Қазақстан • 16 Тамыз, 2018

Мәулен Әшімбаев Астанада партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді

462 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Астанадағы Көлік және коммуникация колледжі мен қалалық №5 кітапханада болып, ондағы партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Әлеуметтік нысандарда партия бастамасымен қолға алынған игі істердің жай-күйіне көңіл бөлді.

Мәулен Әшімбаев Астанада партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді

Бүгінде «Нұр Отан» партиясы мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен партия қызметін жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Осы бағытта 20-дан астам жаңа жоба қолға алынып, жүзеге асырылуда. Олардың қатарында цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бағытталған жобалар бар. Дәлірек айтсақ, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша тегін ІТ-орталықтар мен IT-сыныптар ашылып, IT-мамандар даярлау ісі жүйелі жүргізілуде. Республика бойынша үш жыл ішінде ашылуға тиіс 1000 ІТ-сыныптың 100-ден астамы ашылып үлгерді. Оларда жылына 8-16 жас аралығындағы 150 мың бала бағдарламалау, робот техникасы және 3D модельдеу негіздері жайында тереңдетілген білім алады. Одан бөлек, жоспарланған 20 ІТ-орталықтың 15-і ашылды. Қазірдің өзінде Астана қаласында ашылған 11 ІТ-сыныпта 225 бала білім алып жатыр. Жыл соңына дейін тағы 73 сынып ашылып, олар 4500-ден астам баланы қамтымақ.

Осындай ІТ-сыныптардың бірі Астана қаласындағы Көлік және коммуникация колледжінде ашылды. Бүгінге дейін мұнда 500-ден астам азамат цифрлық сауаттылығын арттырып, білімін жетілдірді. Қазіргі таңда бұл оқу орнында 2500-ден астам студент білім алады. Сондай-ақ колледжде «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясымен арадағы келісім бойынша дуальді білім беру жүйесі енгізілген. Бұдан басқа колледж «Қазақавтожол», «Транстелеком», АРЭК, КЕГОК сияқты ірі компаниялармен тығыз байланыс орнатқан.

Колледжге арнайы келген Мәулен Әшімбаев партиялық жобаның мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. «Жобаларды сәтті жүзеге асырсақ, әлемдік нарықтағы ІТ-қызметтер отандық мамандар үшін де қолжетімді бола түседі. Партияның бастамасымен алдағы үш жылда жарты миллионға жуық жас қазақстандық қазіргі заманғы бағдарламалау тілдерін мен цифрлық технологияның қыр-сырын меңгеретін болады. Олардың қатарында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар да бар. Мұның барлығы бүгінгі заман талабы. Сондықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, бәсекеге қабілетті маман болуға ұмтылуымыз керек», - деді ол.

Сонымен қатар партия жұмысындағы басымдықтардың бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жүйелі түрде қатысу. Соған орай «Нұр Отан» партиясы отандық кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құрып, олардың жұмысын жандандыру ісін қолға алды. Соның нәтижесінде бірыңғай онлайн кітапхана жүйесі қалыптасып, еліміздегі барлық кітап қоры электронды форматқа көшірілуде. Аталған білім орталықтарында жастарға арналған қызықты лекциялар ұйымдастырылып, пікірталас алаңдары жұмыс істей бастады. Сондай-ақ жастардың ағылшын тілін үйреніп, жалпы білімге деген ынтасын арттыруға барлық жағдай жасалған.

Дәл осындай тың бастамалар Астана қаласындағы №5 кітапханада да жүзеге асуда. Кітапханаға арнайы келіп, ондағы тың өзгерістермен танысқан Мәулен Әшімбаев кітапхана оқырмандары және қызметкерлерімен кездесуінде жастардың ғылым-білімге деген ұмтылысы заман талабы екенін айтты.

«Жоба бойынша бірыңғай онлайн-кітапхана жүйесі қалыптасып, оған барлық отандық кітапханалар қосылады. Сол арқылы еліміздегі барлық кітап қоры әр қазақстандыққа қолжетімді болады. Шет тіліндегі әдебиеттер де қосылып жатыр. Кітапханалардың жастарды тәрбиелеу барысындағы маңызы өте зор. Мазмұны бай кітаптарсыз жақсы білім жоқ. Осы кітаптарды оқуға жастарымызды бағыттау –  біздің міндетіміз»,- деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Бүгінде аталған кітапханада қазіргі заманғы ақпараттық және электронды технологиялар кеңінен енгізіліп, оқырмандардың түрлі іс-шаралар өткізуіне жағдай жасалған. Жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосылып, кітаптардың электронды каталогы да жүйелі жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар партиялық жоба аясында таяуда 18 елордалық кітапхана мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасы арасында меморандумға қол қойылды. Соның нәтижесінде Астанадағы барлық кітапханалар бірыңғай онлайн-кітапханалар жүйесіне қосылды. Бұл өз кезегінде оқырмандардың қажет оқулықты тез әрі оңай табуына мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Венера Түгелбай,

«Егемен Қазақстан»