Аймақтар • 16 Тамыз, 2018

Қарқаралы ауданы Қоянды жәрмеңкесінің 170 жылдығын атап өтті

1694 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарқаралы ауданында өткен Қоянды жәрмеңкесінің 170 жылдық тойы жергілікті жұртқа қуаныш сыйлаған бірқатар игі һәм сауапты іске мұрындық болды. Мерейтой қарсаңында өңір басшысының тікелей қолдауымен жергілікті бюджеттен 128,6 млн теңге қаражат бөлініп, «Қарағанды – Аягөз – Қоянды – Егіндібұлақ – Бүркітті»  бағытындағы облыстық маңызы бар жолдағы көпірге қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Қарқаралы ауданы Қоянды жәрмеңкесінің 170 жылдығын атап өтті

Қоянды ауылының тұрғындары бұған дейін тозығы жеткен көпірді пайдалана алмай, айналма жолмен әуре-сарсаңға түсіп, пұшайман күйде жүретін. Енді олар Талды өзеніндегі жаңарған көпір және жөнделген жол арқылы көрші елді мекендерге тікелей қатынап, жол азабын шекпейтін болды.

Көпірді күрделі жөндеуден «Ма­тан» ЖШС өткізген болатын. Ны­санның салтанатты ашылуында аудан әкімі Халел Мақсұтов мердігер фир­маның өз жұмысын сапалы орын­дағанын атап өтіп, Қоянды халқының атынан кәсіпорын басшысына алғыс айтты.

Жәрмеңке тойының қарсаңында сәтімен іске асқан тағы бір шаруа – атал­ған елді мекендегі отбасы үлгісін­дегі балалар үйінің ашылуы болды. Бұл жобаны Қоянды ауылының тумасы Нұрлан Қалтаев жүзеге асырды. Қарағандыда тұратын кәсіпкер жетім балалардың жаңа отбасына арнап бас­пана салып берді. Табанды түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Бейбарыс Митрик пен ағайынды Әсет, Малика, Ақнұр Ахметовалар баспаналы болып, оларды ерлі-зайыпты Аян және Әлия Исабаевтар өз қамқорлықтарына алды. Балаларды бауырына басқан мейірімді жандарға деген ауыл халқының ілтипаты да ерекше болды. Патронатты отбасындағы балақайлар мен оларды асырап алған ата-анаға ай сайын жәрдемақы төленіп отырады. Ал аталған балалар үйін қажетті тұрмыстық керек-жарақтармен қамтамасыз етуге «Жайма» шаруа қожалығының басшысы Батырбек Алдабергенов, «Жәрмеңке» шаруа қожалығының басшысы Ринат Ома­ров, жеке кәсіпкер Мерей Әрінов сынды азаматтар атсалысқан.

Тарихта атағы жер жарған Қоянды жәрмеңкесін 1848 жылы орыс көпесі Варнава Ботов пен атақты Ақайдың Хасені бірлесіп ашқан деген дерек бар. Ал биыл қазақ халқының тарихында алтын әріптермен жазылып қалған бұл жәрмеңкеге 170 жыл толып отыр. 

Қоянды жәрмеңкесінің кезекті тойы қазақтың ықылым заманнан келе жатқан салт-дәстүрін қайта түле­тіп, жайнатқандай болды. Қаз-қатар ті­гіл­ген ақ боз үйлер, қызылды-жасылды киі­ніп, мерекелік көңіл күйде жүрген жұрт, күміс көмей әншілер, бәрі-бәрі – ке­шегі базары тарқамаған думанды өмір көріністерін көз алдыңа алып кел­гендей.

Тойдың ашылу салтанатында аудан әкімі Хәлел Мақсұтов жасаған баян­дамада Қоянды жәрмеңкесінің қазақ тарихында алар орны жан-жақты көрініс тапты.

«Ғасырлар шеруінде көнекөз Қарқаралының өмірінде талай-талай айшықты оқиғалар болды. Солардың бірі және бірегейі – қазақ халқының жұлдызын жарқыратып, абыройын асқақтатқан атақты Қоянды жәрмеңкесі. Ән мен күйдің, ұлттық өнердің ұлы думанына айналған жәрмеңке шын мәнінде, ұлан-асыр шаттық мерекесі болды. Шалқыған ән, күмбірлеген күй, мың бұралған би халықтың көңілін көтеріп, шексіз қуа­ныш сыйлады. Ұлттық өнеріміздің сайып­қыран саңлақтары, әйгілі Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Майра Уәлиқызы, Қали­бек Қуанышбаевтың талантына жұрт сүйсініп, қызу қошемет көр­сетті. Арқалы жырдың арғымағы, ағын­ды ақын Иса Байзақов жыр нөсерін төпелеп, сиқырлы сөзді санду­ғаш­тай сайратты. Алпамыстай аруақты, Қобыландыдай қуатты, Ер Тарғын­дай ерен, алып күштің атасы Қажы­мұқанның қайталанбас өнеріне халық таң-тамаша болды», деді аудан басшысы.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері, жазушы Зарқын Тайшыбай қазақ­тың құт қонған қарашаңырағы Қоян­ды бір кезде қасиетті ауасымен, суы­мен, шөбімен, батысты шығыс­қа, оңтүстікті солтүстікке жалғас­тырған саяси күрестің, үлкен мәдениет­тің, ғылым мен техниканың ордасы­на айналғандығын айтып өтті. Мыңда­ған жылдар бойы қазаққа орда болған Қоянды өлкесіне, Тоқпанның бауыры­на, Қарасордың жағасына қайтадан құт қондырып отырған ауыл аза­маттарының елге деген сүйіспеншілігі екендігін тебірене жеткізді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары атынан тоқсан жастағы қария Гүлжәмила Камиова және Айтмұхамбет Омаров дүбірлі тойды ұйымдастыруға атсалысқан барша халыққа алғысын жеткізді. 

Қоянды тойына атақты жәрмеңкені ұйымдастырушылардың бірі Варнава Ботовтың ұрпағы Вадим Ботов Ресейден арнайы келді.

«Мен алдымен осындай тарихи тойды ұйымдастырып отырған Қарқаралы жұртшылығына, аудан басшыларына алғыс айтамын. Менің арғы атам Ботов осы құтты жерге келіп, сауда-саттық жүргізіп, халықаралық Қоянды-Ботов жәрмеңкесін ұйымдастырды. Әкем Валерий Ботов ветеринар дәрігер, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды. Анам Клавдия Тимофеевна Қарқаралыдағы №2 орта мектепте мұғалім, кейіннен мектеп директоры болды. Мен де осы қасиетті, берекелі жерде дүниеге келдім. Әкем мен шешем Алматыға көшіп, дүние салса да, өзім туған жерге жиі келіп тұрамын. Бұл біздің ата қонысымыз, туған жеріміз, өсіп-өркендеген киелі топырағымыз», деді ол туған жерге деген сағынышы мен сүйінішін жасыра алмай.

Дала төсін думанға бөлеген салтанатты шара «Базарың тарқамасын, думанды елім» атты театрландырылған қойылымға ұласты. Тойдың көрігін бәйге мен күрес қыздырды. Қазақ күресінен өткен белдесулерде Қарқаралы балуандарының мерейі үстем болды. Тай жарысында Қаракөлден келген Аян Адамқұловтың «Тортайы» бірінші болып мәре сызығын қиса, аламан бәйгеде Бүркітті ауылының тұрғыны Мәди Қаршаловтың «Көкдауылы» алдына қара салмады. Сонымен қатар футболдан ұйымдастырылған додада №40 Қарқаралы өрт сөндіру бөлімінің командасы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Қоянды жәрмеңкесінің 170 жылдық салтанатты шарасының ас ішіп, аяқ босатқан той деңгейінен әлдеқайда биік болғанын айтқан ләзім. Той дақпыртымен аудан орталығына қатынайтын тас жолдың жөнделгені, көпірдің қайта қалпына келтірілгені, сөйтіп жергілікті тұрғындардың көптен бергі тілегінің қабыл болғаны осы сөзіміздің айғағы. Жетім балаларға арналып баспана салынып, олардың патронаттық отбасы қамқорлығына бөленгені де сүйсінуге тұрарлық жайт. Міне, кезінде дала төсін шаттыққа бөлеп, қазақ халқына құт-береке әкелген Қоянды жәрмеңкесінің даңқы бүгіннің өзінде осы төңіректі мекен еткен ағайынға шарапатын осылайша тигізіп жатыр.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»