Тарих • 23 Тамыз, 2018

«Қасиетті Қазақстан» қадамдары

2387 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек» деген болатын.

«Қасиетті Қазақстан» қадамдары

Жоғарыда айтылған Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың мамыр айында елор­дамыздағы Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылған еді. Аталмыш орталық іске кіріскеніне бір жылдан асты. Осы аралықта қы­руар шаруа атқарылған екен.

Ең әуелі аталмыш мекеме елі­міз­дегі қасиетті тарихи орындар­ды анықтап, олардың ұлттық-идео­логиялық деңгейін нақтылау мақ­сатында орталық жанынан ғы­лыми-сараптамалық кеңес құр­ды. Оған жергілікті өлкетану­шы­лар, этнограф ғалымдар, аймақ­тағы салалық мекеме қызмет­кер­лері тартылды. Сөйтіп өңірлер­дегі тарихи-өлкетану музей қыз­мет­керлерінің атсалысуымен еліміз аумағында орналасқан қасиетті-киелі, рухани-тарихи маңызы зор нысандар тізбесі жасалды.

Нәтижесінде барлық өңір­лер­ден жинақталып, жұмыс тобына келіп түскен 1000-ға жуық нысан­ға сараптама жасалып, осы­лар­дың ішінен 100 нысан жал­пы­ұлт­тық деңгейлі, 500 ны­сан жер­­гі­лікті маңызы бар қасиет­ті орын тізіміне енгізілді. Бұл нысан­дар туралы өткен жылдың ая­ғын­да «Қазақстанның жалпыұлт­тық қасиетті нысандары» және «Қазақ­станның өңірлік қасиетті нысандары» атты үлкен еңбек қазақ және орыс тілдерінде, объектілердің суретімен қоса жарыққа шықты.

Бұның сыртында «Қазақс­тан­ның қасиетті жерлерінің географиясы» атты виртуалды-интерактивтік карта жасалып, «Қазақстанның қасиетті жер­лерінің энциклопедиясы» атты бес томдықтың ал­ғаш­қысы оқыр­ман қолына тиіп те үл­герді. Бұл тұң­ғыш жинаққа – Ал­маты және Ас­тана қалалары мен Ақ­мола және Алматы облыста­ры қамтылып отыр.

Жоғарыдағы жалпыұлттық ті­зімге енген кейбір нысандар, Қо­­жа Ахмет Ясауи және Қарахан кесе­не­лерін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде таныстыратын 3D мо­дель­ді көрсетілім әзірленді. Соны­мен қатар әлеуметтік желілерге ар­налған мобильді форматтағы 40 се­кундтық бейнероликтер мен елі­міздің киелі жерлері тура­лы 4 ғылыми-көпшілік дерек­ті фильм түсірілді. Олар Natio­nal Geographic, BBC секілді бү­кіл­әлем­дік беделді телеарналарда көрсе­тіліп жатыр.

Еліміздің қасиетті нысанда­рын шетел­дік­терге таныстыру мақ­сатында Ш.Ай­манов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ 20-дан астам ғылы­ми-та­нымдық деректі фильм­дер түсі­ріпті. Солардың қатарында «BBC WorldNews» телеарнасы­мен бірігіп түсірген «Алтын адам» ар­хео­логиялық қазбасына арнал­ған «Ал­тын жауынгер» атты жаңа дерек­ті фильмнің телевизиялық тұсау­кесері елімізде және шет елдерде өтті. Бұлардан басқа «Қожа Ах­мет Ясауи» және «Айша бибі» фильмдерін түсіру жұмысына 451 миллион көрермені бар ше­телдік беделді телеарна «BBC World­News» мамандары тартылған.

Сонымен қатар биыл Үкімет қаулысымен «Бозоқ», «Ботай», «Са­райшық» мәдени-тарихи музей-қо­рықтары құрылды. Ал­дағы уа­қытта «Ұлытау», «Оты­рар», «Таң­­балы» мәдени-тарихи му­зей-қо­­рық­тарын құру жоспарланып отыр.

Жыл басынан бері жалпыұлт­тық тізіміне енген 23 тарихи және мәдени ескерткішке реставрациялау жұмыстары жүргізілді. Олардың қатарында Шақпақ ата, Қа­раман ата, Ясауи, Арыстанбаб кесенелері, Ақыртас, Аппақ ишан ке­шендері, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Ежелгі Тараз, Талғар қалашықтары бар.

