Елорда тұрғындарының саны жыл сайын артып келеді. Оған туу көрсеткіші мен ішкі көші-қонның артуы әсер етіп отырғаны анық. Ресми деректерге сүйенсек, бас қалада әр оқу маусымы сайын мектепке баратын балалардың саны 10-15 мыңға артып отырады. 2010-2011 жылдары Астана мектептерінде 74 мың бала оқыса, өткен жылы 145 мың оқушы білім алған. Осыған байланысты ел астанасында шағын мектептердің де қатары көбейіп келеді. Бұл біріншіден, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік тудырса, екіншіден ұстаздардың жүгін жеңілдетуге жол ашады.
«SEED School» математикалық-тілдік мектебінде 1-4-сынып оқушылары қазақ және орыс топтарына бөлініп білім алады. Онда математика және қазақ, ағылшын тілдері тереңдетіп оқытылып, роботты техника, радиотехника және информатикадағы жаңа технологиялар да егжей-тегжейлі үйретіледі. Оқушылар түске дейін негізгі пәндер бойынша сабақ алса, түстен кейін мектеп ұйымдастырған 12 үйірмеге қатысады. Оның ішінде балалардың мемлекеттік тілді жетік меңгеруі үшін ұйымдастырылған қазақ тіліндегі драма үйірмесі және ағылшын тілінде жүретін журналистика үйірмесі бар.
«Біздің шағын мектебімізде математика және қазақ, ағылшын тілдері тереңдетіп оқытылады. Бұдан бөлек 12 үйірме мен факультативті сабақтар жүргізіледі. Балалар таңғы 8.00-ден 18.00-ге дейін осында болады. Мектептің өз асханасы бар, оқушылар 3 мезгіл тамақтанады», дейді «SEED School» мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Бибігүл Нұрымғалиева.
75 орындық шағын мектептің тағы бір ерекшелігі – әр сыныпқа 16 баладан артық оқушы қабылданбайды. Жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйлеген «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шолпан Қирабаева елордада шағын мектептер мен балабақшалардың өте қажет екенін айтып, осындай білім орталықтарының көбеюі білім сапасын арттыруға көмектесетінін жеткізді.
Білім ордасына жұмысқа шақырылған қызметкерлердің барлығы жаңартылған оқу бағдарламасы курсынан өткен бірінші категориялы ұстаздар екенін айтқан мектеп директоры Гүлсім Егізбаева сабақ халықаралық әдіснамамен үш тілде жүргізілетінін атап өтті.
Айта кетейік, SEED – іздену, зерттеу, эксперимент жасау және жаңалық ашуға негізделген оқу жүйесі. Бұл жүйе балалардың алған білімін теориялық және практикалық тұрғыда меңгеруіне мүмкіндік береді.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»