Қазақстан • 16 Тамыз, 2018

«Туған жерге тағзым» жобасы аясында 126 іс-шара атқарылды

4204 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» өңір­лік жобалық кеңсесінің ж­етекшісі Жанар Та­лас­баева берген деректерге қарағанда, «Туған жерге тағзым», «Атамекен», «Жомарт жүрек», «Қазақ­станның киелі жерлері», «Тәрбие және білім» кіші бағдарламалары, «Әлеу­меттік бастамалар картасы» бойынша атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай екен. «Туған жерге тағзым» жобасы аясында ғана 126 іс-шара атқарылып, қолы ашық жандар 1,3 мил­лиард теңгеге демеушілік көрсеткен.

«Туған жерге тағзым» жобасы аясында 126 іс-шара атқарылды

«Ұлттық ғылыми медицина орталығы» АҚ-ның бас­қар­ма төрағасы, медицина ғы­лым­­да­рының докторы Абай Бай­кенжин Айыртау аудан­дық емха­насына 83 миллион теңгенің медициналық құрал-жабдықтарын тарту етсе, «Егоровские склады» ЖШС басшылығы мемлекеттік-же­кеменшік әріптестік негізінде 800 миллон теңгеге екі балабақша тұрғызған. «Тайынша-Астық» агроқұрылымы (Анатолий Ра­фальский) бір жылда 50 миллион теңгенің қайырымдылық көмегін көрсеткен.

Ж.Таласбаеваның айтуынша «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде 59 әлеуметтік жоба іске асырылып, бұл мақсаттар үшін 2 миллиард теңге бағытталған. 52 кәсіпкерлік субъектілері қатысуға ынта білдірген. «Зенченко және К» командиттік серіктестігі 35 миллион теңге жұмсап, Рублевка ауылындағы клуб үйін қалпына келтірген. Мұндай игілікті істер Уәлиханов ауданында да кең қанат жайғанын аңғару қиын емес. Абай Бейсембин деген азамат сыртта жүрсе де атаме­кенін ұмыт­паған. Бас­сейн, мәде­ни-сауықтыру орталы­ғын салуға 250 миллион теңге бөлдірт­кен. Жоғары санат­ты дәрігер Виктор Вовк өзінің туған ауы­лы Көбенсайға демеу­шілік қолын созып келеді. Шағын футбол алаңын, тың игеруші­лердің есімдері жазыл­ған құрмет тақтасын тұрғызып, мектеп­ке музыкалық жабдықтар, ұйым­­­­дас­тыру тех­­никасын, теннис үстел­­де­рін, спорттық киімдер мен құ­рал­­­дар, интерак­тивті тақта­лар, бейне­проек­тор тарту еткен.  

Теріскейдегі ең өзекті мәсе­ленің бірі – демографиялық ахуалдың күрделілігі. Осыған орай аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың қолдауымен биыл оңтүстік өңірлерден 800 отбасы көшіп келмекші. Олар үшін 224 елді мекен таңдап алынып, жұмыс берушілер есебінен барлық әлеуметтік жағдайларды жасау тапсырылды. «Серпін-2050» бағдарламасы шеңберінде күнгей өңірлерден келіп, біліммен сусындап жүрген жастар үшін «Менторлық» жоба қолға алынды. Ол бойынша ауыл­­­дық жерлерге жұмысқа орна­­­­лас­­қан тү­лектерге отбасын құр­са, ша­­руа­шылық жетекшілері бас­­пана сатып әперетін болады. Бү­гінгі күні қамқоршы-тәлімгерлер қатарына жекелеген кәсіпкерлер де қосылып отыр. 

Болашағы бұлыңғыр, келе­шегі күңгірт елді мекендер қа­тарына Дайындық ауылы да жатқызылып, құрып кетудің аз-ақ алдында тұрғанда, шыны керек, Біржан Шаймерденов зордың күшімен басшы болып келген. Құлын-тайдай тебісіп өскен құрдастарының көңілін қимаған күйі «жарайдымен» уәде бере салған. Қазір оған қуанбаса, өкінбейді. Туып-өскен ауылы ыдырамай, түтіні шалқи шыққаны жанына кәдімгідей медеу. Содан бергі аралықта баспаналардың саны екі есеге дейін көбейіп, 70-ке жеткен. Әр үйге жылу, су тартылған. Соңғы үш жылда 15 үй салынып, үшеуі оңтүстік өңірден көшіп келген ағайындарымызға беріліпті. Клуб, кітапхана, мешіт, екі дүкен, балалар орталығы, спорт залы жұмыс істеп тұр. Алыстан қарасаң, бейнебір шағын қалашық дерсің. Түнгі көріністі айтсаңшы! Самаладай жарқыраған шамдар айналаны нұрландырып жібереді. Әне-міне жабылады деген мектеп өзі арнайы әкеліп, қоныстандырған шетелдегі қандастарымыздың үбірлі-шүбірлі балаларымен толығып, орта білім ошағына айналған. Кірсе шыққысыз ауылға жетіспей тұрғаны фельд­шерлік-акушерлік пункт болатын. Биыл оның құрылысына 12 миллион теңге бөлініп, тұрғызылыпты. 

