Тарих • 24 Тамыз, 2018

Шырақ шамдай Шернияз

1827 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

XIX ғасырдың I жартысындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінде ойып тұрып орын алатын шайырлардың бірі – Шернияз шешен Жарылғасұлы. 

Шырақ шамдай Шернияз

Кете руынан шыққан Шернияздың өмір жолы туралы көптеген деректер кездеседі. Қазақтың энциклопедист-ғалымы Халел Досмұхамедов кете руынан шыққанын «Сәуле» журналының №4 санына сілтеме жасау арқылы көрсетеді. Себебі, Ығылман Шөрекұлының:

Малай кете Шернияз,
Шерлілер сөзін сағынған.
Секерден шырын дәмі бар
Тыңдағанға жағынған, деген өлең жолдары үзінді ретінде журнал бетінде жарық көреді.

Жазушы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Қазақ шежіресінің діңгек идеясы, яғни тұжырымы түптеп келгенде, жалпы тарихты тануда бел алып жататын адамдық бастау идеясымен үндес келеді», деген еді. Шернияз ақынның шежіресіне үңілсек, Шернияздың әкесі – Жарылғас, Жарылғастың әкесі – Елде, Елденің әкесі – Жаман, Жаманның әкесі – Малай, Малайдың әкесі – Сарымбет, Сарымбеттің әкесі – Айдар болып атал­ған. Шежіредегі аталарының бірі – Малай, Шернияздың ауылының атауы бол­ған деген деректер кездеседі.

Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинастырушы, этнограф, шежіреші, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Естігенін ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауызға алып айтуы­мен үлгі-өсиет қалдырған», деп жаза­ды. Шернияз шешенге қатысты дерек­тердің ауыздан-ауызға тарауы әбден мүмкін. 

Шернияздың туған және қайтыс болған мерзімдері әлі күнге дейін нақ­ты­ланбай келеді. Деректерді сараптап қарасақ, 1817-1881 (64 жас), 1807-1867 (60 жас), 1806 – 1867 (61 жас) деген дата­лар көрсетілген. Ақынның мәң­гі­­лік мекені – Атырау облысы, Қызыл­­қоға ауданы, Мұқыр ауылынан 35 шақы­рым жерде орналасқан зиратындағы құлпы­таста «1807-1867 жылдары өмір сүрген» делінген. «Қазақстан тарихы» пәніне арналған Ұлттық бірыңғай тестілеу оқулығының «XIX ғасырдың I жартысындағы мәдениет» атты тарауында ( 208-бет) Шернияз ақынның өмір сүрген жылдары «1807-1867 жылдар» деп көр­сетіл­ген. Сондықтан, құлпытаста көр­сетіл­­ген датамен жүргеніміз жөн. XIX ғасыр­­­дың 30-жылдарында Кіші жүз аума­ғын қамтыған Исатай-Махамбет көтері­лісінің қатысушысы және жалын­ды жыршысы болған. Көтерілістің екінші кезеңінде батырдың артына ерген рулар – кете, әлім еді. Исатайдың соңғы шай­қасы кетенің жерінде, яғни Қиыл бойында болғанын білеміз. Шернияздың Исатай­дың жан досы болғандығы туралы энциклопедист-ғалым Х.Досмұха­медов «Сәуле» журналының №6 санында баяндайды. Бұл сөзімізді Шернияз ақынның:

«Алаштың баласына түгел жеткен, 
Айтпауға бола ма екен түлік малын.
Мен өзім Исатайдың ақыны едім, 
Малданып Исатайдан маңғаз болдым», деген өлең жолдары дәлелдей түседі.

Шернияздың немере інісі Көкей молда Жарылғас, Шернияз молда болған деп суреттейді. Інісі Балмырза жырау:

«Айдын көлге жабылған,
Құлан едім ордалы.
Асатаяқ алысқан,
Ауыл едім молдалы», деп Шернияз­дың шариғатқа жетік екендігін айтады. Шамшырақтай сөздің иесі Шернияз шешеннің болашақ ұрпақтың нәрлі сөзден ажырамай өсуіне септігін тигізеді деп есептеймін.

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
әдебиеттанушы
Атырау