Қазақстан • 30 Тамыз, 2018

Абылайдың ақ үйі

1390 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биылғы тамызда Петропавлдағы «Абылайдың ақ үйінің» қалпына келтіріліп, халықтың көз қуанышына айналғанына 10 жыл толып отыр. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылғы 21 тамызда салтанатты жағдайда ашқан еді. 

Абылайдың ақ үйі

Қазір осы облысқа кел­ген барлық мәртебелі мейман­дар­ға, саяхатшылар мен жүр­гін­ші­л­ерге, жеке адамдарға кел­­ген қо­нақтарға, құдалар мен жег­жат­тарға қала бас­шылары мен тұрғ­ындардың мақ­та­ныш­пен көр­сететін меке­ні осы. Жер­гі­лікті ақындар «Абылай­дың ақ үйі – халқы­мыз­дың бақ үйі» деп басталатын өлеңдер мен жыр­лар шығарған, бірнеше кі­тап­тар жазылған. Осында оқ­у­шы жастарға, студент­тер­ге тарих сабағынан дәріс­тер оқы­­лып, экскурсия­лар да жа­с­а­­лып тұрады. Абылай­дың қазақ халқына сіңірген еңбе­гін, өмірі мен атқарған қыз­­ме­тін мұнда келген жан­дар­ға Әсем­­гүл Қыдырбекова бас­та­ған серуен­­детушілер қызықтыра баяндайды. Бір сөзбен айтқанда, қазір «Абылай­дың ақ үйі» қызыл­жар­­лық­тардың ғана емес, онда бар­ған барлық жанның рухани жаң­ғыруына сүбелі үлес қосып отырған сүйікті орын. 

Осы үйдің жер бетінен жоға­лып кетпей, қалпына келті­ріліп, халықтың қазынасына айналуы­на қолдан келген көмегімізді жаса­ған адамның бірі едік. Бүгін тарих­қа айналған сол кезеңді еске түсіріп кеткенді жөн көрдік. 

1998 жылы біз Жекеше­лен­­­діру және мемлекеттік мүлік комитетіне қызметке ауыс­­­тық. Осында жүріп мем­ле­кет­­тік мүліктер тізімінен «Дом хана Аблая» деген ғима­рат көзімізге оттай басылды. Қызыл­жарда «Абылайдың ақ үйі» болғанын бұрын жұрт­тан естіп жүрсек те оның мем­­лекет­­тік тізілімге нақ сол атау­мен алынғанын білмейтін едік. Бізде қазақтың тарихына қа­тыс­ты дүниелердің бәрі миф, жал­ған, ойдан шығарылған деген ұғым қалыптасқаны жасырын емес қой. Сондай­ды тіп­ті кейбір тарихпен үстірт ай­на­­лысатын ғалымдарымыз, әде­биетшілеріміз де көп уақыт малданып келеді. Абылайға қатысты ауыз әдебиеті арқылы жеткен тарихқа, ерліктер мен өрелі істердің бәріне күдікпен қарау орын алған. Оның үстіне қазақтың хан-сұлтандары, бай-бағыландары ресми идеология арқылы халыққа ұнамсыз, жеккөрінішті етіп сипатталатын. Ақын Ғафу Қайырбековтің «Өзге жұрттың хандары керемет боп, біздің хандар қалайша жаман болған?» деп жырлайтыны да сол тұста. Осы өлеңі үшін Ғафаңды ОК-ге шақыртып, «ақыл» айтып, «адасудан» сақ­тан­дырғанын білеміз... 

Міне, осындай идеологияның кесірінен Абылайдың ақ үйіне деген көзқарас халық арасында түзу болмады. Қаладағы әске­ри бөлімнің аумағындағы бұл нысанға айтарлықтай мән берушілер болған жоқ. Алматы­дан сол үйді көрмек болып келген ақын-жазушыларға, тарихшы ғалымдарға жергілікті журналистер мысқылмен қарап, күліп жүретінін де көзіміз көрді. 

Жаппай жекешелендіру жүргізіліп жатқан тұста «Абы­лай­­дың ақ үйі» де В.Поляков деген біреуге саты­лып кетті. Сатылу келісім­шар­тында алушы үйді алғаш­қы қал­пына келтіреді деп жазыл­ғаны­мен, бұл талап сақталмаған. В.Поляков үйдің құрылысқа қажетті материалдарын суырып алып, қаңқасын ғана қалдырып, жөніне кеткенін артынан білдік...

