Қазақстан • 16 Тамыз, 2018

Ақ желеңділерге «алғыс» алуға болмайды

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ақ желеңділерге «алғыс» алуға болмайды

Медициналық қызметтерді көр­сету сапасын арттыру, ден­сау­лық сақ­тау саласында сыбайлас жем­қорлық көрі­ністеріне жол бермеу – елдің бәсе­кеге қабілеттілігінің негіз­гі фактор­ларының бірі. Ендеше, ведом­ство­лардың арасындағы өзара іс-қимыл елдегі және әлем­дегі сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі туралы ақпараттар алмасу, денсаулық сақтау ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы және ішкі талдауларын жүргізу, сондай-ақ бірлескен жобаларды, акцияларды, семинарлар мен кеңестерді өткізу арқылы жүзеге асырылатын болады.

«2017 жылмен салыстырғанда, биыл жағымсыз фактілердің төмендеу үрдісі бар. Мәселен, 2017 жылы министрліктің Қоғамдық денсаулық сақтау және Фармация комитеттерінің мемлекеттік қызметшілеріне әдеп қағидаларын бұзғаны үшін 18 және мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіргені үшін 21 тәртіптік жаза қолданылды. Ал биылғы 7 айда әдеп қағидаларын бұзғаны үшін 4 және мемлекеттік қызметтің беделіне теріс әсер еткені үшін 1 тәртіптік жаза белгіленді», деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Ал өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бүгінгі таңда адами капи­талдың маңызды факторы үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт болып отырғанына тоқ­талды. Сонымен қатар мемо­ран­думға қол қоюдың ерекше өзек­тілігі мен қажеттілігі жүргізіліп жатқан әлеуметтік медициналық сақ­тандыруды енгізу жөніндегі рефор­маға, дәрілік заттарды сату кезінде бөлу және бағалық реттеу саласындағы реформаға да байла­нысты екендігін тілге тиек етті. Меморандумға сәйкес, денсаулық сақ­тау ұйымдарындағы «тұрмыстық сы­байлас жемқорлыққа» ықпал ете­тін себептер мен жағдайларды жою шаралары іске асырылмақ. 

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»