайық ауылында ҰОС ардагер­леріне арналған мәрмәр ескерткіш 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында ашылды. Мектеп түлектерінің күшімен жасалған бұл белгіде майдан даласында қалған 140 боздақтың және елге аман келген 167 майдангердің есімдері ойып жазылған. Ескерткішті орнатуға 400 мың теңге қаражат жұмсалыпты. 

Осы ауданның Аңқаты ауылындағы Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебінде мұражай ашылды. Мұражайға ауыл мен мектеп тарихынан сыр шертетін 250 жәдігер қойылған. Бұл мұражайды жабдықтауға да осы мектеп түлектері мұрындық болған екен. Ал Шағатай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп түлектері Марат Тоғжанов пен Қайрат Қадешов бастаған сыныптастар білім ордасына қуатты музыкалық аппаратура сыйға тартты. 

– Туған жер бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде 2018 жылы Теректі ауданы бойынша 15 ауылдық округте демеушілер мен меценаттар тарапынан жалпы құны 12,75 млн теңгелік 13 жоба іске асырылды, – дейді Теректі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Серғазыұлы.

Теректі ауданы – Қазақстанның Жалпыұлттық қасиетті нысанына кіретін «Тақсай ханшайымы» – сармат заманына жататын алтын киімді әйелдің қабірі табылған өңір. Бүгінде «алтын ханшайымның» қалпына келтірілген мүсіні Орал мен Астана музейлерінде тұрғанымен, бұл киелі жәдігердің табылған жерін көргісі келетіндер де баршылық. «Заңғар» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Гүлназ Көшенова дәл осыны ескеріпті. Сөйтіп асыл текті сармат әйелі жерленген оба – Долин ауылы маңында, Орал – Орынбор тас жолының оң жағынан 250 метр жерге «Тақсай ханшайымы» атты кесене салуға кіріскен. Кесененің биіктігі 7 метр болса, ені 4 метр­ді құрайды. Құрылыс жұмыстары осы тамыз айында аяқталуы тиіс. Жоба­ның жалпы құны 8 млн теңгені құрайды. 

Аудан көлеміндегі алып құрылыстың бірі Теректі ауданының орталығы Федоровка ауылында бой көтеруде. Ауыл кәсіпкері, «Теректі» шаруа қожалығының жетекшісі Сержан Идиятов қолға алған спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жыл соңында аяқталып, ауыл тұрғындарының пайдалануына берілмек. Мұнда 30 орындық бассейн, 100 орындық қоғамдық монша, пиццерия жұмыс істейтін болады. Аудан басшылары «осы әлеуметтік нысан пайдалануға берілсе, жүйелі түрде спортпен шұғылданатын ауыл тұрғындарының саны көбейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларына кешенге тегін баруға мүмкіндік беріледі» деп қуанып отыр.

Сержан Идиятов Теректі ауданы орталығында бірнеше аялдама салып, қайырымдылықпен де тұрақты айналысып жүрген атымтай азамат. Жыл сайын республикалық көлемде өтетін «Бақыт деген – сенің бала күндерің» байқауына қатысуға ниет білдірген теректілік қос талант Сұлтан және Бейбарыс Ғарифуллиевтерге додаға қатысу үшін төлеуі қажет 200 мың теңгені де осы Сержан берген. Жоғарыда сөз болған спорттық-сауықтыру кешені құрылысына 130 млн теңге қаражатын шығарып отыр екен. Ақжүрек азамат облыс пен ауданның дамуына үлес қосқаны үшін «Қазақ хандығына – 550 жыл» (2015 жыл), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» (2016 жыл) медальдарімен марапатталған. 2017 жылы Теректі ауданы әкімінің «Жыл үздігі» байқауында «Үздік кәсіпкер» аталымы бойынша алға шықты. Елден алғыс алған осындай азаматтар көбейе бергей!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»