Енді «Қасиетті Қазақстан» жо­басы аясында аймақтарда атқары­лып жатқан істерге тоқталсақ, мысалы Атырау облысындағы Құл­сары қаласынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан «Ақ­мешіт» кешеніне жаңадан жол салу ісі қолға алынса, Ақмола облысында жалпыұлттық деңгей сапынан орын алған 10 нысанға, жергілікті маңызға ие 33 нысан бар болса, осыларға жаңғырту, жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін облыс есебінен жалпы сомасы 116,5 миллион теңге қаржы бөлі­ніпті. Нәтижесінде, ғалым Шо­қан Уәлихановтың және өңірге есімі әйгілі тұлғалар Ақан сері, Бір­жан сал ескерткіштері жөнде­ліп, Степногор қаласына ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың алып мүсіні орнатылды. Сол сияқты өңірдің тағы бір тарихи тұлғасы Уәли ханның мазары демеушілер есебінен жөнделуде. Ақмола облысы елімізде туризмді дамытушы донорлық әлеуеті жоғары аймақ болғандықтан болашақта мұндағы қасиетті орындарды жалғайтын туристік маршрут жасақтау жайы да назарда.

Осындай келелі істер Шығыс Қазақстан өңірінде де жалғасын табуда. Соның бірі өткен жылы жауынгер сақ әйелінің мүрдесі табылған Берел қорғанына тарихи-археологиялық музей кешені тұрғызылып, №5 қорғанның үс­ті­не шыны күмбез-шатыр орнатылды. Қатты шыныдан жасалған жабық кешен аумағы – 90 шаршы метр, ал биіктігі жәдігерлер жатқан тереңдіктен бастап 8,5 метр­ді құрап отыр. Сонымен қатар өңір­ге танымал қасиетті орындар Ырғыз­бай мавзолейі, Қоңыр әулие үңгірі қатарлы нысандарға баратын жол­дар жөнделген. Сондай-ақ өткен жылдың соңында С.Аман­жолов атындағы ШҚМУ жаны­нан ашылған «Шығыс маржан­дары» атты туристік ұжым өңір­дегі қа­сиетті нысандарды насихат­тау ба­ғытында жаңадан 23 бағытта тур­операторлық қызмет көрсеткен.

Батыс Қазақстан облысында де­меушілердің көмегімен облыс ор­талығының ежелгі «атасы» есе­бінде мойындалып келген орта­ғасырлық «Жайық қалашығының» аспан астындағы ашық макеті жасалып, «Бөкей Ордасы» тарихи-мәдени кешеніне баратын жолға жөндеу жүргізілсе, дәл осы сияқты Жамбыл облысы аумағында орналасқан «Ақыртас» кешеніне қатынайтын жеті шақырымдық жолға асфальт төселген.

Еліміздегі жалпыұлттық қа­сиетті нысандардың көнелігі жағы­нан Маңғыстау өңірі алда тұр. Атап айтқанда, Х-ХІХ ғасырлар мұра­сы Бекет ата, Шопан ата, Қара­ман ата, Масат ата, Сисем ата, Шақ­пақ ата, Сұлтан епе қатарлы ны­сандар бар. Осыларды қорғап-сақтап, туристік бағытта дамыту үшін облыс бюджетінен 5 млрд теңге қарастырылған.

Сол сияқты құрамы Ресей және өз­бек­стандық ғалымдар тобынан жасақталған Хорезм археоло­гиялық-этнографиялық экспеди­ция­сы ғылыми-зерттеу мекемесі Қы­зылорда облысы әкімінің қол­дауымен аймақтағы қасиетті орындар Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Қышқалаға археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми-сараптамалық қорытындысын шығаруда.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі «Қарасай – Ағынтай батыр» мемориалдық кешеніне жөндеу жұмыстарын жүргізумен қатар, биыл туғанына 125 жыл толып отырған ақын Мағжан Жұ­ма­баевтың Сарытомар ауылындағы музейін толық жарақтап, ауылға баратын жеті шақырым жол асфальтталды.

Жаңадан құрылған Түркістан облысы Ордабасы ауданы аума­ғында орналасқан «Бірлік – Орда­басы» мемориалды кешені, «Арыс­тан баб» мавзолейі, «Отырар тө­бе» тарихи кешені сияқты ны­сандарды қалпына келтіру үшін қомақты қаржы бөліп, туризмді дамытуды қолға алуда.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»