Аймақтар • 20 Тамыз, 2018

Түркістанның жаңа дәуірі басталды

658 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп қайта құру және оның орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру туралы тарихи Жарлыққа қол қойғанына да екі ай уақыт өтті. Осы мерзімде киелі Түркістанда көптеген жұмыс атқарылды. Ең бастысы, облыстық мекемелерді көшіру жұмыстары жылдам әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.

Түркістанның жаңа дәуірі басталды

Өткен жұма облыстық мекемелер тарихында, мекеме қызметкерлерінің өмірбаянында өшпестей із қалдыратын күн болды. Олай дейтініміз, Түркістан об­лысы әкімдігінің мемлекеттік қыз­меткерлері Шымкент қаласынан об­лыс орталығы – Түркістан ша­һарына көшті. Бұл жолғы көш мерекелік реңк алып, тарихи сәт есте қалатындай өтті. Көңілді әуен, патриоттық әндер, көліктердегі жігерлендіретін жазулар, көше­тін­дердің көтеріңкі көңіл күйі... заманауи қондырғылар арқы­лы бейнетаспаға жазылып, фотоға түсіріліп жатты. Салта­нат­ты көштің ресми бөлігін аш­қан облыс әкімі Жансейіт Түйме­баев екі ғасыр бойы Қазақ хан­ды­ғының астанасы болған, маңызды шешімдер қабылданған Түр­кістанға ат басын бұрып, қызмет етуге бара жатқан азаматтар, жалынды жастар тарих алдындағы ұлы мұраттарының бірін орындап жатыр деуге толық негіз бар екенін атап өтті.

– Әрбір мемлекеттің, әрбір облыстың, әрбір қаланың тарихында жауапты кезеңдер болады. Биыл 19 маусымда Елбасы Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып құрылып, оның орталығы деп Түркістан қаласы бекітілді. Бұл тарихи шешімге 2 ай жетер-жетпес уақыттың өзінде біз тынбай жұмыс істеп, Елбасы Жарлығын орындауға бар күшімізді салдық. Түркістан қаласында облыс әкімдігіне қарасты 24 басқарма мен облыстық мәслихат, қоғамдық кеңес пен департамент қызметкерлері отыратын кеңселер даярланды. Бүгін біз үлкен көшті бастайық деп отырмыз. Кезінде Елбасы Астанаға көшер кезде «Алматыға сыймай емес, Алматыны қимай кетіп барамыз» деген екен. Біз де Шымкентке сыймай емес, оны қимай кетіп барамыз. Түркістан – бар қазақтың рухани астанасы. Сондықтан оны дамытуға, өр­кен­детуге күш салуымыз қажет. Ше­жірелі қаланың туристік әлеуеті көтеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Міне, енді Түркістан облысы мен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды, – деді облыс әкімі.

Ал белгілі жазушы, «Алаш» ха­лықаралық сыйлығының лау­реаты Мархабат Байғұт орны­ғып қалған орнынан көшу оңай бол­мастығын, алда қиындық­тар кездесетінін, «сол қиындық­тар­ды жұмыла істейтін жұмыс жеңе­тінін» айтты. Мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мыр­захметов әкімдік қызметкерлеріне қызметте жетістіктер мен табыс тіледі. Шығарып салушылар да құр қол келмепті, жол жүре­тіндерге қымызы мен бауырсағын таратқандар көп. Өңір басшысы бастаған үлкен көштің құрамында облыс әкімінің орынбасарлары және аппарат басшысы, облыстық мәслихат хатшысы мен аппараты, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы және аппараты, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары және қызметкерлері, облыстың зиялы қауым өкілдері, облыс ардагерлері, құзырлы орган басшылары, әкім аппараты қызметкерлері, 28 аумақтық департаменттің басшылары мен қызметкерлері, 24 облыстық бас­қарма басшылары мен қызмет­кер­лері, республикалық және жер­гілікті БАҚ өкілдері сынды, жалпы саны мыңға жуық адам бар.

Осылайша мыңға жуық мем­ле­кеттік қызметкер тұрғындар са­ны артып, соған орай қала тірші­лігі өзгеріп, жаңа дәуірі бастал­ған Түркістанда жұмысын жалғас­тырады.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар