Қазақстан • 20 Тамыз, 2018

Тамыз кеңесі: білім саласында қандай бетбұрыс бар?

4225 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биылғы педагогика қыз­мет­керлерінің республикалық Тамыз кеңесі «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағда­йын­дағы адами капитал» тақыры­бында өтті. 

Тамыз кеңесі: білім саласында қандай бетбұрыс бар?

Елордаға еліміз­дің түкпір-түкпірінен білім сала­сының 1000-ға жуық қызмет­кері жиналды. Қазмедиа орталы­ғында өткен білім беру саласы мамандарының басқосуы педагогтар үшін жаңа оқу жылының басталуына тың серпіліс беретін дәстүрлі кездесу екені белгілі. Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев форумға сәттілік тілеп, Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі ең алды­мен оның білім деңгейіне қарай ай­қындалады» деген тұжы­рымын тілге тиек етті. «Сарап­шылар қазіргі экономиканы адам ресурстарының экономикасы деп атайды. Яғни білім – әр мемлекеттің дамуында негізгі рөл атқарады. Мемлекет басшысы да үнемі адами капиталдың дамуы мемлекетіміздің дамуы­ның бас­ты көрсеткіші екен­дігін айтып отырады. Қазіргі жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті адам ресурстары ши­кізат ресурс­тарымен салыс­тырғанда анағұрлым маңызды», деді Е.Досаев.

Латынша «Әліппе» дайындалып жатыр

Кеңесті еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Са­ғадиев ашты. Министр алдағы оқу жылының басты мін­деті ұс­таздардың жағдайын жақсар­та отырып, білім беру ұйым­дарының жауапкершілігін арттыру екенін айтты. Е.Сағадиев атап өткендей, бүгінгі таңда мектепке дейінгі білім ең маңызды мәселе екені белгілі. Бұл ретте мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік жаңа деңгей­ге көтерілген. Қазір жекемен­шік балабақшалар үлесі 30%-тен асқан. Бұл жалпы әлем­дік көрсеткішке сай келеді. Ал 3-6 жастағы балаларды бала­бақшамен қамту 93%-ке жетіп отыр. «Балапан» бағдар­­­ламасы арқылы балабақшалардағы жалпы орын саны халықтың сұраны­сынан асқан. Алайда министр бұл көрсеткіштің рес­публика бойынша ғана екенін жеткізді. Өңірлердегі дисбаланс жұмыс деңгейіне және миграцияға байланысты сақталмай отыр.

Сондай-ақ келесі жылдан бастап 0-ші сынып тәрбиешілері мен мұғалімдерді дайындау жұмысы қолға алынады. Одан бөлек, латынша «Әліппе» және кириллицада «Букварь» базалық оқулықтарын дайындау жұмысы жүріп жатыр. Оқулықтар 2020-2021 оқу жылына дайын болады. Сонымен қатар биыл «Информатика» пәні 3-ші сыныптан бастап оқыты­латындығын айта кеткеніміз жөн. Аталған пән «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында келесі жылы 1-2-ші сыныптарға енгізілмек.

Бес құжат қана толтырады

Пленарлық отырыста министр Е.Саға­­диев мұғалімдерді басқа жұмыстарға тарту мәселесіне тоқталып, жаңа оқу жылында министрлік өз тарапынан педагогтар толтыруға тиіс құжаттардың тізбесін алғаш рет бекіткендігін жет­кізді. Бұл тек 5 құжаттан тұрады. Мұға­лімдерден одан басқа ешқандай есеп, қағаз сұралмауы тиіс. Мектеп мұғалімі толтыратын бес құжаттың нақты тізімін  вице-министр Асxат Аймағамбетов айтып берді. «Бұл бес құжат – журнал, күнделік, балаларды сумативті-формативті бағалау, күнтізбелік және пәндік жоспар. Мұғалім осы құжаттарды ғана толтыруға міндетті», деді вице-министр. Оның айтуынша, мектеп басшылығы мұғалімге жүктемеден артық жұмыс берсе, арыз түсіруге болады.

Министрлік былтыр мұғалім­дердің мехнатына айналған үй аралауды алып тастаған болса, биылғы жаңа оқу жылынан бастап оларды ҰБТ-ға қаты­су мін­­­детінен босатуды қолдайды.

Тамыз кеңесінде сондай-ақ мұға­лімдердің және мектеп әкімшілігінің құқығын қорғайтын, міндетін реттейтін мектеп пен ата-ана арасында келісімшарт жасаудың алғаш рет енгізілгендігі айтылды. Екі тарап өз міндеттерін және құқығын білетін және орындайтын жүйе қалыптастыру өте маңызды.

Жалақы өседі

Барлығымыз білетіндей, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 205 мың мұғалімнің жалақысы 30%-ке көбейді. Алайда үстемеақының 18 сағатқа ғана төленетіні көпшіліктің көкейіндегі ма­ңызды сұрақтардың бірі. Министр бұл мәселені шешіп жатқандығын атап өтті. Биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Бұл біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50%-ке дейін қосымша үстемеақыны қарас­тырады. Ведомство басшы­сының мәліметіне сүйенсек, аттестаттауға мамыр айында 60 мыңға жуық мұғалім қатысып, олардың ішінен 36 мыңнан астамы аттестациядан өтті. Олар 63%-ті құрады. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен мұғалімдерге категория­ларына сәйкес қосымша ақы төленеді. Ал аттестаттаудан өтпеген мұғалімдер болса, оны ағымдағы жылғы қарашада қайта тапсыра алады. Сонымен бірге биыл 110 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курсынан өтуін жалғастырады.

