Театр • 23 Тамыз, 2018

Театр тарихымен құнды

763 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дәл осы ойдың шынды­ғы бүгін­­де айрықша аңғарыла­ды. Сту­дент кезімізде А.Н.Остров­ский­дің «Қасқырлар мен Қойлар» комедиясын Петр Фоменконың қойылымы бойынша «Көрсетілім семинары» пәні­н­ен талай рет қарап, тал­даған едік. Өткен шілде айын­да Мәскеу қаласына тәжірибе алмасу сапары туралы хабар­ды естігенде, көкейімде жүр­ген көп ойларым тағы да қы­лаң берді. Мәс­кеуге келісімен сол қойы­лым­дар­ды өз көзімізбен көруге асықтық. 

Театр тарихымен құнды

Ең алдымен А.Чехов атын­дағы Мәскеу көркем театры мұра­­­жайын, А.А.Бахрушин атын­­­дағы театр мұражайын, В.И.Не­ми­­рович-Данченко мен К.С.Стани­­с­лав­­скийдің музей-үйін тамашаладық.

1898 жылы негізі қаланған МХАТ-тың ең алғаш шымылдығын ашқан Алексей Толстойдың «Царь Фёдор Иоаннович» трагедиясы­ның киімдерін, реквизит, декора­ция­ларын осы күнге дейін сол қал­пын­да сақтауы таңғалдырды. 130 жыл болған жәдігерлер жап-жаңа бол­­ма­ғаны­мен, көнермеген, әлі күнге тарихтың жаңалығы ретінде қызмет етіп тұр. Мәскеу­дің қай театрына кірсең де өз музейі бар. Қай-қайсысы да жәдігерге өте бай. Жасанғаны да, жабдықталғаны да айрықша. Көрдік... Түйдік...

Біздіңше, Қазақстандағы саны 60-қа жеткен барлық театрдың жеке мұражайы ашылса және бұ­дан таным кеңеймесе, тарылмайды. Музей жазушыны да, қалың қауым оқушыны да ойлантып, тол­ған­туға, тарихына аманатпен қарап, амал қылуға үйретуге тиіс. Бұл уақыт еншісіндегі мәселе болға­ны­­мен, театрдың әр күнінен тарих қала­на­ты­нын ескеру ләзім. Осыған байланысты алдымен мынаны айтар едік.

Біріншіден, еліміздегі қолтаң­басы қалыптасқан аға буын режиссерлердің репетициясы мен қойылым барысындағы жұмыс жүргізу процесіне дейін жазылып, реквизиттердің бәрі сақталуы тиіс. Данченко мен Станиславскийдің отырған орындықтарына дейін қастерленетін Мәскеу театр өне­рін­­дегідей біз де құнды жәді­гер­­лерді тарихтан таса қалдыр­масқа үйренуіміз керек. Бір МХАТ музейінің өзінде екі филиал бар. Филиал деген – «дом музей». («Дом-музей Константина Станиславского», «Музей-квар­тира Немировича-Данченко В.И.»). Ал Бахрушин музейінде он филиал бар. Кілең өнер майтал­мандарының музей-үйлері кешегі тарихты тілсіз-ақ тар­қатып бере алады. Тұнып тұрған тарих.

Екіншіден, театр өнеріне тек актер мен режиссер ғана үлес қоса­ды деген жаңсақ пікірге ұрын­бай, театр үшін еңбек еткен әр саланың иелеріне арналған музей бұрышы болғаны жөн.

Үшіншіден, М.Әуезов атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық драма театры дирек­торы Асхат Максимұлы театр мұра­жайын ғылыми орталыққа айнал­дыру туралы ойымен бөліскен еді. Театр мұражайындағы әрбір ақпа­рат­тық материалдар, афишалар, бағ­дарламалар, яғни тарихтан мағ­лұмат беретін кез келген құнды жәдігерлер арнайы рұқсат хатпен немесе театр тарапынан бекітілген прайс-парақ арқылы қолжетімді болса дейміз.

Төртіншіден, қала қонақ­тары мен көрермендерге театр ғимара­тына спектакльден тыс уақыттарда экскурсия жасау. Бүгінгі күн – жар­наманы талап ететін уақыт. Театр маңы, театр алаңы, яғни театр­ға жақын (метро, аялдама) жер­­лердің бәрінде театр жарнама­лары, тарихынан сыр шертетін сурет­­тер, тұлғалар портреттерімен ай­шық­­талып тұрса, артық емес. Бұл әкім­шілік тарапынан, мемлекет та­ра­пынан қолдауға ие болуы керек.

Салтанат ӘБІЛҒАЗИЕВА,

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының орынбасары