Тарих • 27 Тамыз, 2018

Жүз жылдық домбыра

1192 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Домбыраның көп тараған түрі ертеде қозықұйрық деп аталған. Мұндай домбыраны, әсіресе Батыс Қазақстан өңіріндегі әнші-жыршылар тұтынған. Қозықұйрық – тұтас ағаштан шабылады, оның бір атауы – омырылмалы екіге бөлінеді, қоржынға салып алып жүруге ыңғайлы, сағасы бұран­далы әдіспен бекітіледі. Бұл домбы­ра­лар­дың тарихы сонау «Аттың жалы, атан­ның қомы» деп аталатын көш­пелі дәуірлермен тығыз байланысты.

Жүз жылдық домбыра

Тұтас шабылған қозықұйрық домбыралар халықтың отырықшылық, қалалық кезеңін сипаттаса керек. Мұндай домбыралардың мойны қазіргі домбыралармен салыс­тыр­ғанда ұзынырақ болып келеді. Бел­гілі эпик жыршы, фольклортану­шы ғалым Берік Жүсіповпен әңгі­ме­міздің ауанын осылай, көне қозы­құйрық домбыраларды сипаттаудан бастауымызға тарихы кенен сондай бір ерекше домбыра себеп болған еді.

«Бұл домбыра менің қолыма тигенде мойны ұзын болатын. Осы­ған қарап мен аспап иесінің саусақ­тары салалы, биік бойлы нар қазақ болса керек деп топшыладым» деп, жалғастырды әңгімесін жыршы.

– Қарасам, домбыраның алақаны жоқ (құлағы орнатылған бас бөлігі), қылсағағына айна орнатылыпты әрі дүміндегі түйменің айналасы түгел сынған екен.

Бұл домбыраның қазіргі қалыпқа ке­луін­де белгілі шебер Жолаушы Тұр­­ды­­ғұловтың еңбегі ересен. Жыр­шы­ның өтінішімен өзінің байырғы таби­ғи қоңыр дауысы қалып­тасқанша оның беттақтайы бірнеше рет жабылған.

– Қақпағы төртін­ші рет жабыл­ғанда сирек қоңыр дауыс­ты, жұм­сақ әрі қазақи тұнықтығымен ерек­шеленетін Дина мен Жамбыл ұста­ған домбыраларға тән ғажап үн күм­бірледі, – дейді жыршы.

Енді бұл домбыра жыршы Берік Мыр­за­лыұлының қолына қалай түсті деген сауалдың жауа­бына тоқ­та­лайық. ««1987 жылы Алматы мемл­екеттік консер­вато­риясының студенті атанғаннан кейін Ақтөбе өңіріндегі Ембі қала­сында тұратын әкемнің қарындасы Нәзипа Жүсіпқызы мен жездем Сәндібай Имағамбетовтың үйіне бардым. Әңгіме арасында жездем Сәндібай: «Берік, біздің үйде бір қожаның домбырасы бар, ұстауға қорқамыз. Өзің көріп, сол домбыраға иелік етсеңші» – деп, домбыраны бергісі келетіндей емеурін танытты. Мен дереу «Адам домбырадан да қорқа ма екен?» деп, аспапты көруге ынтық­тым. Жездем сарай­­дың бұрышында киіз­ге ораулы тұрған аспапты нұсқады. Ора­мын шешіп, қолы­ма алып, жылдар тоздырған көне домбыраға ары-бері үңіле бастадым. Жездем: «Жақас қожаның домбырасы», – деді.

Сәндібайға жамағайын Жақас қожа заманында бақсылық жасаған. Ал домбыра сағасындағы айна сол бақ­сы­л­ықтан қалған ерекше белгі. Айна көбінесе бақсы қобызында кез­де­­седі. Ол кісі осы домбырамен зікір сал­­ған болуы да мүмкін. Мұндай бақ­­сы­­­лар шоққа темір қыздырып жалаған.

Бұл домбыра Жақас қожаға қалай жетті дегенге келсек, 1900 жылдары Қызылорда облысының Арал ауданы, Ақбасты-Көкарал өңіріне Қарақалпақстан жидесінен шабылған екі домбыра келіпті. Арнайы тапсырыспен жасалған әлгі домбыралардың біріне Әби молда, екіншісіне осы Жақас иелік етіпті. Жақас қожа дүние салғаннан кейін аспапты қожаның кемпірі Сәндібай қайнысына берген», деп тәмамдады әңгімесін Берік Мырзалыұлы. Бүгінде осы қасиетті домбыраны жыршы үлкен сахналарға шыққанда ұстап, отыз жылдан бері шаңырағының құтты мүлкі ретінде тұтынып келеді.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