Бағдарламалар • 25 Тамыз, 2018

«Жетісу Алатауы» бағыты бойынша төртінші экспедиция аяқталды

1182 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Экспедиция қатысушылары 12 күнде 2130 шақырым жол жүріп өтті. Ол «Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасының аясында өтіп, Қазақстанның көрікті жерлерін зерттеуге арналды.

«Жетісу Алатауы» бағыты бойынша төртінші экспедиция аяқталды

Осы күндері құрамында телевизия журналистері, туроператорлардың өкілдері, швейцариялық фотограф-пейзажшы Кай Гроссманн, британдық саяхатшы, әрі фотограф Джэк Хардин, қазақстандық тревел-блогер Андрей Кулагин тәрізді шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлері бар команда Алматы облысының сұлу табиғатына тамсанып қайтты.

13 тамыздан бастап жоба қатысушылары табиғи және тарихи ескерткіштермен тамаша үйлескен жерлеріне барып қайтты. Мысалы, құпиясы әлі толық ашылмаған Бесшатыр қорымында болды, орган музыкасына ұқсас дыбыс шығаратын қасиетімен ерекшеленетін Айғайқұмға барды.
Туристердің ең сүйікті жерлерінің бірі «Алтынемел» ұлттық саябағында көптеген табиғи ескерткіштер бар. Бұл саябақтың бар сұлулығын көру үшін көп уақыт қажет.

Саябақтың шығыс жағында Алтынемел жотасының күнгейіне қарай орналасқан Ақтау және Қатутау таулары бар. Олар бір уақыттарда осы мекенде толқып жатқан мұхиттың түбіндегі шөгінділерден түзілген. Шұбар түсті топырақ жартасты әртүрлі түске бояйды. «Біз мұнда айда жүргендейміз», - деп әсерлерімен бөлісті экспедиция мүшелері.

Саяхатшылар Ақсу ауданы аумағындағы Баянжүрек тауларына барып, ежелгі темір дәуірінде жартасқа салынған суреттерді тамашалады. Бұл тау батыстан шығысқа қарай созылып жатыр, оның ұзындғы шамамен 20 км, ал биіктігі 2079 метрге дейін жетеді. Жетісу Алатауынан Баянжүректі Қасқарау даласы бөліп жатыр. Оңтүстік батыс жағындағы шыңдар мен үлкен тастарға жүздеген сурет қашалып салынған. Олардың сюжеттері мен стилі Жетісудағы осы тектес ескерткіштерден өзгеше. Жетісу Алатауының солтүстік сілеміндегі Бүйен өзені даласында, шағын үстіртте ежелгі қасиетті орын – обсерватория бар. Бұл - тастан қаланған, диаметрі 97 метр болатын үлкен шеңбер. Оның ортасында мұз дәуірінен қалған қойтас жатыр, және төрт тарапқа: солтүстік-оңтүстік, батыс-шығысқа бағытталған үлкен тастар қойылған.

Тек арнайы дайындалған жол таңдамайтын көлік қана жүре алатын 20 шақырым тау жолымен біздің қатысушылар биіктігі жағынан Орта Азияда екінші орынды иеленетін Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына келді. Сондай-ақ экспедиция бағыты Жетісу Алатауының төлқұжатына айналған Қора шатқалы арқылы өтті. Ол негізгі, солтүстік жотаның батысында орналасқан. Сапожников мұздығынан Қаратал өзеніне дейінгі шатқалдың ұзындығы – 70 км. 

Жетісудың флорасы мен фаунасы, ландшафтарының сан алуандығы мен сұлулығы экспедиция мүшелерін ерекше әсерге бөледі. Сонымен қатар, қатысушылардың ұсынысымен бастапқы бағытқа түзетулер енгізілді. Осы ұсыныстар негізінде туристік компаниялар Жетісу Алатауы маңайына ең оңтайлы турларды ұйымдастыратын болады.

«Бұл бағыт табиғи және археологиялық ескерткіштерге толы. Барлық ескерткіштерді қамтитын мұндай ұзақ тур сахташылардан белгілі бір физикалық дайындықты талап етеді. Сол себепті, біз, мерзімі, күрделілік деңгейі жағынан әртүрлі бірнеше бағыт жасайтын боламыз», - деді экспедиция жетекшісі Іңкәр Менаяқова.

Жобаны Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша,Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай жүзеге асырушы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы екені естеріңізге саламыз.
Экспедиция қорытындысы бойынша «Kazakh TV» телеарнасында туристік нысандарға бару жөнінде арнайы бағдарлама шығарылады. Экспедицияның ресми медиа-серіктесі - «Хабар» Агенттігі.

Экспедицияның келесі бағыттары төмендегі облыстар бойынша жалғасады: 

Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары – Теңізден теңізге дейін;

Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары – Жаңа Жібек жолы.

«Жаңа Жібек жолы» бағытына National Geographic Ресей телеарнасының тобы қатысады.