Руханият • 15 Тамыз, 2018

Жазықсыз атылған жампоз

775 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жазықсыз атылған жампоз

Семейдегі Шәкәрім атындағы мем­лекеттік университеттің профессоры, белгілі ғалым,  Манаш Қозыбаев атын­дағы тарихи зерттеу орталығының жетекшісі Мұхтарбек Кәрімов Шәкәрім­дей Алаштың ардақтысын үйінде қонақ қып, дәм таттырған, қиын-қыстау заман­да қажыға көмегін аямаған заманы­ның адал азаматтарының бірі Сәкен Үркімбаев туралы сыр шертті.

– Сәкен Үркімбаевтың бәйбішесі Ақлима Жұматайқызының сүйегі Мұрын елінен, оның ішінде Тоқабай. Әйгілі Қожагелді батырдың інісі, Айдарбек бидің ұрпағы еді, менің туған нағашыларым, – деді Мұхтарбек Қарпықұлы бізбен әңгімесінде, – туған жеріміз Ақсуат, Тарбағатай өңіріне Сәкен Үркімбаев деген кісі ертеде қыз­­мет бабымен келеді. Руы арғын, тобық­­ты ішінде жуантаяқ, қазақтың ер­те­дегі оқығандарының бірі. Ұлы Абай­­дың айналасы, Шыңғыстау елі сауа­­тын ерте ашқан өңір. Біздің апайымыз Ақлима екеуі жарасып, тұрмыс құра­­ды. 1931 жылы жаз айында Сәкен жез­д­е­міз Семейдегі облыстық соттың мүше­­сі болып жүрген екен. Бұл туралы бүкіл әңгімесін Ақлима әже 90-нан ас­қан ша­ғында журналист Дәулет Сейсен­ұлы­мен сөйлесіп отырып, айтып бергені де бар.

Мұхтарбек ағаның айтуынша, Шәкәрім бір қуғынмен қашып келгенде, олар жасырып, жертөлеге түсіріп қояды екен. Жанында Алдажар деген азамат болыпты. Елден тағы да бір Арғынғазы деген кісі де қашып келеді. Үшеуін кешке Сәкен Үркімбаев жұмыстан келгенше жертөлеге жібереді де, кешке шығарып алып отырады. Ақлима әжемнің айтуынша, Шәкәрім өнерлі кісі еді. Ою оюшы, әсіресе сырмақты шебер оюшы қолөнердің адамы деседі. Дастарқан үстіндегі табақты көтеретін иллюзионистік қасиеті де болыпты. Бір күні Сәкен айтып келеді:

– Шәке, сіздің соңыңызға мықтап түсті. Іш жаққа шығып кетіңіз дейді. «Іш жақ» дегені Сібір. Мен мына пойыз­ға Ауыл стан­сасынан отырғызып жіберемін, депті.

Шәкәрім бұл сөзге ойланып-ойланып «басқа салғанын көремін» деп бас тартады. Бұл жаз айында болған уақиға. Ал қазан айында Шәкәрімді атып тастайды. 

Сәкен Үркімбаев Ұлан ауданының да прокуроры болған. Бұл 1932 жылдың тұсы. Сәкен жас кезінде жолда көшіп келе жатып, бір жастан енді ғана асқан ұлдары Айдарбек қатты ауырады. Бала­ның ыстығы көтеріледі. Сөйтіп жолда тоқтап Даубай деген жерде отырған Абайдың ұлы Ақылбайдан туған Әубәкірдің үйіне түсіпті. Үйде Абайдың бәйбішесі Ділдә мен Әубәкірдің әйелі бар екен. «Мен ұйықтап қалыппын, оянсам балам өліп қапты. Ал кеп, зар еңіредім» дейді Сәкен. Жылап отыр ем, Ділдә бәйбіше ұрыса жөнелді: «Қарағым, тоқтат көз жасыңды, әлі жассыңдар, құдай береді, балаларың болады» деп. Содан ырымдап, баланы Даубай ата­ның бейітінің аяқ жағына жерлеп, жүріп кеттік. Бұның бәрі әрине Ақлима әженің 96 жаста айтқан естеліктерінен еді.

Алаш арысы Міржақып Дулатовтың был­­ғары сары портфелі бар екен. Зай­санда бала оқытқан кезде, жолдас бол­ған жігіттеріне беріпті. Соны азаматтар Сә­кен Үркімбаевқа сыйға тартыпты. Халық Сәкенді ерекше қадірлеп, жақсы көр­­ген ғой. Ол 1937 жылы Сарқан ауданы­­ның прокуроры болып тұрған кез­де ұсталыпты.

– Ақлима, мені түбі қалдырмайды, отбасымен ұстап жатыр, сені де тұт­қындап алып кетеді, мені аяп жатқан жоқ, сен бірге кетесің, ел жаққа қайт,  – дейді жұбайына. «Мен көнбедім, өлсек бірге өлеміз» деп отырып алдым. Сәкен де болмады, маған бұйрық бере сөйледі. Содан болмай Семейге қарай бір көлікке отырғызып, елге  жіберді. Елде, Семей өңірінде бір ай ғана болып, одан қайтып келдім. Келсем Сәкен жоқ! Ұстап әке­тіп­ті. Жанұшырып іргедегі Алматыға іздеп бардым. Алматыдағы бір прокурор таны­сы­ның жұмысына іздеп бардым, деп естелік айтады Ақлима әже. Кабинетіне кірген кезде, Сәкеннің былғары қара плащы көзіме оттай басылды. Прокурор (аты-жөні белгісіз) «Сәкенді алып кетті, кетіп бара жатқан кезде маған «бұны сен киіп жүр, маған кию жазбады» деп, естелікке тастап кетті» деге­ні. Көңілім алай-түлей болды. Алыс­тан келгенімді көрген прокурор менен «қайда түстің?» деп сұрады. Мен ешкімді танымайтындығымды айттым.

– Ақлима, сен біздің үйде бол, деп ол адрес­ін көрсетіп,  хат жазып берді. Мен «халық жауының әйелімін». Ал оның үйін­­де болу деген ол заманда «оны отба­сы­­­мен құрту» деген сөз еді. Мен бара ал­ма­­дым, дейді, – деп Мұхтарбек аға Ақлима әжесінің басынан өткенді баяндады.

Мұхтарбек Қарпықұлының айтуынша, Сәкен Үркімбаевтан кейін Ақлима апайы екінші рет тұрмысқа шыққан екен, бірақ ол адамнан баласы болмай, асырап алыпты. Сәкеннен Айдарбек деген дүниеден ерте қайтқан баласы және Роза деген қызы болыпты.

Сәкен Үркімбаев туралы кім біледі екен? Мұхаңды бүгінде міне, осы сұрақ мазалайды. Мүмкін, Абай елінің адамдары хабардар шығар?..

Раушан НҰҒМАНБЕК,

журналист