Қазақстан • 20 Тамыз, 2018

Құрбан айт – ұлық мереке

1660 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсылман­да­рының діни басқармасы (ҚМДБ) 2018 жылы Құрбан айт мерекесі тамыз айының 21-і күні басталатынын жариялады.

Құрбан айт – ұлық мереке

Құрбан айт (мейрамы) Ора­­за айтынан 70 күннен кейін Зул­хиджа айының 10 күні басталады. Григориан күн­тізбесі бойынша бұл күн биыл 21 тамызға келіп отыр. Ал қажылыққа аттанғандар Ара­фа жотасында 20 тамыз күні құл­шылық етеді. Сондықтан бұл күн «Арафа күні» деп аталады. Қажылыққа бармағандар осы күні ауыз бекітіп, ораза ұс­­таса Алланың ризалығы үшін жағымды амал (арабша «мұ­с­тахаб») болып саналады.  Әбу Қатадан қалған хадисте: «Арафа күнінің оразасы өткен және келер жылдардың күнәларына кәфәрат (кешірім) болады...» делінген екен.

Барлық мұсылмандар бі­ле­­­тін болса да Алланың ри­­залығы үшін құрбандық шалу­дың қайдан шыққанын еске сала кетейік. Бұл дәс­түр Ибраһим (Ыбы­райым) пай­ғамбар заманынан қал­ған. Ибраһим пай­ғамбар (ивритше Авраам, латынша Абрахам т.с.с.) Исламға дейін, барлық бір Құдайға табы­нушы діндерде пайғамбар деп танылған адам. Құран Кәрімде Ибраһимнің өмірі мен қызметі туралы молынан баян­далған. Ол жастайынан-ақ өзінің тайпаластарына және әкесі Азар табынған пұтқа сенудің дұрыс еместігін танып, бір Алланы уағыздайтын болған. Сол үшін руластары оны өлтіруге дейін барғанда, Ал­ланың құдіретімен аман қалады. Қартайған шағын­да Алла оған ұл береді. Осы баласымен бірге тасқын қи­ратқан Меккедегі Қағбаны қал­пына келтіреді.  Алла оны сынамақ үшін Жәбірейіл періш­те ар­қылы сүйікті ұлы Смайылды құр­бандыққа ша­лу­ға бұйырады. Қанша қи­налса да Ибраһим пайғамбар Алланың әмірін екі етпей баласын құрбандыққа шал­мақ болып, бауыздағалы жат­қанда Алла аспаннан көк қош­қарды түсіріп, баласының ор­нына соны құрбан қылуға бұ­йырады. Сол кезден бас­тап адал малды (жылқыдан бас­­қа) құрбан шалу дәстүрі қалып­тасқан және ол Ибраһим пайғам­бардың сүннеті деліне­ді.

Мерекенің «Құрбан айты» немесе «Құрбандық мейрамы» (Құрбан байрам)  аталуы түркі сөзі, арабша атауы «Ид әл-Әдха» деп аталады. Құрбандық адамның Аллаға адалдығын көрсетіп, оған рухының жақын­дауы­ның белгісі деген түсінік қалып­тасқан. Қажы сапарында атқа­рылатын құлшылықтың ең шыр­қау шегі де осы құрбан ша­лу болып саналады.

Жағдайы бар, жолаушы емес мұ­сылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық мін­дет. Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой (ешкі де) төлі шалынады. Бірақ мал­дың ауру, ақсақ, тым арық болмауы­ да ескеріледі. Соны­мен қатар қой­ мен ешкі бір, қара мал екі, түйе бес жас­тан кем бол­мағаны дұрыс. Пай­­ғам­­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с) құрбандыққа сойылған мал­дың әрбір бөлшегі сауап болады деген екен.

Кейбір мұсылман ел­дерінде құр­бандық, егер көзі­нің тірі­сінде тапсыр­ған болса,  қайтыс болған туыстарының атынан да шалынады. Біздің елге де оны жасауға болады, бірақ мұндайда сойылған малдың еті тұтасымен садақаға таратылады. Бір қошқар немесе қой бір отбасының атынан шалынады. Ал қара мал немесе түйені жеті отбасы бірігіп, құрбандыққа шалуға болады. Құрбандықты айт намазынан кейін (бірінші күні) үшінші күні күн батқанға дейін шалады. Құрбандық дұғасы: «Аллаһум­ма һәзә минкә уә иләйкә, фа­та­қа­ббәл минни», қазақша мағы­насы «О, Раббым, мұны Өзің бердің, әрі Өзіңе арнап отырмын, менен қабыл ете көр». Дұғаны айтып болған соң, «Бисмиллә, Аллаһу Акбар» деп малдың тамағынан бауыздай­ды.

Құрбандық етін үшке бөліп таратады. Бір бөлігі өзіне қа­лып, оны  отбасымен бірге мей­рам дастарқанына арнап асады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге таратылады.

Қасиеттi Құрбан айт – әлем­­­дегi бар­лық мұсылман ба­ла­сы үшiн ұлық мереке. Ислам мемлекеттік дін саналатын елдерде құрбан айтта 4-5 күннен дем алып, тойлайды. Ал Түркия мен Қатарда бұл күндері 10 күннен дем алады. Сауд Арабиясы тіпті екі апта тойлайды. Біздің елде ол үш күн тойланады, бірақ демалыс алғашқы күні ғана беріледі. Ресейдегі Адыгей, Баш­құрт­стан, Татарстан, Дағыстан, Чешенстан, Ингушетия, Ка­барда-Балқар, Қарашай-Шеркес сияқты мұсылман респуб­ликаларында да бұл күн мереке саналып, халық демалады.

 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»