Сол жылдары қала тұрғын­дарының бірі Кенжебек Әбішев деген ақсақал «Абылайдың ақ үйі» туралы әңгіме айтып, оны қай­­тадан қалпына кел­тіру­ді армандап жүретін. Өзі Қызыл­­­жарда туып-өскен, әкесі Фазыл да қаланың ежелгі тұр­ғы­ны, дәу­летті кісілер болған екен. Кезін­де бұлардың үйіне қазақ­тың оқыған жастары, соның ішін­де Мағжан Жұмабаев та келіп жүрген. Осы кісімен біз «Абы­лай­дың ақ үйі» туралы же­ке­­мен­шік «Күннәр ТВ» теле­ар­на­сында хабар да жасаған болатынбыз. 

Сөйтіп жүргенде, 2003 жылы 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама бо­йынша тарихи, мәдени ма­ңызы бар мұралар қалпына кел­ті­рі­летін болды. Облыстық мә­де­ниет басқармасындағы тари­хи, мәдени ескерткіштерді қор­ғау бөлімінің басшысы Л.Со­ро­­котя­га деген ханым осы талап­қа орай Петропавлда қал­­­­­пы­­на келтірілуі керек деген ес­­керт­­кіштердің қатарына «Абы­­лай­­дың ақ үйін» кіргіз­бепті, ке­рі­­сінше оны қайтадан қал­­пы­на келтіруге болмайды, сы­рып тас­тау керек деген акт жасап, оған бірнеше өлке­тану­шы бел­сен­ділердің қол­дарын қойдырыпты. 

Бұл туралы естіген Кенжебек ақсақал күйіп-пісіп, сол күні маған жеткізді. Біз қала әкімі­нің орынбасары Т.Құлжановаға барып, әңгіменің растығын анық­­тадық. Сөйтсек, бағдар­ла­ма­­ның шеңберінде қалада қалпына келтірілуі керек деген ескерткіштердің тізімі жасалған екен, оның ішінде тіпті Лениннің де ескерткіштері жүр. Казанцев, Ганшин, Янгуразов және т.б. көпестердің үйлері де бар. Ал Абылайдың үйі жоқ, оны сырып тастау керек деген акт тұр... 

Бұл намысқа қатты тиген жайт болды. Қазақтың ұлттық мұрасына жаны ашымайтын біреулер қашанғы осылай сыртымыздан пішіп, жер бетінен жоқ қыла береді деген ой қа­ны­­­мыз­ды басқа шаптырды. Содан Кенжебек ағай екеуміз му­ни­­ци­палдық телеарнаға келіп Әди­гүл Қизатова деген қарын­дасы­­­мыз­ғ­а болған оқи­ғаны айтып, сұх­­бат бер­дік. Екеу­міз де «Абылай­­­дың ақ үйі­нің» жер бетінен жо­­­ға­луы әді­­лет­­сіз­дік екенін халық­қа ашы­­на жет­кіздік. Бұл хабар­дан ке­йін рес­­пуб­ликалық «Егемен Қаза­қ­­стан», «Қазақ әдебиеті», «Алтын Орда», «Алаш үні», «Азат», облыстық «Солтүстік Қазақ­стан» газеттеріне қазақша, рес­­пуб­ликалық «Казах­стан­ская правда» мен жер­гілікті «Пано­рама» газеттеріне орысша бір­неше мақала жазып, халықты ара­шаға шақырдық. Респуб­ли­ка­лық және облыстық телеарналар жаңалықтарынан айтып, хабарлар ұйымдастыруға қатыстық. Осы дүмпулер жер­гі­лікті басшылықтың Абылай ханның үйіне назарын аудартып, облыс әкімінің сол кез­дегі орын­басары Қуат Есімханов жер­гілікті тарихшы­лар, өлке­тану­шылар, журналистер мен білікті ақсақалдарды және осы салаға қатысты барлық шенеуніктер­ді қатыстырып, үлкен мәжіліс өт­кізді. Бұл жиналыста бізді бел шешіп қолдағандар бола қойған жоқ, бірақ мәжілістің шешімімен облыстық архивтің директоры Жұқаш Қосыбаев екеумізді Санкт-Петербургтың мұражайына қосымша дерек­тер әкелу үшін іссапарға жібер­ді. Осы мәжіліс туралы сол кез­дегі облыстық газеттің бас редак­торы, қазіргі Мәжіліс депутаты К.Мұсырман «Егемен Қазақ­стан» газетіне егжей-тегжейлі жазды («Намысұлы», «ЕҚ»., 21.03.2009 ж.)

