Қазақстан • 20 Тамыз, 2018

Тұлға еді ол...

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Журналист Идош Асқардың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Шығанақ» атты мақаласы (2018 жылғы 21 нау­рыз) көптен бері көкейде жүрген ойды қайта қозғады. Біз, ойылдықтар, дәлірек айтқанда, Шығанақты көріп немесе оны көргендердің естеліктерін өз ауыздарынан естіп, тануымыз бен табынуымыз ажырамас ұғымға айналып кеткен ұрпақ өкілдері оны үн-түнсіз, іштей  ылғи да іздеп жүретінбіз. Сондықтан рухани жаңғыру жағдайында, автордың Шығанақты қайтадан перзенттік сағынышпен еске алуын қуана-қуана қабылдадық.

Тұлға еді ол...

Иә, Шығанақ ескерусіз қал­ды деуге ауыз бармайды. Қара еңбектің қайталанбас ұлы тұл­ғасын ескерусіз қалдыру мүм­кін емес-ті. Кеңестік идеология Шығанақты еңбекті наси­хаттаудың туы ретінде көтеруге тырысты. Респуб­лика Үкіметі оны мәңгілік есте қал­дыру тура­лы арнайы қаулы қабыл­дады. Шы­ға­нақтың дәстүрін жал­ғас­тыру туралы бастама көте­рілді. Шығанақтың ақ тарысын жо­ғал­тып алмау үшін бұйрық та бе­рілді, мерзімдік басылымдарда да аз айтылған жоқ. Бірақ қаулы орындалған жоқ, бастама аяқсыз қалды, Шығанақтың ақ тарысы тары өсірудің әлемдік каталогынан мәңгілік  орын тепкенмен, өзі­нің туған жерінде жоғалуға ай­нал­ды.

Бұл қалай? Мазасыздық пен шарасыздық сол күйінде «көрпеге қарай көсілудің» синониміндей болып қала бере ме? Шығанақ сияқты ұлы тұлғаны қазіргі дең­гейден әрі ұлықтаудың қажеті жоқ па? Шығанақ, шын мәнінде, бас әріппен жазылатын Еңбек деген ұлы ұғымның жинақы бейнесі еді. Ол бейне жасалмады. Классик жазушымыз Ғ.Мұстафиннің арнайы тапсырмамен жазған романында Шығанақ идеологиялық бейнеден әріге аса алмады.

Еңбекті құрметтесек, Шыға­нақ­ты құрметтейік дейтін перзент сөзін қайталауға тура келіп  тұр. Өйткені автордың бұрын да айтып жүргеніндей, Шығанақ табиғатынан ешқандай құрмет күтпеген жан, бұл құрмет бізге, бізден кейінгі жас ұрпаққа қажет, жас ұрпақтың еңбек қадірін жан-тәнімен сезінуі үшін қажет. Кезінде Бүкілодақтық халық шаруа­шылығы жетістіктері көр­месінің Қазақстанға арналған павильонының табалдырығынан аттаған адамды ең алдымен, сол табалдырықтың екі жағында ұлт атынан өнер мен еңбектің символындай болып бой көтерген  Жамбыл мен Шығанақ талай жү­ректі ыстық ықыласқа бөлеп тұрушы еді ғой. Ашаршылық пен соғыс қыспағында, адам қо­лы­­мен жасалған адам шыдай ал­мас­тай зұлматтармен арпалыса жүріп осыншалық ерлік жа­са­ған еңбек адамының ұлы­лы­ғына таңданған, әлемдік жа­ңалықтардың іздеушілерін еш­кім­­нің шақыруынсыз, тек өз жү­ректерінің қалауымен тер сің­ген талыс тебінгінің тілігіндей Ойылға қайта-қайта ат сабылтқан, ғылым өрісінен асып, әлемдік ғалымдарды таңдандырған ерлік қандай да болсын құрметке лайық­ты еді. Бірақ өкінішке қарай, тап осы аса қажетті құрмет­тің тиісті жолы болмай-ақ келеді. Неге? Неліктен бұлай таусыла сөйлеп отырмын, аталған мақа­ла­дан бұ­ған толық жауап алуға болады. Аудан­дық биліктің мүм­кіндігіне сыя бермейтін, әлде­қайда биік, одан әлдеқайда өріс­ті шешімдерге енді тиісті азаматтар  сергек қарайтын болар деп ойлай­мыз.

Қорыта айтқанда, еңбекті бағалау Шығанақ сынды елі үшін тер төккен, еңбек еткен ерлерді бағалаудан бастау алады емес пе?!

 

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ,

журналист,

 Ойыл ауданының құрметті азаматы

 Ақтөбе облысы