«Әліппе» мен «Букварь» базалық оқулықтары дайындалуда
Аталған жиында алдымен мектепке дейінгі білім жайы сөз болды. «Бүгін мемлекет-жекеменшік әріптестігі жақсы дамып келеді. Жекеменшік балабақшалар үлесі 30 проценттен асты. Ал 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 93%-ке жеткіздік. «Балапан» бағдарламасы арқылы балабақшалардағы жалпы орын саны халықтың сұранысынан асты. Бірақ аймақтарда дисбаланс бар. Әсіресе Алматы мен Астанада дефицит үлкен. Одан кейінгі маңызды жұмыс – балабақшаға кезекке тұру мен жолдама беруді толығымен электронды форматқа ауыстыру. Сонда кезек жария түрде және тез жылжитын болады» деді Е.Сағадиев. Министрліктің хабарлауынша келесі жылдан бастап 0-ші сынып тәрбиешілері мен мұғалімдерді дайындау жұмысы басталады. Латынша «Әліппе» және кирилицада «Букварь» базалық оқулықтарын дайындау жұмысы жүріп жатыр. Оқулықтар 2020-2021 оқу жылына дайын болады. Орта білімге өткен жылы көп көңіл бөлінді. Бұл деңгейде кестеге сәйкес жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары жалғасуда. Жаңа оқу жылынан бастап 3, 6, 8-ші сыныптар мазмұны жаңартылған бағдарламамен оқи бастайды. 4, 9, 10-шы сыныптарда апробация басталады. «Қазіргі күні республика бойынша оқулықтарды мектептерге жеткізу 99,4 процентті құрады. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін көп жұмыс атқарылды. Биыл оқулықтардың сапасы жоғары болады деп сенеміз. Оқулықтардың электронды нұсқалары енгізілді», деді министр.
«Информатика» пәні 3-ші сыныптан басталады
Сонымен қатар ведомство басшысы осы жылы 1-11 сыныптарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары бекітілгенін, енді тек қана бір типтік оқу жоспары болмайтынын, бірнеше типтік оқу жоспары дайындап бекітілгенін атап өтті. Соның негізінде мектепке өзіне келетін жоспар бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік берілгенін, барлық мектепке осы ТОЖ-дар арқылы академиялық дербестік беруді дұрыс деп есептейтінін жеткізді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7 сыныптарда «Өлкетану» курсы алғаш рет енгізіледі. Оқулықтар мазмұнын өңірлерде құрылған авторлық топтармен бірге жасадық. Бүгінде оқулықтар дайын. Айта кететін тағы бір жайт, биыл «Информатика» пәні 3 сыныптан басталады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында информатика сабағы келесі жылдан 1-2 сыныптарға енгізіледі. Оның бағдарламалары дайындалуда. Цифрлы білім беру ресурстары белсенді қолданылуда, деді Е.Сағадиев.
Жиын барысында Білім және ғылым министрі электронды құжаттарды кең жолақты интернеті жоқ мектептерде ғана қағаз түрінде толтыруға рұқсат берілетінін атап өтті.
Сонымен қатар Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жаңа оқу жылынан бастап жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 205 мың мұғалімнің жалақысы 30%-ке көбейгендігін айта кеткен жөн. Және биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Бұл біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30%-тен 50%-ке дейін қосымша үстемеақыны қарастырады. «Аттестаттауға мамыр айында 60 мыңға жуық мұғалім қатысып, 36 мыңнан астамы аттестациядан өтті. Олар 63 процентті құрады. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді. Сонымен бірге ағымдағы жылы 110 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. 8 мыңнан астам пән мұғалімдері жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда оқуда. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріседі», деді Ерлан Кенжеғалиұлы.
Гранттар университеттерге емес, балаларға беріледі
Биыл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы бойынша қосымша 20 мың грант бөлінгені белгілі. Соңғы уақытта ұялы телефондарға көптеген жоғары оқу орындарынан «шектік балды жинасаң болды, оқу орнымызға қабылдаймыз» деген мазмұнда хаттар легі келіп жатқаны жасырын емес. Осы орайда журналистер тарапынан қойылған сауалға министр өз ойын білдірді.
«Біріншіден, гранттар университеттерге емес, балаларға беріледі. Өзінің грант иегері атанғанын кез келген түлек интернет ресурстары арқылы білуге толық мүмкіндігі бар. Ал жаңағыдай тарап жатқан ақпараттар сенімсіз хаттар деуге болады. Егерде университет жарнама ретінде немесе белгілі бір түлекке өздерінің гранттарын береміз десе, біз бұл мәселеге ешқандай қарсылық таныта алмаймыз. Бұл оқу орнының өзінің ішкі мәселесі», деді ол.
Білім және ғылым министрі қыркүйектегі маңызды мәселелердің бірі жатақхана жайына да тоқталып, осы орайда атқарылып жатқан мәселелерге мән беріп өтті.
«Жатақхана мәселесіне қатысты Елбасы бастамасымен жаңа механизмді бекіттік. Жатақханаларды жекеменшік компаниялар, университеттер салса, инвестициялық қаржысын 8 жылда қайтарып беретін боламыз. Қазір бізде 77 мың орынға есептелген жатақхана құрылысын салу үшін өңірлерден жер бөлінген болатын. Алдағы уақытта осы мәселе төңірегінде жұмысты жалғастыратын боламыз», деді министр.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»