«Серілердің серісі» атанған әнші, ақын, сазгер, балуан Мұхамедқанапия (Сегіз сері) Шақшақов киген шекпен жергілікті тарихи-өлкетану музейіне салтанатты жағдайда тапсырылды.
Атақты тұлғаның туған жеріне Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Үштөбе ауылынан арнайы келген Есімбек ақсақал мен Бақытжамал әжей отбасында 52 жыл бойы көздің қарашығындай сақтап келген аса қымбат жәдігерді дүйім жұрттың көзінше тарту етті. Көп жыл бойы партия, кеңес органдарында абыройлы қызмет атқарған Есекеңнің тарихтың түбін тереңнен түптей ақтарған ескірмейтін естеліктерін тыңдай отырып, баба өмірінің тылсым сырларына бірге бойлағандай боласың. Көненің көзіндей көрінетін қарияның айтуынша, шидем шекпеннің 172 жылдық тарихы бар көрінеді. 1846 жылы Ұлытауды қоныс еткен Сандыбайдың Ердені Сегіз сері Баhрамұлының бір топ серіктерімен Сыр бойынан Арқа жаққа бет алғанын естігеннен кейін арнайы кісі жіберіп, қонақ болып кетуін өтінеді. Атағы жер жарған батырды үлкен ілтипатпен қарсы алып, кетерінде қазақтың салтымен астына ат мінгізіп, иығына түйенің жүнінен тоқылған шекпен жабады. Осы сапарында Сегіз сері Омбыдағы орыс-түзем мектебінде бірге оқыған досы, әскери бекіністе кеңесші, тілмаш қызметін атқаратын Жиенәлі Досқожаұлына соғып, аунап-қунап қайтады. Қимастықпен қоштасар сәтте аға сұлтан сыйға тартқан шекпенді кигізеді.
– Содан, – деді, сөзін сабақтаған Есімбек ақсақал бір жөткірініп қойып. Жиенәлі патшаның әскери қызметінен босаған соң Қорған болысында халық арасынан сайланған би болады. 1901 жылы 82 жасында немері інісі Өсіп екеуі қажылыққа барады. Бұл әулет шекпенді қасиетті дүниеге балап, ерекше қастерлеген. 1902 жылы Жиенәлі дүниеден өтіп, Өсіпке мұралыққа қалады. Ақтық демі таусыларда інісі Омарға аманаттап кетеді. Ол ұлы, менің әкем Мұқанжарға қалдырады. Одан біз ие болдық.
Бақытжамал апайдың айтуынша шидем шекпен таза түйе жүнінен тоқылып, шыт, кеңірдек барқытпен көмкеріліп, қапталғандықтан өте мықты, төзімді. Су тиген сайын ширығып, қалыңдай түседі. Бесаспап сыртқы киімнің басқа да артықшылығы көп. Арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де қаз-қалпында сақталған деуге болады. Бойы екі метрдей адамға шақталғанына қарағанда, бабамыз ірі, батыр тұлғалы болған тәрізді. Сол жақ жағасында оң жақтағы ілгекке кигізіліп, алқымды қымтайтын сопақ жаңғақ тәрізді зергерлік бұйым «бұлбұл түйме» тағылған.
Жиында сөйлегендер бұл жәдігердің орны бөлек, құны ерекше, бабамыздың иығында болған, иісі сіңген дей келіп, биыл атап өтілген 200 жылдық мерейтойына арналған баға жетпес сыйлық ретінде қабылдады. Құнды дүниені меншігіндей сақтап, туған жеріне әдейі аманаттап әкелген Омаровтар әулетіне деген шынайы ризашылықтарын жеткізді.
Тағылымы мол әдемі кеште Сегіз серінің әндері шырқалып, Есімбек аға бастап келген делегация мүшелеріне үлкен құрмет көрсетілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы