– Шарамызға Семейдің 100-ге жуық жастары қатысты, – дейді Семей қалалық жастар ресурстық орталығының маманы Думан Кенжеғазин. Оның айтуынша, «Домбыра Party» сайысында жастар домбыраның құлағында шебер ойнайтындықтарын байқатты. Қос ішекті ұлттық аспаптың үні орталық саябақ ішіндегі қарияларға қатты ұнаған. Шара барысында кішкентай ұл балалар үшін «Асық Party», қарбыз жеуден жарысқа түскен «Қарбыз Party» жарыстары тұрғындарға ерекше қуаныш сыйлады.
«Бауырсақ шоу» интеллектуалдық ойыны да қызықты өтті. Бұл жерде қойылған интеллектуалды сұраққа дұрыс жауап берген әр жасқа молынан бауырсақ берілді.
– Шараға қариялар да, кішкентай бүлдіршіндер де келіп қызыға қатысып жатыр, – дейді Жастар ресурстық орталығының маманы Думан Кенжеғазин, – оларға домбыра тартуды, асық атуды үйреттік. Ұлттық өнерімізді жалғастырушы жас ұрпақтың қатары арта беруі керек. Балдырғандар сондай-ақ өзара жарысып сыйлықтарын алды.
Белсене қатысқан жастарға марапаттар табыс етіліп, кеш соңы көңілді биімен жалғасын тапты.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
СЕМЕЙ