Қазақстан • 16 Тамыз, 2018

«100 жаңа есім» жобасы тамыздан бастап өзінің екінші кезеңін бастайды

17893 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы білім-ғылымы толысқан, үздік маман, нағыз үлгі боларлық жастарды көпшілікке насихаттайтын айтулы жобалардың біріне айналды. Жуырда аталған жобаға іріктеудің екінші кезеңі басталды. Бұл жолы іріктеуге қатысушылар саны артпаса, кемімесі анық.

«100 жаңа есім» жобасы тамыздан бастап өзінің екінші кезеңін бастайды

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы тамыздан бастап өзінің екінші кезеңін ашық деп жариялады. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесе ұйымдастырған жобаға біршама өзгерістер енгізілді. Мәселен, алғашқы іріктеу барысында бұрын азаматтар өз-өзін ұсына алса, осы жолы іріктеу жоба­ға қа­тысу туралы өтініштерді үкі­мет­­тік емес ұйымдар арқылы беру әдісімен жүзеге асырылатын бо­­лады. Осы орайда елімізде түрлі сала бойынша мыңдаған үкі­мет­­тік емес ұйымдар жұмыс істеп жат­­қандығын айта кету керек. 

«100 жаңа есім» тізіміне ен­гісі келетін кәсіпкер бизнес қауым­дастықтары, ал белсенді жастар осы саладағы ұйымдар арқылы өті­ніш бере алады. Егер жоба қаты­сушысы жеңімпаз атанса өті­нім берген ұйым оны қоғамда ке­ңі­нен таныстыру, дамыту жұ­мыс­тарымен айналысатын болады.

Осы жолғы іріктеу талабы бо­йынша, биылғы байқау жалпы­халықтық танымалдыққа ие болған тұлғаларды насихаттауға емес, жаңа есімдерді таныстыруға бағыт алып отыр. Яғни, ел көлемінде немесе нақты бір өңір бойынша халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтарға үлкен мүмкіндік беріледі. Со­ны­мен бірге өткен жылы негізгі тізімге өткен, бірақ жеңімпаздар қатарынан табылмаған қаты­су­шылар да бағын сынап көре алады. Оларға қойылатын негізгі талап − Қазақстан дамуына қосқан жеке үлесі. 

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының ІІ кезеңіне өті­нім қабылдау 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Салалық ассоциа­циялар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер бірегей өмір жолы, кәсіби жетістіктері бар жастарды ұсынатын болады. Өтініштер пулын арнайы жасақталған сарапшы топ зерттеп, лайықты деп танылған тізім el.kz сайтына жарияланады. 20 қыркүйектен 10 қазанға дейін онлайн дауыс беру жүйесімен жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысы арқылы жеңімпаздар есімі анықталады. 

Жаңа іріктеу жобасының талаптары төмендегіше: 

− Үміткер Қазақстан азаматы болуы тиіс; 

− 18 жасқа, яғни кәмелеттік жасқа толуы міндетті; 

− Мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал ететін қызмет саласында ең­бек етуі керек, сондай-ақ қаты­су­шы­ны имидждік тұрғыдан ілге­рілету үшін болуы керек; 

− Заманауи Қазақстан келбетін өз жетістіктері мен табыстары арқылы бейнелей алатын тұлға; 

− Қазақстан дамуына нақты үлес қоса алған азамат болуы тиіс.

Осы талаптардан өткен ла­йықты маман иелері жобадан кейін рухани тұрғыдан өз-өзін жетілдіруге, ал бизнеске байланысты азаматтар насихатталу арқылы ісін дамытуға мүмкіндік алады. Оған жобаның алдыңғы қорытындысы дәлел. 

Мәселен, Қазақстанның өткен жылы жаңа есімдердің бірі атанған химик, ғалым Диас Тастанбеков бүгінде өзінің ғылыми зертханасын құрып, жаңа өнертабыстар ойлап табу үстінде. Ол әл-Фараби атындағы Казақ ұлттық университетінің химия факультетін тәмамдап, «Болашақ» бағдарламасы арқылы магистратураны табысты бітірген. Назарбаев Университетінің зерттеу орталығында төрт жылдан астам қызмет етіп, кейін ҚБТУ, ҚазҰТУ-да «Полимерге баламалы материалдар» зертханасының меңгерушісі болды. Бүгінде ол өзі қатарлас жас ғалымдарды жинап, түрлі ғылыми-зерттеулер жүргізетін зертхана ашып алды.  

«Остеосинтез үшін табиғи ыдырайтын полимер» жобасы Диастың докторлық диссертациясының негізіне айналмақ. Ол технологияны ойлап шығарып, қолданысқа енгізумен айналысатын зерттеу орталығын ашуды жоспарлап жүр. Әзірше Диастың негізгі жобасы – аэропонды жылыжай. Бұл жобасы үшін ол «Болашақ» стартабын жеңіп алып, Қазақстанның 100 жаңа есімі қатарына кірген еді.

Экологиялық таза өнім өсірумен айналысатын жылыжай Алматы облысында табысты жұмыс істеуде. Жас ғалымның айтуынша, өсімдіктерді қаз-қатар өсіру арқылы өнімді екі еселеп алуға болады. Яғни, орын, су, адам ресурсын үнемдеуге болады. Еліміздің кез келген жері ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы деп айтуға келмейді. Сол себепті бұл технологияның маңызы жоғары.

Жүз есімінің бірі атанған кардиохирург Гүлжан Сәрсенбаева жүрекке ота жасау арқылы күн сайын нәрестелердің өміріне араша болып жүр. Ол Қазақстандағы педиатриялық жүрек хирургия­сы саласын зерттеп, дамытуды қолға алған алғашқылардың бі­рі. Гүлжан Сәрсенбаева еліміз­дегі ультрадыбыстық зерттеу ар­қылы жүрек патологиясын анық­тауды игерген санаулы кар­дио­хирургтің бірі. 15 жасын­да медициналық колледжге оқуға түскен Гүлжан 18 жасынан бастап күрделі хирургиялық ота­ларда мейірбике болып жұ­мыс істейді. Кейін медицина ун­и­вер­ситетіне түсіп, оқу орнын үздік бітіріп шығады. 2000 жылы педиатрия және балалар хирургия­сы ғылыми орталығына келіп, нә­рестелерге ота жасай бастайды. 2005 жылы жүрек-қан тамыр хи­рургиясы бойынша Ресейде «Бо­лашақ» бағдарламасымен 3 жылдық аспирантураны бітіріп, Қазақстанға оралды.

Бұл туралы: «Ізгі ниет дәрі­гері» жобасына қатыстым. Ол уа­қытта Қазақстанда балалар кар­дио­хирургиясы бөлімдері жоқ болатын, «Милосердие» қорының қолдауымен туабітті жүрек ақауы бар нәрестелерді шетелдік клиникаларға жібере бастадық. Үш жыл ішінде 300-ден астам бала емделіп келді. 2011 жылы Денсаулық сақтау министрлігі бұйрығымен елімізде бөлімдер аша бастадық. Осылайша, Алма­тыда ашылған балалар кардиохирургиясы бөлімін ашушы әрі бөлім меңгерушісі болдым», дейді Г. Сәрсенбаева.

Осыдан 18 жыл бұрын біреу­дің жүрегіне ота жасаймын деген өңі түгілі түсіне кірмеген жас қыздың жүріп өткен жолы бү­гінде балаларымыздың шетел­дік емханаларға сабылмай, еліміз­де дертінен айығып кетуіне мүм­кіндік берді. Бұл мақтануға, жа­рия­лауға, сондай-ақ елге үлгі етуге тұрарлық жетістік.

«100 жаңа есімнің» әрбір өмір жолынан олардың заманға сай қайраткерліктері, тәуелсіздікті тұғырландыруға қосқан үлес­тері зор екенін байқай аламыз. Олар әлемдік ортада қазақ ұлты­ның заманауи бет-бейнесін қалып­тастыруда. Оған қоса, отандық жастарға жігер беру, жақсы істерге құштарландыру, көпшілікті ынталандыру рөлін де тамаша атқарып жүр. 100 есімнің әрқайсысының био­графиясы сіз бен біз жүрген ортадан басталады. Бір айырмасы, олардың өз мақсатына жету­де табанды болуы, білімге құш­тарлығы, тәрбиесі, жеке бас қасиеттерінің мол болуы. Тұтас буынның жаңғыруы біздің осы қасиеттерді өзімізде дамытудан басталатыны анық.

Өткен жылы алғаш рет өт­кізілген «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен біріге отырып, табысты жүзеге асырды. Жобаға қатысушыларды іріктеу барысында үздік деп айтуға лайықтылар саны өте көп болды. «Мәлім де беймәлім» есімдер жалпыхалықтық онлайн дауыс беру жолымен анық­талып, жобадан кейін көпші­лікке танылды. Халық әрқай­сының жетістіктерімен тереңірек та­нысуға мүмкіндік алды. Бүгінде «100 жаңа есім» қатарына енген азаматтар түрлі әлеуметтік ма­ңызды шараларға қатысып, жеке жобаларын жүзеге асыруда. Сондай-ақ жастарды жігер­лен­діруге арналған сұхбат алаң­дарына спикер ретінде қатысып, олармен жеке табысы құпиясымен және тәжірибесімен бөлісіп жүр­гендігін ерекше атап өтуге болады. Яғни жоба олардың тынысын ашуға себеп болып, дамуына ық­пал еткені сөзсіз. 

Байқау қатысушылары ел тарихында ерекше қолтаңбасымен қалатыны анық. Үздіктердің өмір жолы бір-біріне ұқсамайды. Олардың ұқсастықтары қоғамға тигізген пайдасында ғана десек, қателеспейміз. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық жоқтығына қарамастан бұл жолы да екінші кезеңге қатысуға деген талпыныс жоғары. Мұны олар халықтың таланттарды жазбай танығаны, өз еңбегін бағалауы деп түсінеді. Алғашқы жеңімпаздармен Елбасының тікелей кездесуі де қатысушылардың құлшынысын арт­тырып, жобаның маңыз­ды­лығын арттырғаны анық. 

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарының жетістіктері жастарды ғана емес, рухани жаңғыруға ұмтылған барлық жандарға ой салары сөзсіз. Жаңарған, қуатты елдің айбыны болар есімдер өздеріне артылған жауапкершілікті сезіне отырып, халық тарапынан артылған сенім үдесінен шығуға тырысуда. Бұл жолғы «100 жаңа есім» де осы жолды таңдары хақ.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,

«Егемен Қазақстан»