Бокс • 03 Қыркүйек, 2018

Өрендер Элистада жұдырықтасады

259 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1-5 қыркүйек аралығында Ресейдің Элиста қаласында бокстан студенттер арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Осымен жетінші мәрте ұйымдастырылғалы отырған айтулы жарыста елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Дастан Сәдуақасов жетекшілік ететін Қазақстан құрамасы да өнер көрсетеді. 

Өрендер Элистада жұдырықтасады

Қалмақ елінің астанасындағы додада Қазақстанның алты студенті бақ сынайды. Солардың арасынан Дастан Сәдауқасовтың төл шәкірті Бекболат Құрамысовты бөле-жара атауға болады. 69 кило салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген Атырау облысының түлегі осыдан екі жыл бұрын студенттер арасында Таиландта өткен әлем чемпионатында күміс медальді иеленіп, Тәжікстандағы Азия біріншілігінде қолаға қол созды. Шымкенттегі ел чемпионатында ол үшінші орынға табан тіреп, Дүниежүзілік бокс сериясы додасында «Астана арландары» сапында үлкен тәжірибе мектебінен өтті.

Бекболаттан бөлек, 60 кило салмақ­­­тағы Ержан Ордабаевтың да әлеуеті жоғары бағалануда. Танымал бапкер Сәрсенбай Торғаевтың қол астында жаттығатын былғары қолғап шебері осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан чемпионы атанып, Мұнайлы елдер арасында дәстүрлі түрде өтіп тұратын әлем кубогы жолындағы жарыстың жеңімпазы болды. Сондай-ақ айтулы додада Абылай Қуандықов (52 кило), Ерасыл Шоқанов (56 кило), Амандық Манашев (75 кило) және Аят Маржықбаев (81 кило) сынды боксшылар шаршы алаңға шығады.

– 2016 жылы Таиландтың Чианг-Май қаласында өткен әлем чемпиона­тына ел құрамасын өзім бастап апар­ған едім. Сол кезде өте жақсы өнер көр­сетіп, алты өреніміз жеңіс тұғыры­на көтерілді. Атап айтсақ, Дидар Өтел­баев, Әли Ахмедов және Нұрсұлтан Аман­жолов алтын алса, Бекболат Құра­мысов күміс­­­пен күптелді. Ал Ертуған Зейнулинов пен Рахат Маржықбаев қолаға қол жеткізді. Биыл ол нәтижені қайталау қиын болады. Себебі, команда қайта жасақталды. Бұрынғы мықтылардың орнын дарынды жастар басты. Олардың дені әлі де осындай ірі дүрмектерде жеңістің дәмін татып көрмеген. Десек те Элистада кемінде бір алтынға қол жет­кізіп, бірнеше жүлде алу үшін жа­нымызды салып айқасамыз, – дейді Қазақ­станның студенттер құрамасының аға жаттықтырушысы Дастан Сәдуақасов.

Естеріңізге сала кетейік, студенттер арасындағы әлем чемпионаты 2004 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Анталияда өткен алғашқы жарыстан жерлестеріміз құралақан оралған. Есесіне 2016 жылы Алматыда жалауы желбіреген додада 6 алтын, 2 күміс және 3 қоланы қоржынға салдық. Сол кездегі командалық бас жүлде бізге бұйырды. 2008 жылы Қазанда 1 алтын, 5 күміс және 2 қоланы иелендік. 2010 жылы Ұлан-Батырда 1 алтын, 4 күміс және 4 қоланы еншіледік. 2012 жылы Бакуде 4 қола медальді қанағат тұттық. 2014 жылы Якутскіде 2 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлдені олжаладық.

Осыдан екі жыл бұрын Тай елінде жалауы желбірген дүниежүзілік додада 3 алтын, 1 күміс және 2 қоланы қан­жығасына байлаған Қазақ елінің сту­денттері командалық есепте екінші орын­ға жайғасқан еді. Сол жарыста жер­лес­теріміз тек Ресейден ғана қалып қойды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