Қазақстан • 15 Тамыз, 2018

Жамбыл филармониясына Кенен есімі берілді

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осы уақытқа дейін Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық филармонияға әйгілі ақын, көрнекті композитор Кенен Әзірбаевтың есімін беру керектігі туралы талай рет мәселе көтерілген еді.

Жамбыл филармониясына Кенен есімі берілді

Жуырда жамбылдықтар жан жадыратар жаңалықтың куәсі болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 9 тамыздағы №485 Қаулысымен Жамбыл облыстық филармониясына Кенен Әзірбаевтың есімі берілді. Сонымен қатар, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Қалалық мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Ықылас Дүкенұлы және Тараз қалалық білім бөліміне қарасты №10 орта мектеп Сағадат Нұрмағамбетов есімдерін иеленді.

Есімдері мекемелерге берілген үш тұлғаның да қазақ тарихындағы орыны айрықша. Кенен Әзірбаев екі мәрте Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған көрнекті ақын, композитор ретінде белгілі болса, Ықылас Дүкенұлы қазақ күй өнерінің құдіретін танытқан тұлға. Ал Сағадат Нұрмағамбетов еліміздің алғашқы Қорғаныс министрі болып, мемлекеттік деңгейде қызмет атқарған азамат.

Бүгінгі таңда Жамбыл облыстық қазақ драма театрына атау беру мәселесі жиі көтеріледі. Кезінде аталған театрға қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың есімін беру керектігі де айтылған. Алайда талай жылдан бері бұл мәселе шешімін таппай келеді. Ендігі жерде Жамбыл театрына да лайықты атау беріледі деген үміт бар.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы