Аймақтар • 15 Тамыз, 2018

Алматы облысында жаңадан салынған 9 мектеп оқушыларға есік ашады

943 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Алматы облысында жаңадан салынған 9 мектеп оқушыларға есік ашпақшы. Бұл өңірдегі апат жағдайында жұмыс істеп тұрған және үш ауысымда білім беретін оқу орындарының санын азайтады. 

Алматы облысында жаңадан салынған 9 мектеп оқушыларға есік ашады

Облыста мектеп жасына тол­ған балалардың қатары жыл санап өсіп келеді. Әсіресе Алма­ты қаласы маңындағы аудандарда мектеп тапшылығы сезілетіні жасырын емес. Ішкі миграцияның есебінен Талғар, Қарасай, Іле ауданы аумағында халық тығыз қо­ныстануда. Отбасындағы оқу­шы балалар санының көп бо­луы бұрыннан қолданыста болып келген мектептерде орын тапшылығын тудыруда. Салыс­тыру үшін айталық, қазіргі күні құрылысы аяқталуға жақын бір­неше мектеп Іле ауданында ашылмақшы.

Мегаполистің шекарасына сұғынып жатқан аумақ тұрғындар үлесі жөнінен облыстағы төртінші аудан бол­ғанымен, өңірді нақты мекен ету­шілердің саны есептегіден әлдеқандай көп екені анық. Яғни Алматыға бағытталған ішкі миграция салмағы осы Іле ауданына түсіп отыр. Ауданда 155 мың адам ресми тіркелген болса, құ­жаты рәсімделмеген үйлердің тұрғындары бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Әрі соңғы 5 жыл ішінде Іле ауданының аумағында жаңадан бой көтерген елді мекендер саны көбейіп, аумақтағы біліммен қамту ғана емес, тұтас инфрақұрылым: жол, жарық, ауызсу мәселесі де қиындап тұрғаны жасырын емес. 

Дегенмен де облыс билігі Іле ауданындағы мектеп жетіс­пеушілігі мен апат жағдайында жұмыс істеп тұрған оқу нысандарын жаңартуға да, жаң­ғыртуға да күш салып жатыр. Мәсе­лен, осы ауданның Ынтымақ ауы­лының оқушылары жаңа оқу жылын кең сарайдай жаңа мек­тепте қарсы алғалы отыр.  Бұл өзі құрылысы 2016 жылы бас­талып, жобалаушылардың қате­лігінен пайдаланылуға бері­луі кешеуілдеп кеткен мектеп болатын. Бастапқыда жылу қазан­дығының жобасы дұрыс жасал­май, бұл тұтас ғимараттың та­лап­қа сай қолданысқа енуіне ке­дергі болып келген екен. Биыл мер­дігерлер кемшілікті түзеп, мектеп құрылысын толық аяқтап отыр. Бұйырса, 600 бала жарық, жаңа ғимаратта оқитын болады.

Осы Іле ауданының Төле би­ ауы­лында да жаңа мектеп құры­лысы аяқталып, қолданысқа беріл­мек. 300 орындық орта мектептің құрылысына 886 млн теңгеге жуық қаржы Ұлттық қордан, ал 89 млн теңге шамасын­дағы қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген.

Мемлекет қаржысына салынып жатқан мектеп құрылысы қадағалаушылардың да қатары көп болып тұр. Мысалға, бюджет қаржысының мақсатты жұм­салуына бақылау жасау мақ­сатында «Нұр Отан» партиясы Ал­маты облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инс­пекторы Алмас Мұқаев бас­таған комиссия құрылыс басына жиі келеді. Нәтижесінде құрылыстан біршама келеңсіздік анықталды. Мердігер компания­мен арадағы ашық әңгімеден кейін, бұл кем­шіліктер жөнделген.

Төле би ауылындағы мектептің спорт залына қатысты құрылыс талабын бұзушылықты анықтадық. Қазір мердігер спорт залдың шатырын қайта жауып жатыр. Бұл кейін болуы мүмкін апат пен талапқа сай келмеудің жолын кеседі, – дейді партия өкілі Алмас Мұқаев.

«Нұротандықтардың» ара­ласуы­мен бірнеше мектептегі пан­дустар қайтадан жасалды.­ Жалпы, мектеп, аурухана сияқ­ты әлеуметтік маңызы бар ғима­раттар салуда құрылыс компаниялары тарапынан жіберілетін кемшіліктердің дені осындай мүм­кіндігі шектеулі жандарға арналған баспалдақтар мен пандустарға қатысты орын алады екен. Сонда әуелгідегі жобалаудан қате кете ме, әлде ақша үнемдеудің оңай жолы осы жерден табыла кете ме деген қызық сауал туады.

Айтпақшы, облыс бойынша аумағы атшаптырым болатын мек­теп ғимараты Талдықорған қаласындағы солтүстік-батыс тұрғын аумағында салынып жатыр. Соңғы үлгіде жобаланған, келешекке өзгерген келбетімен қадам басатын мектепте 1200 бала білім алмақ. Қазір бұл ғимарат­қа өңірдегі ең үздік мектептің бірі болып отырған Мұхтар Арын атындағы №24 лицей қоныс­тануда.

Түйіндей айтқанда, биыл облыс бойынша жаңадан ашылатын 9 мектептен бөлек, 30 нысанға күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланған. Оған бюджеттен 6 млрд 372 млн теңге бөлінген. Өткен мамыр-шілде айларында басталған жөндеу жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталуы тиіс. 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»