Көктемгі, күзгі дала жұмыс­тарына белсене араласатын механизаторлар науқан кездерінде бір миллион теңгеге дейін еңбек­ақы табатын көрінеді. Оза шап­қан озаттарға 200-250 мың теңге мөлшерінде сыйақы беріледі. Жылдың қорытындысы бо­йынша ең үздік еңбеккерлерге жеңіл көліктер тарту етіледі. Қо­салқы шаруашылықпен шұғыл­данатындарға екі тонна жем­азық тегін таратылады. Басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Шаруашылық «Үздік әлеуметтік кәсіпорын» аталымы бойынша жеңімпаз атаныпты. Көп жылғы еселі еңбегінің жемісі ретінде Біржанның кеудесінде «Құрмет», үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалі жарқырайды. 

Біржан бауырымыз облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы ретінде де көптеген қайырымдылық акцияларға бас­тамашы болып жүр. Елі шырайлы, жері шұрайлы Қызылжар өлкесі талант иелерінен кенде емес. Тек бардың қадірін бағалай алмай жүрген сияқты едік. Биыл осы олқылықтың орны толғандай болды. Оған Елбасының бағдарламалық мақаласындағы «әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақ­талған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ бі­ліп­ өсуге тиіс» деген сөздері қоз­­ғау салды.

Құрамында Жомарт Ома­ров, Нағашыбай Барлыбаев, Қайрат Қадыралин секілді ел десе іші-бауыры елжі­реп тұратын азаматтары бар қауымдастық мүше­лері ақылдаса келіп, тарихи тұлғала­рымызды ұлықтауға, ұлттық өнердің дамуы­на өлшеу­сіз үлес қосып жүрген жерлестерімізді көтермелеуге келіскен. «Сабақты ине сәтімен» демекші, тың ойды жүзеге асыру Мұхамедқанапия Баhрамұлының (Сегіз сері) 200 жылдық мерей­тойымен орай­ласты. «Сал-сері­лердің серкесі» атты рес­пуб­ликалық аламан ай­тыс­қа Жүр­сін­нің кіл жүйріктері жи­на­­лып, жұртшылықтың айы­зын әбден қандырды. Бұған дейін бас бәйгеге әрі кетсе жер тарпыған сәйгүлік аталып келсе, бұл жолы кәсіпкерлер тарапынан шетел­дік көлік, басқа да қомақты сыйақылар тігілді. Туған жеріне келіп, «Айналайын, Қызылжар!» ән кешін өткізген белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаевтың қазақ өнеріне сіңірген зор еңбегін ескерген олар «темір тұлпар» мінгізді. 

Ардагер ұстаз Сағат Қуан­дықов тілшілер қосынына жолда­ған хатында алтын бесік ауылы жайлы қабырғасы қайыса жазып, соңын көтеріңкі леппен аяқтапты. Ерке Есілдің жаға­сында, ақ қайыңдар аралында қоныс тепкен Жарқайың – менің атақонысым. Екі жүзге жуық түтіні бар елді мекеннен бүгінде отыз шақты ғана үй қалды. Жүзіктің көзінен өтетін әлдебіреулер «жұмақ орнатуға» тау-тау уәдені үйіп-төгіп, пайларды жинастырып алғаннан кейін, қара бастарының қамын күйттеп кетті.

Берген серттері далада қалды. «Жаны ашымастың қасында басы ауырмастың» керін келтіріп, оның ақыры бастауыш мектептің жабылып, адамдардың жайлы жерлерге қоныс аударуына соқтырды дей келіп, мерейін тасытқан қуанышпен бөліседі. Алматы қаласында «Геотерм» өндірістік компаниясының директоры қызметін атқаратын осы ауылдың тумасы Дулат Қалитов «Атамекен» бағдарламасына қатысуды перзенттік парыз санапты. Сөйтіп бүгінде жерлестерінің басты қамқоршысына айналған. Көп балалы отбасыларға, аз қамтылған жандарға бірінші кезекте көмек қолын созған. Мешіт тұрғызып берген. Мешіт жанында кітапхана, асхана жұмыс істейді. Іске білек сыбана кіріскен ел ағасы бастапқыда 145 миллион теңге қаржы құйып, 37 техника бірлігін сатып алған.

Қазір инвестицияның мөлшері 350 миллион теңгеге жеткен. Жобалық құны 30 миллион теңге болатын мал кешені салынып, асыл тұқымды құнажындар әке­лінген. Сүт, қымыз өндіру цехы іске қосылған. Сарымай, ірімшік шығарылады. Жақын ауыл тұрғындары тұрақты жұ­мыс­пен қамтылып, орташа айлық еңбекақы 70-80 мың теңгеге жетеғабыл. Келешекте наубайхана ашу жоспарланған. Қоғамдық мал иелеріне жем, шөп қолжетімді бағамен үлестіріледі. Оқушылар көрші мектепке серіктестік сатып әперген «ГАЗель» көлігімен қатынайды. Көшелер жарықтандырылып, шұрқ-шұрқ жолдар жөнделіп, басқа да әлеуметтік мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, кең жүректі азаматтың іргелі істеріне ауылдастары дән риза. 

Жұртшылықтың алғысын арқалаған азаматтардың бірі Айыртау ауданындағы Төменгі Бұрлық ауылында тұратын Сейілбек Махметов десек, қателесе қоймаспыз. Адамдық асыл қасиеттерімен ел-жұртқа сыйлы жан елді мекен тұрғын­­­дарының өмір сапасын одан әрі жақсартуды басты мұрат тұтқан. Әсіресе шаруашылық аумағындағы мектептерге ерекше қамқорлық жасайды. Күрделі жөндеу жүргізуді, оқушылар­ды тегін тамақтандыруды, кө­лікпен қамтамасыз етуді, үлге­рімі мен тәртібі жақсы балаларға сыйақы тағайындауды облыстық мәслихат депутаты, серіктестік басшысы өз міндетіне алған. Дәрігерлік амбулатория, бала­бақша, мәдениет үйі жайнап тұр.

Қоғамдық монша, жазғы би алаңы бар дәмхана, стадион, жабық мұз айдыны, субұрқақ, балдырғандар үшін ойын және демалыс орындары іске қосылған. Жылыжайларда өсірілетін көкөніс тұрғындарға арзан бағамен сатылады. Сөзге берік, іске мығым азамат«Бабық-Бұрлық» серіктестігінің тізгінін ұстағалы алдымен ойлайтыны – жұрттың қамы.

«Қоғамдық келісім» КММ-нің жетекшісі Әсемгүл Ес­қожаның айтуынша ізгі жү­ректі жандар өңірде аз емес. Ол «City Mail» ойын-сауық ке­шенінде өткен қайырымдылық жәрмеңкесін еске алды. Игі ша­ра орталық жүйке жүйесінің зақымдануы дертіне шалдыққан төрт жастағы Расул Нұржан­ға барынша көмек көрсетуге арналыпты. Корея­дағы емдеу мекемелерінің бірі оны қабылдауға әзір. Алайда ме­дициналық тексерістен өтуге қомақты қаржы қажет. «Бақыт­ты балалық шақ» ұранымен ұйымдастырылған акция аясында, айналасы бірер сағаттың ішінде 1,5 миллион теңгеден астам қаржы жиналған.

Алдағы уақытта Расулды қолдау шаралары жалғасады. Сол сияқты Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының «Қайырымды жан» байқауын ұйымдастыруы да құптарлық. Бір атап өтетіні, осы ізгі жүректі адамдар қата­рының көбейіп келе жатқаны. Меценаттар алты аталым бойын­ша марапатталды. Олардың ішінде көктемгі тасқын кезінде қызылжарлықтарға көмекке кел­­ген Ресейдің Түмен облысы қа­зақ­­тар қауымдастығының бел­сен­ділігі ерекше аталды. «Та­йын­ша-Астық» ЖШС-нің директоры Анатолий Рафальский, «Сол­нечный дом» қоғамдық бірлес­­­тігінің төрайымы Анаста­сия Швец ең жомарт жандар атанды. 

Десек те келешекте ескеретін мәселелер жоқ емес. Мұрағат құжаттары негізінде киелі жерлердің картасы жасалып, «Рухани жаңғыру» және «Рухани қазына» бағдарламаларына енгізілгенімен, кей тарихи нысандар қамқорлыққа зәру. Солардың бірі – республикалық маңызға ие, ежелгі энеолит дәуірінің ғажайып ескерткіші саналатын, ежелгі адамдар мекені болған, жылқы қолға үйретіліп, қымыз ашытылған Ботай қонысы. Біздің дәуірімізге дейінгі бесін­ші ғасырда негізі қаланған Бай­қара ескерт­кі­ші де назардан тыс қалған тәрізді. Қасиетті нысандардың дені жырақ жерлерде орналасқандықтан, адамдар бара бермейді. Бірқатары тозғандықтан, заманауи талап­тарға сай жаңғыртуды қажет етеді. Айыртау ауданына қарас­ты Ақан сері ауылының да реңі қашып, берекесі кеткелі қа­шан?! Тек көзге ерекше шалынатыны – қоладан құйылып, мәрмәрмен көмкерілген «Ақан сері-Құлагер» көпфи­­гуралы сәулеткерлік композиция­сы. 1993 жылы орнатылып, содан бері жөндеу көрмегені, әбден тозғаны бірден байқала­ды. ­Қал­пы­на келті­руге қол ұшын ­бере­тін атымтай­­жо­марттар табы­лып жатса, аруақ риза болар еді.  

 Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы