Қазақстан • 16 Тамыз, 2018

Астанада cпорт күніне арналған жиын өтті

294 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен Спорт күніне арналған жиын өтті. Мерекеге орайластырылған салтанатты шара мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді бір минут еске алумен басталды. 

Астанада cпорт күніне арналған жиын өтті

Мерекелік шараға министрден бастап Олимпиада чемпионы, балуан Жақсылық Үшкемпіров, атақты аяқдопшы Сейілда Байшақов, қыздар арасындағы еркін күрестен Олимпия ойындарының күміс және қола жүлдегері Гюзель Манюрова, бокстан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит және тағы басқа бірқатар елімізге белгілі спортшылар мен  спорт ардагерлері қатысты. 

Салтанатты шара барысында ведомство басшысы еліміздің спортын дамытуға үлес қосып жүрген 30-ға жуық азаматты «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапаттады. Олардың қатарында «Бокстан Олимпиадалық даярлау орталығы» РМҚК жас­өс­пі­рімдер құрама командасының жат­тықтырушысы Аркадий Топаев, Спорт резерві және әдістемелік қам­тамасыз ету басқармасының бас сарапшысы Бахытжан Есжанов, «Күрес түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әдіскері Абылайхан Қылышбаев бар.

«Сіздерді Спорт күні мерекесімен құттықтаймын! Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымыз асқақтай түсуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев спортты дамытуға, саламатты өмір салтына айрықша мән береді», деді А.Мұхамедиұлы.

Ел намысы мен мемлекет абыро­йын шетелдегі халықаралық ареналар­да қорғап жүрген спортшылар мерекесі 2003 жылдың 15 қара­ша­сындағы Ел­ба­сының Жарлығына сәй­кес жыл сайын тамыз айының үшінші жек­сенбісінде Спорт күні ретінде атап өтіледі.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»