Жан басына қаржыландыру механизмі қажет

Үш ауысымды және апатты мектептер проблемасы әлі толық шешімін таппай отыр. Оның басты себептері демография және миграция екені белгілі. Ресми деректерге сүйенсек, 2000 жылы елімізде 222 мың бала дүниеге келсе, 2016 жылы шамамен 400 мың балаға жеткен. Есесіне, осы жылдар аралығында мектеп құрылысы қарқынды жүргізілмеген. Оған миграция мәселесі де өз ықпалын тигізетіні айқын. 2017 жылдың қорытындысы бойын­ша 320 мыңнан астам азамат аймақ­аралық миграцияға қатысқан. 2017 жылы Астанаға еліміздің басқа аймағынан 80 мыңға жуық адам көшіп келген, сәйкесінше, олардың 17 мыңға жуығы балалар. Бұл шамамен жыл сайын жаңа 15 мектеп салуға қажеттілік тудырады.

Бұл ретте салалық ведомство жан басына қаржыландыру арқылы жекеменшік компанияларды мектептерді салу жұмы­сына тартуды ұсынды. «Респуб­ликалық бюджетте жекеменшік компанияларға инвестицияны қайтарып беру қаражаты қарастырылған, нормативтік базамыз бар, Астана қаласы бастап кетті. Облыс әкімдерінен осы мәселеге назар аударуды сұраймын», дейді Е.Сағадиев.

109 мамандық қысқартылды

Биылдан бастап министрлік жоғары оқу орындарына талапты екі есе күшейтпек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың был­тырғы мемлекеттік гранттардың санын 10 мыңға көбейтіп, биыл тағы 20 мың грант бөлгізуінің өзіндік маңызы бар. Демек, онымен бірге жоғары оқу орындарына зор жауапкершілік жүктеледі. Бұдан былай жо­ғары оқу орындарының рей­тінгісі жас мамандардың жұ­мысқа тұру деңгейі бойынша бағаланады. Егер аталған көр­сеткіш төмен болса, онда сол мамандық бойынша лицензия кері қайтарылмақ. Министрдің айтуынша, биыл республика бойынша 17 мамандықтың лицензиясы кері қайтарылған. Бұдан былай жоғары оқу орындары нақты бір салаға мамандана бас­­тайды. Сондай-ақ  университет, академия және институт дәрежесін беру жұмысы қатаң бақыланады. Қазірдің өзінде кәсіби-техни­ка­лық білім саласында бірін-бірі қайталайтын, сондай-ақ ешбір сұранысқа ие емес 109 ма­мандық қысқартылған. Нәти­жесінде, 66 колледждің сала­лық бағыты өзгеріп,  20 оқу орны бір-біріне қосылды. Бұдан бөлек, ректорлардың тиімділігін бағалау жүйесі, анти­плагиат және тағы басқа тетік­тер жұмысы жолға қойыл­мақ. Аталған мәселелерге қатыс­ты жоғары оқу орындары қауым­дастығының президенті, «Тұран» уни­верситетінің ректоры Рах­ман Алшанов өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, мыңдаған түлекке бір мезетте кәсіпорындармен келісім жасап, жұмысқа орналастыру мүмкін емес. «Сондай-ақ жұ­мыс беруші тарап нақты қандай мамандыққа сұраныс артып отыр­ғандығын жоғары оқу орын­дарына алдын ала хабарлап отыруы керек. Осы ретте екі тарап ортақ бағдарлама жасауы керек деп ойлаймын», дейді ректор.  

Кеңес барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұстаз­дар қауымы жаңартылған білім бағдарламасы төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Атыраудан келген Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектептің директоры Тәбилә Игібайқызының айтуынша, жаңартылған білім беру бағдарламасы  бойынша жұмыс істеп жатқан 30 қанат­қақты мектеп 3 жылдық тәжі­рибеде бағдарлама идеясы­ның тәжірибеден теория­ға өтуге қолайлы екенін көрсет­кен. Жаңадан қосылған «Жараты­лыстану» пәні де осы бағдар­ламаға сай зерттеуге негіздел­ген. Т.Исмағұлованың сөзінше, 1-сыныптан бастап енгізіл­ген «Жаратылыстану» пәні бала­лардың жастайынан қоршаған ортаны зерттеуге құштарлығы мен қабілеттерін ашады. Жаңа жүйенің дәстүрлі оқытудан өзгешелігі, оқушының тікелей сыни тұрғыдан ойлауына негізделеді. «Сондай-ақ жаңа жүйедегі бағалау критерийлері де қолайлы екені айтылуда. Оқушы өзін өзі бағалау әдісі арқылы оқытылған сабақ мақсатын толық меңгеріп шығады», дейді директор.

Кеңестен тыс Қазмедиа орта­лы­ғы­ның алаңқайында кітап көрмесі ұйым­­дас­тырылды. Республиканың әр өңірі­нен келген ұстаздар мен тәлімгерлер жұмыс­тарын таныстырды.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»