Ұлттық спорт • 27 Тамыз, 2018

ШҚО Көкпекті ауданында «Жігіт сұлтаны-2018» байқауы өтті

1543 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шығыстың білекті де жүректі, өнерлі де білімді жігіттері Толағай тауы баурайындағы Көкпекті ауданында бас қосты. Аудан әкімдігі мен облыстық Ішкі саясат басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған «Жігіт сұлтаны-2018» байқауында өңірдің әр аймағынан келген, әр салада еңбек ететін 12 жігіт бар өнерлерін паш етті.

ШҚО Көкпекті ауданында «Жігіт сұлтаны-2018» байқауы өтті

Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айдар Садырбаев «Жігіт сұлтаны» байқауы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында осымен екінші мәрте ұйымдастырылып жатқанын, мұның алдында Абай ауданында «Аяулы келін» сайысы өткенін айтты. «Жастар бәсекеге қабілетті болуы үшін ең әуелі өз тарихын, төл мәдениетін, салт-дәстүрлерін жақсы білуі қажет. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да негізгі өзегі осы болса керек. Сайысты өткізудегі мақсат – жастардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді ол.  

Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин Жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып бұл шараны өткізуге мұқият дайындалғандарын, ауыл сыртына киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылғанын жеткізді. «Әр ауданнан келген жігіттердің өнерінен бөлек аудан халқына арналған бағдарламамыз да бар. Ол бағдарламамыз бәйге, бұқа тартыс, қой көтеру, асық ату, ләңгі тебу сынды ұлттық ойындарға құрылған», – деді Д.Қойгелдин.

Қатысушылар бірінші кезеңде теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, қол күресі сынды ұлттық ойын түрлерінен бақ сынады. Теңге ілу сайысында 12 жігіттің төртеуі ғана (Абай, Зайсан, Күршім, Көкпекті) талап үдесінен шығып, жерде жатқан ораулы теңгені көкке лақтырды. Бәрінен де аударыспақ бәсекесі тартысқа толы болды. Әсіресе Тарбағатайдың Ақжар ауылынан келген қарға бойлы Абзал Бекбаевтың қарымы көрерменді тәнті етті. Әккі, әдісқой Абзал біресе қарсыласын ат үстінен жұлып алса, біресе қулыққа басып, қарсыласының аяғынан үзеңгіден шығарып жіберіп, басымдығын танытты. Ол ақтық сында күршімдік Ерасыл Ахметовпен кездесіп, жеңіп тұрып жеңіліп қалды деуге болады. Абзал әдеттегідей өзінің сүйікті әдісіне салып, қарсыласының аяғын үзеңгіден шығарып, ары аударып жіберген. Аттан құлады деп сенген болуы керек, өзі де жеңісіне масаттанып жерге секіріп түскен. Сөйтсе Ерасыл аттың бір жағына ауғанымен, жерге аяғы тимеген екен. Содан не керек, аударыспақ ережесі бойынша күршімдік Ерасыл жеңіске жетті. Қол күресінде Көкпекті ауданының Тассай ауылының тумасы Саяхат Тұрлыбеков сәтті өнер көрсете білді. Ал қазақ күресінен өткен тартыста Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов сынды атақты балуандардың жерінен келген Айдос Үркімбаев қарсылас шақ келтірмеді. Екінші кезеңде жігіттер Қалихан Алтынбаев атындағы аудандық Мәдениет үйінде білімдері мен біліктіліктерін таразыға салды.

Сонымен, байқау қорытындысында бас жүлдені ұлылар мекені - Абай ауданынан келген Айдос Үркімбаев иеленіп, «Жігіт сұлтаны» атанып, ат мініп, шапан киді. Бірінші орынды көкпектілік Саяхат Тұрлыбеков, екінші орынды зайсандық Рауан Саханов, үшінші орынды күршімдік Ерасыл Ахметов қанжығаларына байлады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы

Суреттерді түсірген – Дархан БЕРДІБЕК