Қаржы • 15 Тамыз, 2018

Дәурен ҚАРАБАЕВ: Артықшылықты акцияларды кері сатып алу – акция ұстаушылар үшін де, компания үшін де тартымды нұсқа

824 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда артық­шылық беріл­ген акцияларды сатып алу туралы хабарлаған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен ҚАРАБАЕВ аталған процедураның қалай жүзеге асатынын бас басылымға берген сұхбатында егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Дәурен ҚАРАБАЕВ: Артықшылықты акцияларды кері сатып алу – акция ұстаушылар үшін де, компания үшін де тартымды нұсқа

– Дәурен Сапарғали­ұлы, 13 тамызда «Қаз­МұнайГаз» Бар­лау Өн­діру» АҚ артық­шы­лықты акцияларды кері сатып алу туралы хабарлады. Осы жайында толығырақ ай­та кетсеңіз. 

– Өздеріңіз білетіндей, 2017 жылдың соңында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­діру» АҚ (ҚМГ БӨ) жа­һандық депозиттік қол­хаттар (ЖДҚ) мен қарапайым акцияларын кері сатып алу туралы ұсы­ныс жасаған болатын. Артықшылықты акциялар ол кезде бағдарламаға енгізілмеген еді. Өйткені ЖДҚ мен қарапайым акцияларды кері сатып алу сәтті жүзеге асатынына то­лық сенім болған жоқ. Алайда қарапайым акциялар мен ЖДҚ-ны кері сатып алу акционерлер арасында қы­зығушылық тудырды. Акция иелерінің басым бөлігі өздеріне тиесілі ЖДҚ мен акцияларды сатып алуға өз еріктерін білдірді. 

Менің ойымша, бұл нарықтық жағдаймен, ком­­­­панияның алдағы да­му мүмкіндіктерін ескере оты­­рып қабылданған ше­шім. Қарапайым акциялар мен ЖДҚ-ларды сатып алу нәтижесі бойынша «Қаз­МұнайГаз» ҰК АҚ-тың ҚМГ БӨ-дегі үлесі 63%-тен 95,4%-ке дейін өсті. 

Қарапайым акциялар мен ЖДҚ-ны сатып алу сәтімен жүзеге асырыл­ған­нан кейін компания ар­тықшылық берілген акцияларды сатып алу туралы ұсыныс жасаған болатын. Мұндай акциялары барлар үшін бұл тиімді ұсыныс. Олар өз иелігіндегі акцияларды тиімді бағамен сатуға және осылайша инвестицияларын ақшаға аударуға мүмкіндік алады. 

Сатып алу компания үшін белгілі бір артық капи­талдың қайтарылуы. Ол компанияның капитал құрылымын оңтайлан­ды­руға және ҚМГ тобындағы компанияларды қайта құ­рудың бұдан арғы жоспар­ларын жүзеге асыруға мүм­кіндік береді. Өйткені ҚМГ БӨ операциялық қыз­мет атқармайды, тек ҚМГ тобындағы компаниялар­дың өндірістік активтеріне иелік етеді. ҚМГ тобындағы компаниялардың ауқымды оңтайландырылуын ескере отырып, ҚМГ БӨ рөлі қайта қарастырылды. Қазіргі таңда ҚМГ БӨ-нің одан әрі қарайғы қызметінің түрлі нұсқасы қарастырылуда. Осыған байланысты бұл кезеңде артықшылық бе­рілген акцияларды сатып алу акция иелері үшін де, компания үшін де тартымды нұсқа.

Атап өту керек, кері сатып алуға қатысу акцио­нерлердің еркіне байланыс­ты. Артықшылықты акцияларды ұстаушылар көптеген факторларды – ағымдағы нарықтық жа­ғ­дай­ды, компания қызме­тінің одан әрі перс­пективасын, тәуекелдерді және ең соңында әр ак­ционердің жеке өзіне тән жағдайын есепке ала отырып сатуға не сатпауға ше­шім қабылдауы тиіс. 

– Артықшылық беріл­ген акциялардың бағасы қандай?

– Басымдығы бар акция­ның біреуі 12 800 теңгені құрайды. Соңғы айдағы орташа баға 10 292 теңгені құрап отырғанын есепке ала отырып, нарық бағасының үстемақысы 24,4% болып­ отыр. Атап өтерлігі, 2017 жыл­дың желтоқсаны мен 2018 жылдың наурызы аралығында қарапайым акция сатып алғандағы үстем­ақы 23,7% болды. Одан бө­лек жуырда кей акционерлер компанияға оларға тиесілі артықшылығы бар акцияларды сатып алу туралы өтінішпен хабарласты. Олардағы артықшылығы бар акцияны сатып алу құны 12 115 теңгені құрады. Компания артықшылығы бар акция иелері – жеке тұл­­ға­лардың трансфер-агент және брокер ретіндегі «Қазпошта» АҚ қызметіне кететін шығындарын өзіне алады. 

– Артықшылығы бар акция иелері кімдер? 

– Акцияның 86% жеке тұлғаларға тиесілі. Бұл 15 мыңға жуық адам. Негізгі бөлігі «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Ембімұнайгаз» АҚ бұрынғы және бүгінгі қыз­меткерлері. Қалған 14% артықшылығы бар акция иелері заңды тұлғалардың еншісінде. 

– Артықшылығы бар акцияларды сату процедурасы қандай? 

– Қайта сатып алуға бро­кер немесе трансфер-агент арқылы қатысуға бо­ла­ды. Толық кеңесті call-ор­талық­тарда, аймақ­тардағы трансфер-агент­тер­дің кеңселерінде, бро­кер­лер мен компания­да алу­ға болады. Қайта сатып алу 2018 жылдың 16 қара­шасына дейін созылады. Бұл артықшылығы бар акция иелеріне тиісті шешім қабылдап, барлық құжаттарды рәсімдеуге мүм­кіндік береді деп ойлаймын. 

– Акцияларды қайта сатып алуға қатысты алдын ала болжам жасай ала­сыз ба? 

– Дәл қазір қандай да бір болжам жасау қиын. Себебі ұсыныс енді ғана жасалды. Өз тарапымыздан біз ашық диалогқа түсіп, акционерлерді толғанды­ратын сұрақтарға жауап бе­руге әзірміз. 

Атап өткім келетіні, ҚМГ БӨ мен оған қарасты ком­­панияның кез келген қа­дамы алдымен мемлекетке мейлінше мол пайда әкелетін пәрменді компания құруға бағытталған. 

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше