Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Шағын индустриялық аймақ ашылды

484 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков пен «Қамқор Автосервис» серіктестігінің директоры Сәкен Тәңірқұлов «Атамекен-Қамқор» шағын индустриялық аумақтың жобасын іске қосу жөніндегі меморандумға қол қойды.

Шағын индустриялық аймақ ашылды

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, шағын индустриялық аумақ аясында кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимарат пен толық инфрақұрылымы бар кеңсе бөлмелері ұсынылады. Мұның бәріне жеңілдік жасалған. Егер кәсіпкер өз офисін, тігін цехын, наубайханасын, автосервисі мен өзге де ісін ашқысы келсе, шағын индустриялық аумақ бизнесті дамыту үшін барынша оңтайлы мүмкіндік. Бұл аумақ қала шетіндегі «Көкшетау – Астана» күре жолының бойында орна­лас­қан. Жалпы алаң 3,5 гектарды, ғи­мараттың аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды. Шағын индус­триялық аумақта дамыған инфрақұрылым, темір жол мен кіреберіс жол бар. 

– Шағын бизнес өкілдерінің цех пен өндірістік ғимарат салу­ға мүмкіндіктері жоқ. Олар бұл нысандарды үлкен кәсіп­орын­дардан жалға алып, қолындағы қар­жы­сын қазіргі заманғы қондыр­ғы­лар сатып алуға жұмсайды. Сөй­­тіп бұл қолайлы жағдай ша­ғын биз­нестің дамуына көп ық­па­лын ти­гізеді,  деді Т.Нақыпбеков. 

Шағын индустриялық аумақ­тың қатысушылары облыс­тық кә­сіпкерлер палатасынан кеңестік-құқықтық көмек, бизнес-инкубатор аясында кәсіпкерлікке оқу, өнімді сатуға көмек, жобаларды мар­кетингтік зерттеу, ақпараттық  және сараптамалық ресурстарға қол жеткізу тәрізді қызметтің бар­лық түрін ала алады. Бұл жоба­ның ерекшелігі, дамыған ин­фра­құрылымы бар дайын бөл­ме­нің барлығында болып отыр. Мұ­ның бәрі кәсіпкерлерді уақыт пен қаржы шығындаудан босатады.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар