Бизнес • 25 Тамыз, 2018

Бельгиялық инвесторлар «Сарыопан» кен орнына барды

396 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Kazakh Invest» компаниясының шақыруымен бельгиялық «Carmeuse Group» трансұлттық компаниясының өкілдері Қарағанды облысындағы «Сарыопан» кен орнына барды. Онда жоғары сапалы әк өндіретін зауыт салынатын болады.

Бельгиялық инвесторлар «Сарыопан» кен орнына барды

«Carmeuse Group» компаниясы Бельгияда 1860 жылы құрылған және ол әк өндіретін әлемдік көшбасшы компаниялардың бірі. Компанияның АҚШ, Канада, Италия, Франция, Словакия, Венгрия, Африка және Азия елдерінде 90 зауыты бар. Компанияның жылдық айналымы 1,5 млн. еуроны құрайды. Қазақстандық серіктес «Global Chemicals Company» ЖШС.

«Kazakh Invest» тарапынан шетелдік инвесторға жер қойнауын пайдалану келісім шартына қол қою жөнінен көмек көрсетілді.

«Біз «Kazakh Invest» компаниясына аталмыш мәселе бойынша көмек көрсеткені үшін алғыс білдіреміз. Біздің жобамыздың жаңашылдығы, бұл технология әктің жұмсақ және қатты түрін өндіруге мүмкіндік береді», - деді Carmeuse Group компаниясының өкілі Вибаш Чаудхури.

Зауыт жылына 300 мың тонна әк өндіреді деп жоспарлануда. Инвестиция көлемі 55 млн. АҚШ долларын құрады. Кәсіпорында 105 жұмыс орны ашылады.

Инвесторлар әк тасты өндірудің технологиялық жүйесі шикізаттың сапасына қарамастан кеннің кез-келген физикалық-химиялық талаптарына сәйкес келетін өнім шығаратындығын алға тартуда. Жоғары белсенді әктас түрлі-түсті және қара металдарды қалпына келтіреді және олардың технологиялық көрсеткіштерін арттырады. Нәтижесінде СО2 төменгі сапа құрамнан біркелкі сапалы шикізат шығады.