Бокс • 28 Тамыз, 2018

Бес боксшымыз бас жүлде үшін айқасады

337 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Венгрияның бас шаһары – Будапештегі бокстан өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстанның бес өрені жартылай финалда жеңіске жетіп, бас жүлде үшін таласу құқығына ие болды. 

Бес боксшымыз бас жүлде үшін айқасады

69 кило салмақта дәрежесіндегі Ермахан Жақпековтің өнеріне «Дунай Арена» спорт кешенінде жиналған барша жанкүйерлер құлшына қол соқты. Қандасымыз таиландтық Пирапат Йесунноенді бірінші раудта-ақ ұрып жығып, финалға шықты. 75 кило салмақтағы Нұрбек Оралбай (75 кило) өзбекстандық Наво Тамасовты жеңсе, 91 кило салмақтағы Айбек Оралбай алжирлік Хасид Мұхамед Әминнен айласын асырды. Қазақтардың қарқынынан қаймықса керек, Сағындық Тоғамбаев (81 кило) пен Дамир Тойбайдың (+91 кило) қарсыластары жекпе-жекке шығудан бас тартты. Бұл бәсекеде Сағындық беларусьтік Алексей Алферовпен, ал Дамир мысырлық Ахмед Элсави Авад Элбаспен жұдырықтасуға тиіс еді. 

Жартылай финалда біздің жігіттердің арасынан тек Махмұд Сабырхан ғана сүрінді. 49 кило салмақта бақ сынаған қандасымыз Пуэрто-Риконың өкілі Джон Пауэл Ривероға жол беріп, қола медальді қанағат тұтты. Ал қалған жігіттеріміз 30 және 31 тамызда өтетін ақтық сында өнер көрсетеді. Сонымен қатар, осы жарыстың қыздарымыз да күш сынасуда. Олардың нәтижесі жайында ертең баяндайтын боламыз.      

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар