Тарих • 15 Тамыз, 2018

Адам Пжегодскийдің Жетісудағы көпқырлы қызметі

603 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

ХІХ ғасырдың екінші жартысы қазақ жерінде кәсіби медицинаның толық қалыптасып үлгермеген уақыты болатын. Ал Ресей империясының құра­мына енгізілген аумақтарда кадр жеткіліксіздігі, әсіресе дәрігерлердің жетіс­пеушілігі анық байқалды. 

Адам Пжегодскийдің Жетісудағы көпқырлы қызметі

Сол кезеңде Орталық Азияда ауық-ауық түрлі жұқпалы эпидемиялар таралып отыратын. Мәселен, 1829-1830 жылдары парсы жерінен Хиуаға, одан көршілес қазақ жеріне енген тырысқақ індеті еліміздің оңтүстігі мен батыс өңірлерінде кең таралды. Аталған эпидемиядан тұтас ауылдар қынадай қырылды. 

Уақыт өте, аз да болса кәсіби меди­циналық білімі бар дәрігерлердің жұмыс істей бастауы денсаулық саласындағы күрделі ахуалдың едәуір жақсара түсуіне оң ықпал етті. Бірақ ХІХ ғасырдың екінші жартысында еліміз аумағын­да дәрігерлердің саны өте аз болатын. Сөз болып отырған жүз­жылдықтың 60-жылдары имперлік Ресейдің қазақ жерінің оңтүстігін отарлауымен, жаңадан қосылған аумақ­тарда әкімшілік-аумақтық реформалар жүргізгені белгілі. Соның салдарынан сол кезеңдегі қазақ жерлері: Ақмола (орталығы Омбы қаласы), Сырдария (Ташкент қ.), Жетісу (Верный қ.), Семипалат (Семей қ.), Орал (Орал қ.) және Торғай (Орынбор қ.) облыстарына, өз кезегінде әр облыс иерархиялық басқару тұрғысынан уездерге, болыстар мен ауылдарға бөлінді. 

Құрылған әкімшілік аумақтарда қызмет көрсете бастаған алғашқы мамандар негізінен әскери дәрігерлер еді. Алайда басқару жүйесінің орнығып, азаматтық мекемелердің қалыптасуымен жергілікті халыққа қызмет көрсететін дәрігерлер де келе бастаған-ды. 

Сол кезеңдегі Қазақстан аумағында дәрі­герлік қызметпен айналысқан маман­дар­дың ұлттық құрамы әр алуан еді. Басым бөлігін орыстар құрағанымен, олар­дың арасында неміс, еврей, украин және поляк ұлтының өкілдері де кездесетін. 

Мақала еліміздің оңтүстік-шығысын­да және оған іргелес аумақтарда ХІХ ғасыр­дың екінші жартысында жұмыс атқарып, медициналық көмекке зәру халық­қа қалтқысыз қызмет көрсетіп, елдің құрметіне бөленген дәрігерлердің бірі – Адам Пжегодскийге қатысты болмақ.

Адам Пжегодский – шығу тегі бо­йынша поляк ұлтының өкілі. Дей тұрған­мен оның қай өңірдің тумасы екен­дігіне, ата тегіне және ғұмырының соң­ғы кезеңіне қатысты мәліметтер жоқтың қасы. Сондықтан да мақала барысында негізінен оның медициналық қызметімен ғана шектелеміз.

ХVIII ғасырдың соңынан бастап, поляк жерінің басым бөлігі Ресей билігінде болған-ды. 

Жалпы, поляк дәрігерлерінің қазақ даласына келуін еріксіз және ерікті негізде жүзеге асқан үдеріс ретінде сипаттауға болады. Бұрынғы Речпосполита мемлекетінің шекараларында 1830 жылы имперлік билікке қарсы ұлт-азаттық «Қараша көтерілісінің» және 1863-64 жылдардағы «Қаңтар көтерілісінің» орын алып, аяусыз басып жанышталғандығы тарихтан белгілі. Аталмыш көтеріліске қаты­сып, империяның шалғай аумақ­тарына жер аударылғандар арасында дәрігерлер де аз емес-тін. Олар өз кезе­гінде еркінен тыс келгендер болса, өз қалауымен мемлекеттік қызметке орналасып, қазақ жерінде қызмет жасаған поляк дәрігерлерінің де қатары көп еді. 

