Қаржы • 28 Тамыз, 2018

Индустрияландыру – экономика игілігі

15074 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Экономиканы әртарап­тан­дыруды және оның ши­кізат экспортына тәуел­ділігін азайтуды негіз­гі мақсат ет­келі елімізде ин­дус­триялан­дыру бағытын­дағы бағдар­ла­маларға барынша басым­дық берілді. Нәтижесінде нақты стра­те­гиялық жос­парлар бекіп, межелі мін­дет­тер бел­гіленді. Басты­сы, индус­трияландыру бағ­дарла­масы өңдеу секто­рының дамуына оң әсерін тигізді.

 

Индустрияландыру – экономика игілігі

Бұлай деуімізге нақты дәлел де бар. Мәселен, өнеркәсіптегі өңдеуші сектордың үлесі 2010 жылғы 31,8 проценттен 2017 жылы 41,3 процентке, экспортта – 2010 жылғы 27,9 проценттен 2017 жылы 32,3 процентке арт­қан. Жалпы индустрияланды­ру бағдарламасы басталғалы бері, яғни 2010-2017 жылдар аралы­ғында елімізде жалпы сомасы 6,6 трлн теңге болатын 1148 жо­ба іске қосылып, 107 мың тұрақ­ты жұмыс орны ашылды. Бір ға­на 2017 жылдың өзінде жалпы со­масы 1,9 трлн теңгеден астам 120 жоба жүзеге асырылып, 10 мың­нан астам жұмыс орны құрылды. Ал биыл 850 млрд теңгенің 123 жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Онда 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Ресми мәлімет сондай-ақ 2010 жылдан бастап 2017 жылға дейін өңдеуші секторға 29,4 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын көрсетеді. Егер бұрын (2005-2009 жылдарға) өңдеуші секторға тікелей шетел ин­вестициясы жалпы ағынының шамамен 7,4 проценті тиесілі бол­са, бірінші бесжылдықтың қоры­тындысы бойынша бұл көрсет­кіш 14 процентке, екінші бес­жыл­дықтың басынан 20,8 процентке дейін өскен.

Бүгінде индустрияландыру бағ­дарламасының екінші бес жыл­дығы жүзеге асырылуда. Бұл аса күрделі жұмысқа алғаш­қы қадам 2010 жылы жасал­ған бо­ла­тын. Үдемелі индус­трия­­лық-ин­но­вациялық даму бағ­дар­­лама­сының қабыл­дануы бір жа­ғы­нан экономи­каны әрта­рап­тан­дырудың ма­ңызды бағы­ты, екінші жағы­нан жаһандық дағ­да­рыс құ­бы­лыс­тарына қарсы ке­шен­ді ша­ра ретінде қарастырылды.

Жалпы Қазақстанда тұ­тас­тай индустрияландыру бағдар­лама­сын қолға алудың өзі батыл қа­­даммен пара-пар еді. Өйт­кені Мемлекет басшысы айтқан­дай, «Біз инновациялық-индус­триялық секторды тақыр жерден бас­тадық». Десе де, елдік ба­ғыт­тың дұрыстығы бірінші бес­жыл­дық­тағы табыстармен айқын білінді, бүгінде жоғары өнімнің жетістіктерін жұртшылық сезіне бастады. Индустрияландыру шара­патының арқасында іске қосыл­ған нысандардан бюджетке трил­лиондаған теңгенің өнім­дері түссе, жер-жерлерде құрыл­ған жұмыс орындары ел игілі­гіне қызмет етуде. Бастысы, еліміз­дің экономикалық құры­лы­мын өзгертуде маңызды қадам жаса­лып, жаһандық эконо­ми­каның алмағайып жағдайында дағдарысқа қарсы ден қоюдың тең­­дессіз тәжірибесін бастан өт­кердік. Нәтижесінде, Қазақ­стан­да алғашқы бесжылдықтың өзін­де 770-тен астам кәсіпорын іске қосылды, соның арқасында өң­­деуші өнеркәсіптің құры­лы­мы өзгеріп, отандық эконо­ми­ка­дағы дәстүрлі, қуатты метал­лур­гия, азық-түлік өнеркә­сібіне қо­сымша жаңа бағыт­тар ашылды. Қазақстанда индус­трия­лан­дырудың алғашқы жылдары өңдеуші өнеркәсіп өсімінің қар­қыны дәстүрлі өндіру саласынан алғаш рет асып түсті. Яғни 2011 жылдан бастап өңдеуші сек­тордың өсімі тау-кен өндіру сала­сын басып оза бастады. Соған орай, Қазақстан өңдеуші өнер­кәсіп секторының нақты өсімі бойынша Кеден одағы елдері арасында көшбасшы елге айналды.

Негізінен 2010-2014 жылдары Үдемелі индустриялық-ин­но­­ва­­циялық даму мемлекеттік бағ­­дар­­ламасының шеңберінде бірін­­ші кезең іске асырылды. Онда ин­дустриялық дамуға заң­на­ма­лық, инфрақұрылымдық жә­не инс­титуттық негіз қаланды.

Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдар­ла­ма­сы­ның алғашқы бесжылды­ғы­ның қорытындысы бойынша Қа­зақ­станда тау-кен өндіру сала­­сының ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 про­центке азайды. Ал өңдеуші сек­торға тартылған тікелей ше­телдік ин­вес­­тициялар ел тәуел­сіз­дігі­нің алдыңғы жылдарымен салыс­тыр­ған­да 2,9 есеге артты. Өң­­деуші өнер­кәсіп саласында жа­ңа әрі маңызы жоғары 28 сектор пайда болды дейді дерек көздері.

Индустрияландыру енші­сін­­­дегі алғашқы 5 жылда-ақ бұ­ған дейін Қазақстанда өндіріл­ме­ген мүл­де жаңа 400 өнім түрі иге­ріл­ді. Шетелдерге экспорт­та­латын та­уар­­лар номенкла­ту­расы 38 про­­­центке артты. Тех­ноло­гия­лық тұр­­ғыда күрделі сана­­латын отан­дық тауарларды шы­­ғарып, ішкі на­­рықта тұ­ты­ну үле­сі артты. Елі­міз­­дің өң­­деу­ші өнер­кәсібін­дегі ең­­бек өнім­­ді­лігі 1,6 есеге ұлғай­ды. Жұ­­мыс­­­шылары жоғары білік­ті, 75 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Индустрияландырудың ар­қа­сында елімізде экономиканың машина жасау, мұнай өңдеу, электр энергетикасы секілді ірі салалары дамыды. Еліміздің 7 өңірінде бой көтерген жаңа жо­балар қайта индустрияландыру үшін тың серпін болды. Үкімет өңірлерде Арнайы эко­номикалық аймақтарды дамы­туға қол жеткізіп, индустрия­лан­дыру жобалары өңірдегі өсімге оң ықпалын тигізді. Бағдарла­маның тиімділігін ескере оты­рып, екінші бесжылдыққа да қа­­­дам бастық. Сөйтіп Индус­трия­­лық-инновациялық дамы­ту­­­дың 2015-2019 жылдарға ар­нал­ған мемлекеттік бағдарла­масы «Қазақстан-2050» стра­тегия­­сының ұзақ мерзімді ба­сым­дық­тарына, Қазақстанның әлем­нің дамыған 30 елінің қатары­на кіруі жөніндегі тұжы­рымда­масына сәйкес, сондай-ақ Прези­дент жа­нындағы Шетел инвес­торлары ке­ңесінің XXVI жалпы отырысын­да Мемлекет басшысы берген тап­сырманы орындау үшін және Президенттің «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бо­лашақ» атты 2014 жылғы 17 қаң­тардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленді.

Индустриялық-инно­ва­ция­лық дамытудың негізгі мақсаты – еңбек өнімділігін арттыруға және өң­делген тауарлар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған өң­деуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру. Осы­ған қол жеткізу үшін бір­қатар міндет белгіленді. Айта­лық, дәстүрлі секторлардағы кәсіп­орындарды жаңғырту есебі­нен тиімді базалық индустрияны құруды аяқтау, сала түзуші ірі жобаларды іске асыру арқылы ин­дустриялық өсудің жаңа нүк­телерін қалыптастыру, экс­портқа бағдарланған тиім­ділігі жоғары индустриялық кәсіп­керліктің пайда болуы және өз ең­бегінің өнімділігін үнемі артты­ру үшін жағдайларды қамта­ма­сыз ету, сонымен қатар ин­но­ва­ция­лық бел­сенді бизнестің қатары арту үшін алғышарттар жасау.

Инвестициялар және даму ми­нистрлігінің мәліме­тіне сүйенсек, екінші бесжылдықтың да нә­ти­желері көңіл қуантарлықтай. Мы­салы, өңдеуші өнеркәсіптегі өнер­­­кәсіп өндірісінің көлемі 2017 жыл үшін 9,4 трлн теңгені құ­­рап, 2016 жылғы сәйкес ке­зең­мен са­лыстырғанда 5,6 процент­ке өс­кен. Ал 2018 жылғы қаң­тар-­мау­сымда өңдеуші секторда 4 922,5 млрд теңгенің өнімі өңді­рі­ліп, өткен жылғы қаңтар-мау­сым­мен салыстырғанда 5,2 процент­ке артқан, өңдеуші өнер­кә­сіп өнімінің экспорт көлемі 2017 жыл­ғы осы кезеңіне 22,1 процент­ке өскен. Ал өңдеуші өнер­кә­сіп­тің негізгі капиталына салын­ған инвестициялар көле­мі 532,8 млрд теңгені құрап, өт­кен жыл­ғы сәйкес кезеңмен салыс­тыр­ғанда 18,2 процентке артқан. Ма­ңыз­дысы, қазіргі таңда кәсіпорын­дарға жүйелі қолдау шара­ларын көрсету нәтижесінде жаңа өн­ді­рістер енгізу, қолда бар кәсіпорындарды жаңарту және ұлғайту жүзеге асырылуда.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»