Кино • 29 Тамыз, 2018

Қазақстандық фильмдер Венецияда таныстырылады

446 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2018 жылдың 2 қыркүйегінде Венецияда қазақстандық жаңа картиналардың таныстырылымы болады. «Еуразия» Халықаралық кинофестивалінің дирекциясы ұйымдастырған іс-шара Италияның кинематографиялық, аудиовизуалды және мультимедиалық өнімдерінің ұлттық ассоциациясының (ANICA) қолдауымен жүзеге асып отыр.

Қазақстандық фильмдер Венецияда таныстырылады

«Қазақстанды аш: аудиовизуалды дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктер» атты іс-шарада мынадай картиналардың трейлерлері көрсетіледі: «Өзен» (реж. Э.Байгазин), «Әруақ» (реж.Х.Ахметов), «Әміре» (реж. Д.Веспа), «Талан» (реж. Б.Қалымбетов), «Ол» (реж. А.Сатаев), «Алмас қылыш» (реж. Р.Әбдрашев), «Анаға апарар жол» (реж. А.Сатаев), «Оралман» (реж. С.Құрманбеков), «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» (реж. Т.Теменов), «Шыңырау» (реж. Ж.Жетіруов), «Жат» (реж. Е.Тұрсынов). Бұдан бөлек «Күлтегін»  (реж. А.АӘбілдинов), «Jumper» (реж. АрманБейсембаев) және «Мұзбалақ» (реж. Т.Майдан, Т.Төлеуғазы) сынды анимациялық фильмдердің трейлерлері көрсетіледі.

Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева бұл шара жайында: «Бұл шара біздің киномыз бен мәдениетіміздің дамуына әсер ететіндіктен, қазақ кинематографистері мен мәдениет қайраткерлері үшін өте маңызды оқиға болып отыр. Осыған орай, мен көркем өнерді бағалай  білетін Венеция қаласына шақырып, біздің кинематографиямызды таныстыруға мүмкіндік бергені үшін италиялық ANICA халықаралық департаментінің басшысы Роберто Стабилеге алғысымды білдіремін. Біздің шарамыз тарихы терең және беделді кинофестивальдердің бірі Венеция кинофестивалі өтіп жатқан уақытта өткізіліп жатқаны көңіл қуантады,» - деп айтты.

Сондай-ақ, шара барысында ҚР Мәдениет және спорт министрілігі құрылтайшысы болып табылатын «Еуразия» кинофестивалі таныстырылады. «Еуразия» – Халықаралық киноөндірушілер қауымдастығы (FIAPF) аккредитациясынан өткен Орталық Азиядағы ең ірі кинофорум.

Венецияға баратын делегация құрамында Болат Қалымбетов, Тоқтар Қарсақбаев, Талға Теменов бастаған режиссерлер мен актер Санжар Мадиев және өзге де кино саласының мамандары болады. Делегацияның құрамында Еуразиялық жоба нарығында жүлделі  екінші орын алған (жүлде – «А» санатындағы кинофестивальге жолдама) жас режиссер Асхат Кучинчереков те бар. Eurasia Film Market халықаралық кино нарығы 2018 жылдың шілде айының 1 мен 4 аралығында XIV халықаралық «Еуразия» кинофествалінің  аясында Астана қаласында өткенін естеріңізге саламыз.

75-і Венеция кинофестивалінің «Көкжиек» атты конкурстық бағдарламасында Қазақстан атынан Эмир Байгазиннің «Өзен» картинасы қатысады. Бұл картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» АҚ, Emir Baigazin Production-де түсірілген. Бұдан бөлек, режиссер Эльдар Шибановтың «Секс, қорқыныш және гамбургерлер» атты  19 минуттық картинасы да кинофестивальдің негізгі бағдарламасының қысқа метражды фильмдер секциясында байқауға қатысатын болады.

Соңғы жаңалықтар