Қазақстан • 16 Тамыз, 2018

Инсультке иілмеу жолдары қаралуда

624 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, жыл сайын 15 млн фатальды және 15 млн фатальды емес инсульт тіркеледі. Сондай-ақ бүгінде әлемде 50 млн-нан астам адам инсульт сырқатына шалдыққан. Оның үстіне ми инсультымен ауырған адамдардың басым бөлігі еңбекке жарамды жаста болатыны анықталып отыр. Ең қиыны, олардың 80 проценті мүгедек болып қалады екен. 

Инсультке иілмеу жолдары қаралуда

Яғни инсульт сырқатының оңай жеңіле қоятын жау болмай тұрғаны анық. Сондықтан қарапайым тұрғындардың осы бір дерттен қорғанудағы сауат­ты­лығы мен мамандар біліктілігінің маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде. Мәселенің мәнісіне үңілгенде шешімін күткен проблемалар мен мемлекеттік деңгейде қаралуы тиіс түйткілдердің баршылық екенін бағамдайсыз. Инсульт – шұғыл медициналық көмекті қажет ететін ауру. Миға қан келуі тоқтаған кезде пайда болып, бірнеше минуттан кейін-ақ ми жасушаларының тіршілігі тоқтай бастайды. Сондықтан елімізде аталған мәселелерге қатысты дәстүрлі түрде түрлі жиындар мен басқосулар өтіп тұрады.

Бұл ретте Инсульт проблемаларын үйлестіру республикалық орталығының бастамасымен «Инсульт мектебі» ғылыми-практикалық конференциясы, Ұлттық нейрохирургия орталығында қазақстандық инсульт қызметі мамандарының жыл сайынғы дөңгелек үстелі, медициналық реабилитологтардың жиындары іспетті алқалы басқосуларды атауға болады. Бұл жиындардың бағдарламасында еліміздегі инсультке қарсы күрес қыз­метін ұйымдастыру, тромболикалық терапия, ашық нейрохирургия және эндоваскулярлық операциялар жасау, оңалту арқылы емдеу, диагностиканы нейровизуализациялау сынды өзекті мәселелер төңірегінде білікті дәрігерлер ой-пікір, тәжірибе алмасады. Бұл отандық медицинаның осы саладағы озық емдеу ісін қалыптастырып, инсультке иілмеу шараларын алға жетелей түседі.

Мәселен, «Қазақстан кардиологтар қоғамы» РҚБ басқармасының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Сәуле Әбсейітованың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен 2009 жылдан бері қолға алынған бағ­дарламалардың арқасында бірқатар жұмыс атқарылып, мамандардың бі­ліктілігін жетілдірумен бірге инсульт­ты ерте анықтауда нақты қадамдар жасалды. Алайда жіті жүрек ақауы саналатын инфаркт пен миға қан құйылу, яғни инсультты дәрігерлер түрлі қан тамырларының күрт ауруға ұшырауы деп танығанымен қарапайым халық үшін бұл екеуі бір-бірінен айырғысыз.

Екі дерттің шынында да ұқсастықтары бар. Өйткені екеуінде де жедел көмек жасалмаса науқастың жағдайы қиындап кетеді. Мұндай кезде туған-туыстары, алғашқы көмек көрсетуші дәрігер, жедел жәрдем мен санитарлық авиация қызметкерлерінің пациентті еш жаңылыссыз қажетті маманға алып келуі өте өзекті. Бұл жерде әр адамның біліктілігінің маңызы зор. Алайда елімізде осы жағдайды реттеп отыратын арнайы орталық жоқ. Сәуле Райымбекқызының айтуы бойынша, егер көрші Ресейдегі сияқты арнайы орталық құрылған болса, инсультпен күресте барлық ұйымдастыру мамандарын әдістемелік тұрғыда қолдау, жаңа технологияларды енгізу, халықаралық қауымдастықпен бірлесе қимылдау, халықаралық регистрға қазақстандық мәліметтерді кіргізу сияқты бағытта күнделікті жұмыс атқару тиімді бола түсер еді. 

Бұл орайда Астанаға арнайы келген Италия инсульттық ұйымының ай­мақтық үйлестірушісі Франческа Ро­ма­наның айтуынша, инсультқа ұшы­раған пациентке жедел көмек көр­сетуде диагнозын тез анықтап, инсульт кодын қойып, ең жақын жерде ор­наласқан мамандандырылған көмек беретін орталыққа жеткізу өте маңызды. Сонымен бірге ауруханадан шыққаннан кейінгі оңалту, сауықтыру шараларының да айтарлықтай орны бар. 

«Кейде оңалту жұмысын пациенттің қалған барлық ғұмырында көрсету қажеттілігі туындайды. Тағы бір проблема – бұрын инсульт алған пациенттің ауру қармағына қайта түсу қаупі. Егер пациент тарапынан да, маман тарапынан да жақсы жұмыс атқарылса, аурудың қайталануын 80 процент жағдайда кері қайтаруға болады. Мұнда мамандардың біліктілігімен қатар науқастардың сақтануы, дертке себеп болатын арақ пен темекі сынды зиянды заттардан бо­йын аулақ салып, саламатты өмір салтын ұстануы, спортпен достасуы маңызға ие», дейді Франческа Романа.

Бүгінге дейін отандық медицинада балаларды сауықтыру мәселесінде біршама жақсы жұмыс жүргізілгенімен, ересектерге қатысты бұл істе күмілжи береміз. Өйткені елімізде балаларға арналған оңалту, үйлестіру орталықтары жұмыс істегенімен, ересектерге мұндай жағдай қарастырылмаған. Медициналық жоғары оқу орындарында Алматы мен Қарағандыда ғана арнайы кафедра бар. Мәселен, Еуропа елдерінде реабилитация бойынша арнайы мамандар даярланады. 

«Біздегі проблема, отандық реабили­тация саласының әу баста физиотерапия және емдік сипаттағы денешынықтыру ретінде құрылып, аппаратты физио­терапияға басымдық берілуі деуге болады. Ал Еуропа елдерінде реабилитологтар медициналық факультеттерде оқып, университет қабырғасында арнайы маман ретінде даярланады. Бізде емдік сипаттағы денешынықтыруға факультет түгілі сағат бөлу қарастырылмаған. Сондықтан сауықтырумен айналысатын реабилитолог мамандар даяр­лау ісіне назар аударған абзал», дейді Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының реабилитация бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылым­дарының кандидаты Ғалия Жанаспаева.

Сондай-ақ бұл салада мамандарды оқытумен қатар заңнамалық негіз де жоқ. Ал еңбекке қабілетті жас­та­ғы азаматтардың инсульт, инфаркт сияқ­ты дерттерге ұшырауы ауқымды көрсеткіштерді қамтитынын ескерсек, олардың кейін еңбекке оралуына қажет реабилитологтар даярлау ісі мемлекеттік тұрғыда мән беретін мәселе.

Сонымен бірге реабилитациямен айналысу тарифтерінің тым төмендігі мамандардың осы іспен ықыласпен айналысуына кедергі келтіреді. Өйткені шелектеп тер төгуді қажет ететін жұ­мысқа төленетін еңбекақы мардымсыз. Бұл да реабилитация қызметінің дамуына қолбайлау болып отыр. Ал шет елде білімін жетілдірген мамандар мемлекеттік ауруханаларда еңбек еткеннен гөрі жалақыны жақсы төлейтін жекеменшік орталықтарда жұмыс істеуді қалайды. Сол себепті қымбат қызметтің ақысын қалтасы көтере алмайтын жандардың өз мұңы өзінде. Ілуде бірі табандылық танытып, қайтсем де қатарға қосыламын демесе, көпшілігі инсульт шырмауынан шыға алмай, мүгедектер қатарына қосылуда.

Ұлттық нейрохирургия орталығының инсульт проблемалары бойынша үйлес­тіру орталығының бас маманы Зәуреш Ахметжанованың айтуын­ша, бүгінде елімізде спичтерапевт мәселесі өте өзекті. Бұл дегеніміз – ин­сульт­қа шалдыққан адамның сөйлеу қабілетін қайта қалпына келтірумен айналысатын арнайы маман. Қазір инсульт орталықтарында логопед мамандар жоқ. Өйткені дәрігерлер ауыр дерттен сөйлеуі тежелген пациенттермен жұмыс істегілері келмейді. Бұған қарағанда кей әріптерді айта алмайтын балаларға дұрыс дыбыстауды үйрету әлдеқайда жеңіл. Еуропа елдерінде спичтерапевт – арнайы медициналық білімі бар қызметкер болса, елімізде логопедтер педагогикалық дипломмен ғана жұмыс істей береді. 

«Педагогтарға медициналық мекемеде еңбек ету өте ауыр. Ал осы салада қызмет атқаратын саусақпен санар­лық логопедтер өздері тірнектеп жүріп білім жиған, түрлі елдерге барып тәжірибе жинақтаған жандар. Олардың жалақылары өте төмен. Мысалы, медицина қызметкерлеріне деңгейіне бай­ланысты үстемеақы қосылса, педа­гогикалық білімі бар емдік-сауық­ты­ру инструкторлары мен логопедтерге бұл қосымша ақы берілмейді. Аз жа­лақымен қиын жұмысты атқару оңай емес. Медициналық жоғары оқу орындарында мамандар даярламауы инсультті ем­деуде үлкен кедергі болуда», дейді З.Ахметжанова.

Италияда медицина факультетінде 3 жыл, кейін 2 жыл арнайы маманданған білім алған логопедтер ғана жұмысқа кірісетіні заңдық тұрғыда бекітілген екен. Сондай-ақ психологтардың меди­циналық білімі болуына да назар аударылады. Шынында, логопед те, психолог та пациентке ауруханада ем алып жатқанда ғана емес, дерттен жазылып, қайтадан еңбекке араласуға оралатын жолда науқастың үйіне келіп ем жүргізетін ең қажетті мамандықтар болуы тиіс. Сондықтан елімізде адам өлімінде жүректің ишемиялық ауруларынан кейінгі орында тұрған церебоваскулярлы ауру санатындағы инсультпен күрес мәселесін кешенді түрде қарастырып, заңнамалық тұрғыдан өзгерістер енгізіп, үкімет назарына ұсынатын мәселелер қордаланып қалған тәрізді.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»