Қазақстан • 28 Тамыз, 2018

Кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру бо­йынша республикалық Қоғамдық кеңес мүшелері – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пен Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Алматы облысына келді. Олар осы сапар аясында өңірлік палата алаңында жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. 

 

Кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды

Кездесу барысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері  үшін жер телімдерін қолжетімді ету, көтерме және тарату орта­лық­тарын салу және басқа да мәсе­лелер талқыланды. Әсіресе жер те­лімдері туралы ақпараттың қолже­тімділігіне ерекше назар ауда­рылды. «Атамекен» ҰКП бас­қарма төрағасының айтуынша, облыста қолданыстағы бас жос­пардың  материалдары мен егжей-тегжейлі жоспарлауды қамтитын қала құрылысы жобалары бойынша геоақпараттық деректер базасын құру қолға алынған.  Мұндай жұмыс Қызылорда облысында, Астана мен Алматы қалаларында да жүргізілуде.

– Әкімдіктердің бас жоспарлар туралы, бос жатқан жер учас­келері жайлы ақпаратты онлайн арқы­лы қолжетімді етудің маңызы зор. Мысалы, 5-6 сиыры бар «Бас­таудың» түлегі өз шаруасын ке­ңейтіп, тағы 10-15 сиыр сатып алуға ниеттенді делік. Оған жа­йылым керек. Ол жер учаске­сінің немесе бос жатқан жер учас­кесі туралы ақпараттың да жоқты­ғын біледі. Сондықтан кәсіп­керге барлық ақпарат онлайн режім­де қолжетімді болуға тиіс. Кәсіп­керлер есіктерді қақпай, барлық қыз­метті бір жерден алуы үшін бұл алаңды өңірлік палаталар арқылы құру керек, – деді Абылай Мырзахметов.

Сондай-ақ ол қаржы ресурстарын алуды оңайлату,  мемлекеттік сатып алуды жетілдіру, отандық тауар өндірушілерді қолдау және кадр­ларды оқыту туралы атқа­рылған және жоспарланған жұ­мыстар барысы туралы әңгімеледі.

Аймақтардағы фермерлерді алаңдатқан тағы бір мәселе – сауда желілерінің жоқтығы.  Бүгінгі таңда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­ра­ция­лар (ӘКК) елді мекендерде фермерлер өнімдерін өткізетін көтерме және тарату ор­талықтарын құруда. А.Мыр­захметов айтқандай, фермерлер нарыққа шығу мәселесімен өздері ғана айналыспауға тиіс.  Олар тек өнімді қоймаға өткізіп, тиесілі қаражатты алуға міндетті. Қазіргі таңда «Атамекен» мұндай орталықтар жүйесін құруды Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп қолға алған.

Кездесу барысында Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрайымы Рим­ма Салықова кәсіпкерлікке ұзақ мер­зімді келісімшарттарды енгізу қа­жеттілігі туралы мәселені көтерді.

– Біздің зауыт жол құрылысы материалдарын өндірумен айналысады. Нарыққа шыққанымызға 10 жыл болды. Тендерлер желтоқсан айында, кейде қаңтарда немесе ақпан айында өтеді, ал тапсырушы өнімді наурыз айында талап етеді. Осы аз уақыт ішінде келісімге қол қойып, шикізат сатып алып, өнімді дайындап, Қазақстан бо­йынша жеткізіп беруге міндеттімін. Қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес. Сондықтан бизнеске ұзақ мерзімді келісімшарттар өте маңызды. Сонда ғана жұмысымызды жоспарлай аламыз. Мектеп асханаларында, ауруханаларда да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан, олар да жыл сайын сатып алуды жариялауға мәжбүр болады, – дейді кәсіпкер.

Өз кезегінде Абылай Мыр­зах­метов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бес жыл мерзімге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау туралы келісімге қол жеткізілгенін айтты.

Жиын соңында депутат Нұртай Сабильянов өңірлік бизнестің проб­лемалары мен ұсыныстары Пар­ламенттің сессияларында қар­ла­тынын айтты.

 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы