Ақтөбеде бағдарлама шарттары мен талаптарына сай 100-ге тарта адам өтініш тапсырған, олардың он процентке жуығы несие алып үлгерген. Ақтөбе қаласында «7 – 20 – 25» мемлекеттік-ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыруға екінші деңгейлі 8 банк тартылған. Соның ішінде «Банк центр кредит» филиалының белсенді екені байқалады. Бұл несие алушылардың дені осы банкті таңдағанынан көрінеді. Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенованың айтуынша, аталған банк арқылы несие алуға тілек білдіргендерге 51 миллион 452 мың теңге несие берілген. 50-ден астам адамның өтініші қаралып, банк тарапынан олардың төлем қабілеттері расталған. Оның мөлшері 361 миллион теңгеге тең. Таяу арада 55 адамға 456 миллион 137 мың 600 теңгенің несиесін беру көзделіп отыр.
Өңірде «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына қатысуға тілек білдірушілер қатарының өсе түсу себебі екінші деңгейлі банктер мен кәсіпорын өкілдері, құрылыс компаниялары арасындағы өзара байланыстардың оң жолға қойылғанында деуге болады. Бұл бағытта бағдарлама бағыттарын жұртшылыққа түсіндіру үшін қолға алынған шаралар мен акциялардың ықпалы да айтарлықтай.
«7 – 20 – 25» бағдарламасының екі артықшылығын айта кеткен жөн. Біріншіден, құрылысы аяқталып, әзір тұрған үйді сатып алу мүмкіндіктері барынша мол. Баспананы қаланың қай тұсынан көп қабатты үйдің қай қабатынан немесе қандай құрылыс компаниясы салған үйді таңдау қажеттігін әр адам өзі шеше алады. Екінші артықшылық − «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасы аясында үй, пәтер кезегіне тұрудың қажеті жоқ. Ең бастысы, соңғы алты айдағы кірістің мөлшері көрсетілген анықтама болса болғаны. Бұған қоса өз атында басқа үй мен жылжымайтын мүліктің тіркелмегенін растау керек.
Осы материалды әзірлеу барысында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа жолығып, облыс орталығында аталған бағдарламаның жүзеге асу барысын сұраған едік.
− Республика тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын одан әрі жақсарту − Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған салиқалы саясаттың басым бағыттарының бірі. Өзгесін айтпағанда, Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» бірі әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру болды. Бұл ретте «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасы мен «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бірін-бірі толықтыра түсті. Екі бағдарлама тұрғындарға қолжетімді баға бойынша аз уақыт аралығында баспаналы болуға мүмкіндік береді, құжаттарды әзірлеуге әрі кеткенде екі-үш апта ғана уақыт кетеді. Сондықтан да бүгінде Ақтөбе қаласында тұрғындарды пәтермен қамтудың басты арнасын осы бағытқа бұрып отырмыз, − деді І.Испанов.
Жоғарыда «7 – 20 – 25»-тің өзге бағдарламалардан екі артықшылығын айттық. Бұған қоса оның үшінші артықшылығын да қоса айта кеткіміз келеді. Аталған бағдарлама шеңберінде жетім балалардың да жаңа баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі бар. Осы орайда, Ақтөбеде өзге өңірлер үшін үлгі боларлықтай тәжірибе қалыптасқан. Яғни қазірдің өзінде өңірде «7 – 20 – 25» бағдарламасына сәйкес жетім балалардың банктегі есепшоттарына қаржылай сертификаттар берілуде. Қобда отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленуші түлегі Тимур Акиев күні кеше «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында 3 бөлмелі пәтер кілтіне ие болыпты. Отбасын құрған жігіт зайыбы екеуі екі бала тәрбиелеп отыр екен.
«Бірнеше жыл мемлекеттік тұрғын үй қорында пәтер кезегінде тұрдым. Алайда, кезегіме жете алмадым. Содан соң «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» 2 864 000 теңге қаражат жинақтадым. Бұл сома да баспана сатып алуым үшін аздық етті. Осындай қысылтаяң сәтте Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов ипотекалық тұрғын үй алу үшін бастапқы жарнаға қажетті 700 000 теңгенің сертификатын табыс етті. Сөйтіп 3 бөлмелі пәтер кілтіне ие болдым», дейді ол.
Қысқасы, несие алу мүмкіндігі мен несие тарихы талаптарға сай келсе «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша рәсімдеуге жол ашылды дей беріңіз. Аталған бағдарламаның осы қарапайым да түсінікті шарттары ақтөбеліктерді ерекше ынталандырып отыр. Облыс орталығында «7 – 20 – 25» бағдарламасына сәйкес тұрғызылып жатқан сәнді де сапалы құрылыстар тұрғындар тілегін толығымен өтей алады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