Аймақтар • 16 Тамыз, 2018

Қостанайда Қытай тракторлары құрастырылады

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған делегация жұмыс сапарымен Қытайдың Бейжің қаласында жүр. Құрамында «Allur Group» АҚ, «Айтей Групп» холдингі» компаниясы және «ҚазАзот» АҚ өкілдері бар қостанайлық делегация қытайлық әріптестерімен болашақ инвестициялық жобалар бойынша  бірқатар кездесулер өткізді.

Қостанайда Қытай тракторлары құрастырылады

Қазір  қытайлық СМС (China National Machinery Imp. & Exp. Corp.) мемлекеттік компаниясының «Allur Group» АҚ-ның капитал үлесіне ие болу мәселесі қарастырылып жатқаны белгілі. Архимед Мұхамбетов аталған компания жетекшісімен СМС-дің  таяу арада Allur Group құрамына кіру жоспары туралы келіссөздер жүргізді. Істің түбегейлі аяқталуы биылғы қазан айына жоспарланып отыр. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.   

«Allur Group-дің» еншілес компаниясы «Агромашхолдинг KZ» АҚ-ның басшылығы қытайлық YTO Group Corporation жетекшілерімен жүздесті. Компания Қостанай қаласында ТМД нарығына бағытталған жаңа трактор зауытын салуға ниетті екенін білдірді. YTO Group Corporation – негізі 1955 жылы қаланған «Sinomach» корпорациясының еншілес кәсіпорыны. Ол ҚХР және әлемдегі машина құрастыру, тракторлар өндірісі, ауылшаруашылығы мен құрылыс техникаларын шығаратын ең ірі компанияның бірі. Осы жылдың 6-9 шілдесі аралығында Бейжің қаласында өткен қазақ-қытай іскерлік кеңесі кезінде «Агромашхолдинг KZ» АҚ Қазақстанда «YTO» тракторларын құрастыру жөнінде әріптестік меморандумына қол қойған болатын. Компания өкілдері осы мәселе жөнінде таяу арада Қазақстанға келіп қайтпақ.

Қытайлық тарап  облыста машина құрастыру саласынан басқа жан-жақты астық өңдеу жобалары бойынша да мол қызығушылық танытып отыр. 

Соның бірі бүгінде қазақстандық «BioGrain» ЖШС мен қытайлық әріптес-компаниялар Myande Group Co., Ltd. және Beijing Municipal Construction Group Co., Ltd. арасында бірлескен жобалар төңірегінде белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Компания басшылары жақын арада Қостанайдағы Индустриялық аймақта жүзеге асатын мега жобаның құны 300 млн. АҚШ доллары екенін алға тартуда. 

Келесі жоба Қазақстанда өндіріс көлемі жылына 500 мың тонна болатын DN5 пентаметилендиамин (нейлон) өндірісін қолға алу және жылына 2,3-2,5 млн. тонна бидай мен жүгері өңдеуді жүзеге асыратын болады. Жобаның бастапқы құны 2-2,5 млрд. АҚШ долларына бағаланып отыр. Бұл келіссөздерге отандық «ҚазАзот» АҚ мен қытайлық Cathay Industrial Biotech Ltd және CITIC Construciton Co. Ltd. компаниялары ұйтқы болуда. Айта кету керек, CITIC (China International Trust and Investment Corporation), яғни Мүлікті басқару жөніндегі Қытай халықаралық инвестициялық корпорациясы «аспан асты» еліндегі бірден бір ірі инвестициялық корпорация болып саналады.   

 

Сондай-ақ Бейжіңдегі кездесу кезінде облыс басшылығы аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері, экономикалық әлеует және мемлекеттік қолдаулар жөнінде таныстырылым жасады. Ұсынылатын барлық мүмкіндіктер мен инвестициялық қолайлы климатты ескерген қытайлық тарап алдағы жобалардың сәтті жүзеге асырылатынына ниет танытты. 

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған Қостанайлық делегацияның Қытайдағы жұмыс сапары апта соңына дейін жалғасады. Бейжіңде SANY GROUP Co. Ltd., SINOTRUK Limited International және Hanteng Auto Co. Ltd. компанияларының басшылығымен кездесулер жоспарланған. Сондай-ақ қазақстандық тарап  Аньхой провинциясының Хэфэй қаласында теледидар өндірісімен танымал HKC Corporation Limited компаниясының зауытына барады. Еске салсақ, HKC Corporation Limited компаниясының өкілдері Қостанай облысында теледидар өндірісін қолға алу мақсатымен биылғы тамыз айының басында Индустриялық аймақты арнайы көріп қайтқан болатын.  

 Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай