Мемлекеттер басшылары бірқатар маңызды аспектілер бойынша келісімге келді. Атап айтқанда, аймақтық сулардың 15 мильдік аймағы, ені 10 миль болатын балық аулау аймағы мен жалпы кеңістігі айқындалды. Каспий маңы елдері өз аумақтарында жер қойнауын пайдалануды жүзеге асыра алады. Каспий теңізі түбімен мұнай құбырларын тарту ісі қоршаған ортаны қорғау талаптарына сай жүргізіледі. Каспий теңізінің су бетінің негізгі бөлігі тараптардың ортақ пайдалануында қалады, ал түбі және жер қойнауы халықаралық құқық негізінде көрші мемлекеттер мен олардың арасындағы келісім бойынша жер учаскелеріне бөлінеді. Каспий теңізіндегі шекара сызықтарын анықтау әдісінің мәселесі Конвенция аясынан тыс қаралады. Ең бастысы, су қоймасының мәртебесі туралы түбегейлі мәселе бойынша саяси шешімге қол жеткізілді.
Бір айта кетерлігі, Каспий теңізі айрықша мәртебеге ие болды және оған 1982 жылғы ашық теңіздер мен мұхит туралы Теңіз құқығы конвенциясының ережелері қолданылмайды. Яғни Каспий теңізі – ішкі көл ретінде танылып, бес мемлекеттің аумағы болып саналады. Тиісінше, конвенцияда Каспий теңізіне өңірден тыс державалардың қарулы күштерінің келуін болдырмау туралы ереже бекітілген.
Каспийдің осындай аймақаралық мәртебесін жүзеге асыруға байланысты мәселелерді шешу үдерісін әрі қарай жылжыту мақсатында сараптамалық және саяси платформалар базасы құрылуда.
Бұл – Сыртқы істер министрліктерінің бастамасымен Каспий маңы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары – уәкілетті өкілдерінің деңгейінде бесжақты тұрақты консультациялардың механизмі. Осылайша хаттамалық аспектілердің басым бөлігін іске асыруға байланысты жоғары деңгейдегі келіссөздер процесі осыған жауапты вице-министрлер арасындағы өзара іс-қимыл орын алатын практикалық деңгейге аударылады. Яғни практикалық, ведомствоаралық деңгейге көшірілген соң жұмыс күшейтілетін болады. Келісімге сәйкес алғашқы консультациялар Конвенцияға қол қойылған күннен бастап алты ай ішінде, 2019 жылдың ақпанынан кешіктірілмей өткізіледі. Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары өз ведомстволарына тікелей бастапқы қадамды қалыптастыру әдістемесіне қатысты келісім жобасын әзірлеу мен үйлестіру шараларын бастау туралы тапсырма берді.
Осы тұжырымдамалық келісімдер бойынша қазіргі уақытта толық көлемде іске асырылмай жатқан Каспий теңізінің транзиттік әлеуетін пайдалану мүмкіндігі туындайды.
Каспий саммиті қарсаңында, 11 тамыз күні Құрық мультимодальды портының ашылуы өтті, бұл «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы Қытайдың Ляньюнган қаласынан Қазақстан шекарасына дейінгі құрлықтық бағытының батыс нүктесі болып саналады.
Қазақстан «Батыс Еуропа − Батыс Қытай» жобасы бойынша Ресей мен Қытай арасындағы 2 мың шақырымнан астам автокөлік жолын, сондай-ақ Қорғас жаңа терминалын салды. Енді Қазақстан арқылы салынған жолдар мен бағыттардың инфрақұрылымы батысқа қарай жетіп отыр.
Әзербайжан президенті саммитте көлік қозғалысының толық интеграциясын қамтамасыз ететін Алият портын ашатындықтарын жариялады. Осылайша Ақтау саммитінде сауда-экономикалық ынтымақтастық және көлік саласы бойынша тағы екі келісім қабылданды. Олар жағалаудағы мемлекеттердің өнеркәсіп, сауда, энергетика, көлік және логистика, инновация, туризм, ақпараттық және басқа да салалардағы өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға және дамытуға үлес қосады.
Барлық келісімдердің маңызды бөлігі – Каспийдің оңтүстік су айдынын дамыту. Сондықтан да келесі жылы біздің оңтүстік көршіміз Түрікменстанның бірінші Каспий экономикалық форумын өткізуі де кездейсоқтық емес.
Каспий аймағы үшін барлық елдер теңдестірілген түрде дамуы өте маңызды, бұл әсіресе қауіпсіздік мәселелерімен тікелей байланысты. Каспий Таяу Шығыс пен Ауғанстан арасында орналасқан. Осыған байланысты Ақтау саммиті де Сириядағы қақтығыс тақырыбын және Орталық Азия мен Кавказдағы қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мәселелерін айналып өтпеді.
Сондықтан да қауіпсіздік тақырыбы Ақтауда мемлекеттер басшыларының кездесуі барысында жеке қаралды.
Саммитте теңіздегі әскери салаға қатысты Каспий теңізіндегі сенім шараларын даярлау мен қабылдау тапсырылып, терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы, Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы 2010 жылдың 18 қарашасында қол қойылған келісімге қосымша шекаралық ведомстволардың арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды.
Теңіз айлағындағы барлық бес мемлекет теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның ресурстарын басқару бойынша жауаптылықты мойындарына алды.
Саммитте жүк тасымалдау, балық аулау, ғылыми зерттеулер жүргізу және магистральды құбырларды төсеу тараптармен келісілген ережелерге сәйкес жүзеге асырылуы тиіс екендігі нақтыланды.
Өткен саммиттің жеке аспектісі ретінде экологиялық мәселе қаралды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Түрікменстан президенттерінің кездесуінде Арал теңізін құтқару мәселесі қозғалды. Каспий теңізі де Арал теңізінің тағдырын қайталамауы үшін, оны қызғыштай қорғау керек.
Ірі теңіз жобаларын іске асыру кезінде экологиялық факторды ескеру керек, Каспий теңізінің экологиялық жүйесінің зақымдануына барлық тараптар жауапты болып саналады.
Осылайша саммитте президенттер қозғаған мәселелердің күн тәртібі жан-жақты болғанын атап өткен жөн. Сонымен бірге Каспий теңізінің ареалындағы стратегиялық маңызы бар аймақтың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды мәселе болып қала береді.
Зарема ШӘУКЕНОВА,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры