Бағдарламалар • 25 Тамыз, 2018

Алматыда «Латын әліпбиіне көшудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттері» тақырыбында семинар-кеңес өтті

537 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сана жаңғыруы әліпби жаңғыруынан басталады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Алматыда өткен «Латын әліпбиіне көшудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттері» атты республикалық семинар-кеңесте кеңінен айтылды. Жетекші лингвист ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиында латын әліпбиіне көшудің маңызды мәселелері талқыланды.

Алматыда «Латын әліпбиіне көшудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттері» тақырыбында семинар-кеңес өтті

Қазақ тілі негізгі емле ережелерінің жалпы жобасын Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ағымдағы жылдың басынан бері әзірлеп, ғылыми қауымға шілде айында концепция түрінде ұсынған болатын. Концепциядан кейін емле ережені әр тараптан жиналған тілші ғалымдар мен орфографиялық жұмыс тобының мүшелері жан-жақты талқылаған еді. Жұмыс сарапталып, талқыланып оның негізінде аз-кем толықтырулар жасалғаны да белгілі. Осы түзету нәтижесін негізге ала отырып бұған қатысты әлеуметтен сынама-сауалнама да алынған. Жаңа емле ереженің пилоттық жобасын апробациядан өткізу бойынша еліміздің бірқатар өңірлерінде нақтырақ айтсақ, Көкшетау, Қарағанды, Семей, Өскемен, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы, Астана қалаларында жүргізілген сынамалардың нәтижелері, статистикалық көрсеткіштері жиын барысында жұртшылық назарына ұсынылды.

– Сауалнама негізінде қандай проблемалар көрінді және нені енгізу керек деген сұрақтар алға қойылып күні кеше өткен семинар кеңесте осы жұмыстар қайта толықтыруға берілді. Мұның ішінде әсіресе шет тілдік сөздердің жазылуына байланысты мәселелерді баса айтуға болады. Қазіргі уақытта қолымызда 148 параграфтан тұратын ереже бар. Ол ережелерде бұрынғы кирил әліпбиіндегі ереженің құрылымы сақталып отыр. Дегенмен, ішінара ауыстырулар мен толықтырулар енгізіліп баптар ұлғайды. Бұрынғы ережеде айтылмай қалған проблемалы тұстарды тауып қайта енгіздік, – дейді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфография бөлімінің басшысы, профессор Құралай Күдеринова.

Ғалымдар қауымы орфография өте күрделі сала, сондықтан сауатты жазу үшін орфография мен ғылыми негіз болу керек екенін айтады. Сондықтан оның негізгі принциптеріне сүйену міндетті. Бұл тұрғыда шет елдердің тәжірибесіне де көз жүгірткеннің артықтығы жоқ. Ең бастысы тіліміздің табиғаты бұзылмауы керек. Елбасы өзі айтқандай әліпби деген қатып-семіп қалған дүние емес. Ол жол-жөнекей жөнделе, толықтырыла түседі. Алайда «көш жүре түзеледі» деп қазір реттеуге болатын маңызды мәселелерді кейінге қалдыруға болмайтынын айтқан бірқатар тіл мамандары өз талап-тілектерін де ортаға салды.

Кеңейтілген талқылауға қатысқан Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының өкілдері мен ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық терминология және ономастика комиссиясының мүшелері өздерінің сараптамалық пікірлерімен бөлісіп, латын әліпбиіне біртіндеп көшуге қатысты бірқатар ұсыныстар айтты.

Профессор Нұргелді Уәли қазақ тілінің жаңа емле ережесін әзірлеу барысында басшылыққа алынған ғылыми принциптер мен үрдістерге кеңінен тоқталса, ғалым Айманкүл Алдашева жаңа емленің құрылымын таныстырып, емле түзуде қолданылған негізгі тілдік механизмдер мен модельдер жайлы баяндады. Оған қоса семинар жұмысында «Емле ережесі жобасын сынамадан өткізудің алғашқы кезең нәтижелері және жаңа емледегі жаңалықтар», «Емле ережесі жобасын талдау, сараптау, алғашқы кезең нәтижелері», «Термин сөздерді жаңа әліпбимен таңбалаудағы қиындықтар» сынды бірқатар тақырыптарда баяндамалар жасалды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