Санкт-Петербург архивінде 10 күн жұмыс істеген біз одан нақ­ты дерек таба алмағаны­мызбен қажетті құжаттардың Мәс­кеу­дегі сыртқы істер ми­нистр­­лі­гінің архивінде екенін анық­­тадық. Келе сала сол архив­ке хат жазған едік, көп уақыт жауап болмады. «Сабақты ине сәті­мен» деген емес пе, сол жылы «Қазақ­станның Ресейдегі жылы» аталып жатқан. Соны атап өту шең­берінде Қуат Есім­ханов аға­мыз Мәскеуге бара қалып, ел­ші­ліктегі жігіт­тер­ге осы құжаттарды іздеуге мұ­рын­­дық болуды өтініп келді. Ақы­ры... 2003 жылғы қара­шаның 18-де жауап келіп, онда Петропавл қорғанында Абылай сұлтанға арналып 1762-1765 жыл­дары үй салынғандығы және үйдің жоспары қоса жібе­ріл­ді. Бұл құжатты мен сол күні «Егемен Қазақ­станның» бас редакторы Ержұман Смайыл ағаға факс­пен жіберіп, ертеңінде газетке «Абы­лай­дың ақ үйі: Аңыз емес ақиқат!» деген тақырыппен бірін­ші бетіне жарқ ете қалды... Сөй­­тіп аузы дуалы бас газет Абы­лай ­ханның Қызылжарда үйі бол­­ғанын дәлелдейтін құжат­та­р­ды ал­ғашқы болып жариялады. 

Деректер табылып, үйдің болғандығы дәлелденгенімен, жөндеуді іске асыратын қаражат керек қой. Республикалық бюджеттен бұл іске қажетті қыруар қаржы бөлдіру кез келген әкім­нің қолынан келе бермейді. Сол кезде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып танымал дипломат, білікті басшы Тайыр Мансұров келе қалды. Бұл кісі үйдің маңызын бірден түсініп, оның құжаттарын Пре­зи­дентке көрсетіп, ақыры бюд­жеттен қажетті соманы бөлдір­тіп, қазіргі тұрған тамаша үйді қалпына келтірткен еді. 

Әрине бүкілхалықтық қа­жет­ті істің маңызын таны­май, жағадан алмаса да, аяқтан шалу­ға тырысқандар болды. Бұ­лар­­­дың айтатыны: Абылайға салын­­ған үй ағаштан болатын, ал мынау қалпына келтірілген үй тастан салынған. Онысы бір жағынан рас, ханға салынған үй ағаштан болған. Бірақ Петро­павлда бірнеше рет үлкен өрт болып, соның ішінде бір рет 450 үйге дейін күйген. Ішінде хан­ның үйі де болған. Бірақ арты­нан кірпіштен қалап, қалпы­на келтірген. Оны халық «Абы­лай­дың ақ үйі» деп өмір бойы атап кел­ген. Бұл туралы Мәшһүр Жү­сіп, Шәді төре, Үкілі Ыбырай, Сәбит Мұқанов және т.б. жүз­д­еген ақын-жазушылар, қалам­гер­лер жазған. 

Абылайдың өзі 1759 жылы патшаға хат жазып, Петропавл қорғанының түбінде екіжақ­ты жәрмеңке ашқызуды ұсын­ғаны туралы құжат та бар. Осы жәрмеңкеге Ресейден ғана емес, Хиуа, Бұқарадан да көпес­тер келіп, көбі қоныстанып қал­ған. Қызылжар қаласы со­дан өсіп шыққан. XVIII ғасыр­дың аяғында қала басшысы В.Черемисинов: «Вскоре крепость св. Петра сде­ла­лось главным пунктом мено­вой торговли с Хивой, Буха­рой, Ташкентом и мало по малу на луговой части берега реки Ишим осело смешанное насе­ление из переселившихся бухарцев, ташкентцев и наехавших татар, среди которых русские составляли только военный отряд» деп жазды. Ал қырға салынған алғашқы үй Абылай хандікі болатын... Сондықтан осы қаланың шағын қамалдың аты емес, «Абылай хан» аталатын кезі де жетті.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»