Сөз болып отырған кезеңде еліміз аймақтарында жұмыс істеген поляк дәрігерлерінің арасынан: Ақмола мен Шығыс Қазақстанда қызмет атқарған Цезари Тэраевичті, Жетісуда жұмыс жасаған Людвиг Мачеевский мен Павел Бальбуциновскийді, фармацевт Юзеф Сенчиковскийді ерекше атауға болады. Солардың қатарына Адам Пжегод­скийді де қосу қажет. ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары Жетісу өңірі мен Солтүстік Қырғызстан жұртшылығына кеңінен танымал дәрігер Адам Пжегодский (ақпарат көздерінде Пржегодский) ХІХ ғасырдың 60-70 жылдары аралығында Петербургтегі медициналық-хирургиялық академия­да білім алады. 1873 жылы атал­ған оқу орнын тәмамдайды. Ал 1875 жыл­дан бастап қазіргі Алматы, сол ке­зең­­дегі Верный қаласындағы 2 Түркі­с­тан артиллериялық бригадасында кіші дәрі­гер ретінде жұмысын бастап, келген жылы Нарындағы (Қырғызстан) лазаретке уа­қытша меңгерушілік жасайды. 

1876-1880 жж Тоқмақта (Қырғыз­стан), 1883 жылдан Сергиопольде (қазір­гі Аягөз, сол жылдары Жетісу облы­сы, Лепсі уезінің орталығы) уез­дік дәрігер лауазымында болады, сонымен бірге Сергиопольде әскери лазареттің меңгерушілігін қоса атқарады. Меди­циналық көмекке зәру халыққа қызмет көрсетіп, елдің алғысына бөленеді.

Жетісуға 1881-1884 жж Шығыс Түркі­­стан­нан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендерге алғашқылар қатарында медициналық көмек көрсетеді. 

Сол кезеңдегі Жетісудың танымал дәрі­герлерінің бірі Федор Поярков өзі­нің әріптесі А.Пжегодский қызмет жолы­ның осы парасы туралы: «Біз, ауыр науқасқа шалдыққан дүнгендердің азабын жеңілдету жолында күш-жігерін сарп еткен, өз денсаулықтарын аяма­ған қос тұлғаның қызметін атап өтуге тиіспіз. Науқастарға жан аямай қызмет көрсеткен, сол кезеңдегі Тоқмақтың уездік дәрігері Адам Пжегодский мен оның көмекшісі, қазір дүниеден өткен фельдшер Василий Фрунзе болатын. Дәрігер Пжегодскийдің көмекшісімен бірге ауыр науқас дүнгендерге күтім жасау сынды ауыртпашылықты өз күш­терімен атқаруға тура келді, шығынды есепке алмағанның өзінде, оған қолайсыз тіпті адам төзгісіз жағдайда және жоқтан бар жасаған құралдармен жүздеген ірі операция жасауға тура келді. Өз қыз­метінің барлығын далада өткізген, тек білім және жақын жанға деген құр­метпен қаруланған дәрігер, өзіне тағдыр жіберген ауыр сынақтан абыроймен шыға білді. Ол көмекшісімен бірге бақыт­сыздарға елден бұрын көмекке келе­тін және нағыз жауынгер сияқты ұрыс алаңын, тек барлығын жасағаннан кейін ғана тастап шығатын» делінген тол­ғанысқа толы естелік қалдырған. 

Адам Пжегодский жоғарыда аталған өзінің әріптесі әрі қандасы Павел Баль­буци­нов­ский секілді ғылымды серік етеді. Кәсіби дәрігерлік қызметінен өзге, өзі жұмыс істеген Жетісу өңірінің минералды су көздерін зерттеп, оның адамға пайдалы қасиеттерін зерделеуге ден қояды. Аталған тақырыптағы қос еңбектің авторы.

Оның алғашқысы: 1892 жылы Верный қаласында жарық көрген «Краткая записка о Барлыкских горячих ключах» атты еңбек. 

Атауынан белгілі болғандай дәрігер Пжегодский сөз болып отырған еңбекте қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында (имперлік кезеңде алғашында Жетісу облысының Сергиополь, соңынан Лепсі уезінің құрамында), Арасан өзені­нің жоғарғы ағысында орналасқан Бар­лық минералды су көздерін кешенді зерт­теуге басымдық берген. 

Жалпы, Алакөлдің, оған іргелес Бар­лық су көздерінің емдік қасиеттері жергі­лікті қазақ халқына ертеден белгілі болған. Бұл туралы тарихи сипаттағы деректер жетіп артылады. Ұзақ уақытқа созыл­ған қазақ-жоңғар соғысы кезеңінде жара­ланған қазақ жауынгерлері Алакөл­дің жағалауында дамылдап, алған жарақат­тарын емдейтін. Минералдық құрамы ерекше көл суының әсерінен денедегі жарақаттар қарақотырланып тез емделген. 

Егер Адам Пжегодскийдің 1883 жыл­дан бастап минералды бұлақтар орна­ласқан Сергиополь уезінде дәрігер болғандығын ескерсек, аталған минералды су көздерін алғаш рет кешенді зерттеуге үлкен үлес қосқанына көз жет­кіземіз. Және аталмыш минералды бұлақтар туралы деректер арасында оның аталған еңбегі хронологиялық тұрғыдан ең бірінші болуы жоғарыдағыдай тоқтам жасауға негіз болады.

Барлық минералды су көздерінің емдік қасиеттері химиялық сараптаудың көмегімен алдымен Омбы медициналық қоғамының зертханасында, соңынан, 1901 жылы Петербургтегі химиялық зертханада дәлелденеді. 

ХІХ ғасыр Еуропада түрлі емдік қасиеті бар минералды сулармен емделу­шілердің ғасыры болғандығы белгілі. Бірақ ХІХ ғасырда күре жолдардан қа­шық орналасқандықтан Барлық су көз­дері жоғары деңгейдегі танымал демалыс орнына айналмады. Ресми мәлімет бо­йынша Барлық минералды су көздерінде 1907 жылы 254 адам болып, денсаулығын түзеген. Аталған көрсеткіш 1906 жылғы көрсеткіштің тек жартысын құраған. 

Ал минералды қайнарлар негізінде жұмыс істейтін «Барлық-Арасан» санаториі кеңестік кезеңде, дәлірек айт­қанда 1963 жылы ашылған. 

Бүгінде, аталған санаторий өз жұмы­сын жалғастырып, тері, ревматизм, буын ауруларын емдеу бағытында жұмыс атқаруда. 

Дәрігер Пжегодскийдің емдік қасиеті бар сулар бойынша екінші еңбегі «Аяк-Калканские теплые минеральные источ­ники в Сюгатинской волости Вернен­ского уезда» атауымен Верный қаласында сол 1892 жылы басылып шығады. 

Еңбек қазіргі уақытта Қапшағай су қоймасының айдыны астында қалған, Аяқ-Қалқан минералды су көздеріне арналған. Кітаптың атауынан белгілі бол­ған­дай, минералды бұлақтар бүгінгі Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы­ның (патша дәуірінде бұрынғы Верный уезі, Сө­геті болысының) аумағында болған. 

Пжегодскийдің Аяқ-Қалқан ыстық минералды су көздері туралы еңбегі елі­міздегі ыстық бұлақтарға тікелей ар­налған имперлік кезеңдегі бірден-бір ерекше еңбек. Сондықтан Пжегодскийді Аяқ-Қалқан ыстық қайнарларының емдік демалыс орны ретінде қалыптасып, дамуына тікелей себепкер тұлға ретінде қарастыруға болады. 

Өңірде кеңес билігі орнағаннан кейін Аяқ-Қалқан минералды су көздері алматылықтар арасында кеңінен танымал жергілікті курорттардың біріне айналады. Іле өзенінің жағалауында орналасқан минералды су көзіндегі үш қайнардан тәулігіне 23-27 градустағы 120 мың литр су шығатын. 

Қазақта: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тағылымды сөз бар. Бүгінгі мақала қаһарманының дүниеден өткеніне көп уақыт өткенімен, өскелең ұрпақтың туған жердің, онда түрлі жылдары жұмыс істеген белгілі тұлғалардың тарихын білгені абзал. 

Дей тұрғанмен жоғарыда айтыл­ғандай, қазіргі Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары мен Солтүстік Қырғыз­станда еңбек етіп, шынайы кәсіби маман ретінде еліміздегі денсаулық сақтау саласының дамуына, емдік-сауықтыру кешендерінің негізделуіне өзінің сүбелі үлесін қосқан дәрігер – Адам Пжегодскийдің кейінгі қызметі мен өмір жолының қалай қалыптасқандығы белгісіз. Ал қолда бар мәліметтер дәрігер Пжегодскийдің өмірі мен қызмет жолын толықтай қалпына келтіріп, толымдырақ ақпарат беруге жетімсіз. 

Сондықтан бұл тақырып, келешек отандық медицинаның тарихын зерт­теуші­лер мен өңірдің өткеніне бей­жай қа­ра­майтын өлкетанушылардың еншісінде. 

Жандос ӘУЕЛБЕКҰЛЫ

Варшава, Польша